«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Арманым — Олимпиада шыңы”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының жігіттері ғана емес, бұрымдылары да батыр келеді. Томиристен бері қарайғы тарихымызда жаумен жалғыз өзі айқасқан аруларымыз аз болмаған. Бүгінгі бейбіт заманда да білекті әрі жүректі қыздарымыз баршылық. Солардың бірі – “Qyzyljar arlandary” клубының белді мүшесі, дзюдо спортынан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Еуропа кубогының қола жүлдегері Назгүл Маратова. Жақында балуан қызбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сіздің ер-азаматтарға тән спорт түрімен айналысып, үнемі алы­­сып-жұлысып жүргеніңізге туыс-туғандарыңыз қалай қа­райды?

– Сұрақты туыс-туғандарымнан бастадыңыз ғой. Өзімді таныстыра кетейін. Мен Шығыс Қазақстан об­лы­сы, Үржар ауданы, Малақ ауылының ту­ма­сымын. Жетінші сыныптан бастап Петропавлда тұрып жатыр­мын. Ме­­нен үлкен ағам бар. Жалпы отбасым – менің ең бірінші жанкүйерле­рім, қолдаушыларым десем де бола­ды. Олар әр жарыстан соң мені ерек­ше күтіп алады. Ұтылған кезде еш­қашан сөккен емес. Әке-шешем де, ағам да дзюдоға қатты жандар емес, бірақ менің қарсы­лас­тарымды, олар­ға жа­са­ған айла-тә­сілдерімді, қай күні кім­мен күрес­кенімді жатқа біледі.

– Неше жастан бастап күрес­пен айналыса бастадыңыз?

– Жалпы дзюдо спортына құш­тар­лық төртінші сыныпта оқып жүр­ген кезде пайда болды. Ол уақытта ауыл­да тек самбо және дзюдо кү­ре­сінен басқа спорт секциясы бол­ма­ды, сондықтан екеуінің біреуін таң­да­уыма тура келді. Көбіне ұлдармен бір­ге жаттыққаннан болар, мінезім де со­ларға ұқсай бастаған соң анам басқа спортқа бермек болды. Ба­рынша таң­дауымды өзертуге ты­рыс­ты. Ал әкем болса өз-өзімді қор­ғай алуым үшін осы спорт лайықты екенін айтып, екеуі де рұқсаттарын берді. Жетінші сыныпта Петропавл­дағы спорттағы дарынды балаларға арналған об­лыстық маманданды­рылған мектеп-интернатта оқу тура­лы ұсыныс түсті. Әрине, мұндай мүм­кіндікті қалт жібер­мейін деп ұсы­нысты қабылдадым. Бапкерім Нұр­лан Ерғазынов менің дзюдоға деген қызығушылығымның одан сайын артуына септігін тигізді. Мұнда да негізінен ұлдармен бірге жаттықтыр­ды. Соның арқасында түрлі күрделі әдіс-тәсілдерді меңгер­дім, шыңдал­дым, кәсіби тұрғыда өс­тім десем де болады

– Алғашқы жеңілісіңіз бен жеңген сәттеріңіз есіңізде ме?

– Ең алғашқы жарысым күні кеше­гідей көз алдымда. Дзюдо күресімен айналысқаныма бір ай да тола қой­маған. Талдықорған қаласында өте­тін халықаралық жарысқа қаты­са­тын болдым. Жеңіліп қалып, қатты налы­ғаным есімде. Алты ай өткен соң, яғни 2009 жылы Ақтау қала­сында өткен ел чемпионатына ба­рып, үшін­ші орынға ие болдым. Қатты қуан­дым. Ал 2010 жылы Се­мей қаласын­да өткен кезекті ел біріншілігінде топ жа­рып, алтыннан алқа тағындым. Осыдан кейін жеңіс­ке деген құлшы­нысым арта түсті. Нәтижеге жұмыс істеуге кірістім.

– Дзюдо спортынан үлкен жетістіктерге жету үшін спортшы­ға қандай қасиеттер қажет?

– Нақты формуласын айту қиын. Өзімді мысалға келтірейін. Дзюдоға алғаш келгенде өте кішкентай едім. Оның үстіне нәзік, еркелігім басым болды. “Болат қайнауда шынығады” дегендей темірдей тәртіптің, үздіксіз жаттығулардың арқасында шыңда­ла бастадым. Болашақта чемпион бола­ды-ау деген балаларды мінезі­нен та­нуға болады. Қимылдары да өзгеше келеді. Ең алдымен, намыс­шыл бол­ғаны жөн. Олай дейтін се­бебім, адамда намыс болмаса, ал­ғашқы же­ңілісінен кейін жасып қалуы мүмкін.

– Өмірде үлгі тұтатын, бозкі­лемде бақ сынасқыңыз келетін спортшы бар ма?

– Шыны керек, спорттық жо­лымдағы басты бағдарым – бапке­рім Нұрлан Ерғазынов. Сәтсіздікке ұшыра­ған сайыстарда жігерімді жа­сыт­пай, рухымды көтеріп, намы­сымды қайрай біледі. Ауыр жара­қаттардан кейін де сағымды сындыр­май, мықты екенімді айтып, өзіме деген сенімімді арттырады. Жеткен жетістіктерім әуе­лі Құдай­дың, екінші сол кісінің ар­қасында деп білемін. Ал үлкен спортта жа­пониялық Тадахиро Номураны үлгі тұтамын. Оның боз кілемдегі бел­десу мәнері мен жеңіске деген жігері ерекше. Сол секілді Олимпиада чем­пионы атансам деген арманым бар. Ол – әлем тарихындағы дзюдо күресі­нен алғашқы үш дүркін олимпиада чемпионы. Мен де Қазақстан тарихын­дағы дзюдо күресінен Олим­пиада алтынын алған алғашқы қазақ қызы болғым келеді.

– Қазір әлемдік және олимпия­лық рейтингте 32-ші орында тұрсыз. Төртжылдықтың басты бә­секесі де жақындап қалды. Па­риж татамиінде топ жаруды ар­ман­дай­тын шығарсыз?

– Әрине, басты арманым – төрт жылда бір келетін жаһандық додаға қатысып, топ жару, тарихта қалу. Ма­ған үлкен жауапкершілік жүктеле­тінін жан-тәніммен сезінемін. Ше­телдегі ірі халықаралық турнирлерге қаты­сып, шеберлігімді шыңдап қана қой­май, іштей Парижге дайындалып жүр­мін. Жарақаттан аман болып, ба­бымнан айырылмасам, биік белесті бағындыратыныма сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp