«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кім қанша төлейді?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес жыл сайын белгіленеді. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы қаңтардан бастап МӘМС үшін кім қанша төлейтінін анықтады.

Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ол биыл өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне бай­ла­нысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты.

Жұмыс берушілер қызмет­керлері үшін – жалақының 3 пайыз мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК-тен (700000 теңге) аспауы керек, яғни жұ­мыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21000 теңгені құрайды.

Қызметкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер – табысының 2 пайызын төлейді. Бұл ретте ақша аударымының ең жоғары сомасы 14000 теңгені құрайды.

Жеке кәсіпкерлер – ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлше­рінің 5 пайызын немесе 4900 теңге төлейді.

Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын­дары үшін бірыңғай жиынтық төлем көлемі 1 АЕК-ті құрайды, яғни 3450 теңге. Қалған елді мекендердің тұр­ғындары үшін бірыңғай жиынтық төлем көлемі 0,5 АЕК, яғни 725 теңге.

2023 жылдан бастап арнайы са­лық режімдерін қолданатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін – 15, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10 пайызын құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 есе­ленген мөлшерінен аспауы тиіс.

Бұдан бөлек, мемлекет 15 же­ңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4505,6 теңгені құрайды.

Сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дер­бес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеулеріне болады. Мыса­лы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқ­санға дейінгі әр айға жеке-жеке 3500 теңгеден төлем жасау керек.

Көпшілік екі жерде жұмыс іс­тейтін қызметкерлер жарналар мен аударымдар мөлшерін жалпы кі­ріс­тен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу арқылы төлеу керек пе деген сұрақ қояды. Бұл суалдың жауабын мы­сал­мен түсіндіргенім жөн болар. Қыз­меткердің бір ұйымдағы жалақысы 500000 теңге, ал екіншісінде – 300000 теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жарналар мен аударымдарды есептеу үшін ай сайынғы табыс 10 АЕК-тен аспауы тиіс. (10 * 70000 = 700000 теңге). Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарас­тырылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйымдағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК аспайды: 500000 теңге < 700000 теңге; 300000 теңге < 700000 теңге. Демек, аударымдар жала­қының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500000 теңге * 3 пайыз = 15000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар); 300000 теңге * 3 пайыз = 9000 теңге (екінші жұ­мыс орнынан МӘМС-ке ауда­рымдар).

Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кі­рістерін қосуыңыз керек (яғни жалпы барлық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отырған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК асып түседі (500000 + 300000 = 800000 тең­ге). Демек, жарналардың мөлшері жалпы алғанда 14000 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен, 500000 * 2 пайыз = 10000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14000 теңгені құрайды – 10000 (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4000 теңге. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарна­лар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама берілмеген жағдайда, екінші жұ­мыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни 300000 * 2 пайыз = 6000 теңге. Нәтижесінде екі жұмыс ор­нынан төленген жарналар 16000 тең­гені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарнадан жоғары) қайтарылады: 16000 – 14000 = 2000 теңге.

Лариса ГОРДЕЕВА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp