Өркениетті қоғамның басты тірегі – білім мен ғылым. Оған ешкімнің таласы бола қоймас. Ал білімнің кілті – кітапта екені әлімсақтан белгілі. Мұның сырын ерте ұғынған билеушілер, мемлекет басшылары, оқымыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған елінде ең әуелі кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін гүлдендіруге баса назар аударғанын тарихи туындылардан оқуға, көруге болады. Мұндай мәдениет ошақтары біздің өңірімізде де аз емес. Солардың бірі көркемсөздің зергері, классик жерлес жазушының есімін иеленген Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. “Біздің сұқбат” айдарымыздың кезекті қонағы кітапхана жанындағы ұлттық бөлімнің жетекшісі Айнагүл Секренова кітап оқудың маңызы, жастардың газет-журналдарға деген құштарлықтарын оятудың артықшылықтары және қазақ авторларын, төл әдебиетімізді насихаттаудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.
– Айнагүл Әбілқызы, сіз кітапхананың өзегі саналатын ұлттық бөлімге жетекшілік етіп отырсыз. Алғашқы сауалымыз бөлімнің атқарып отырған жұмысы туралы болмақ.
– Бөліміміздің атына заты сай болуы үшін бізге артылып отырған жауапкершілік орасан. Ұлттық бөлімде халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар беретін танымдық дүниелер, әлемдік әдебиеттің жауһары саналатын қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары, балалар әдебиетінің озық үлгілері, сонымен қатар сирек кездесетін, тіпті жалғыз ғана данасы қалған туындылар топтастырылған. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде жарық көріп тұратын мерзімді басылымдарды, журналдарды да біздің сөрелерімізден табуға болады. Біздің негізгі мақсатымыз – тұрғындардың, соның ішінде мектеп оқушыларының кітап оқуға, ізденуге, білуге деген құштарлықтарын ояту, ынталарын арттыру. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. “Кітап – ең жақының, сырласың, қажет болса мұңдасың”. Осы ұстанымды жастар саналарында жаңғыртулары керек. Олар өмірдің қандай кезеңінде болмасын тура жолды, адаспас бағдарды кітаптан ғана табулары қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жыл сайын жоспар құрамыз, атаулы күндерге, даталарға, мерейтойларға қатысты іс-шараларды бекітеміз. Қазақ мектептері оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің кітапханаға саяхатын ұйымдастырамыз. Кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кездесулер, тұсаукесерлер өтетін, тарихтың көне көмбелерімен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Бұл жерде түрлі мәдени, рухани шаралар ұйымдастырылады. Біз былтырдың өзінде 150-ге жуық мәдени жиын өткізіппіз. Оларға қатысып, спикерлердің әсерлі әңгімелерін тыңдағандардың саны екі мыңнан асып жығылды. Яғни рухани ордаға қадам басқан екі мың бала көкейлеріне бір ой түйді, рухани азыққа кенелді деген сөз. Осының өзі бізді қуантады.
– Былтыр елімізде Балалар жылы аталып өтілді. Оның аясында атқарған шаруаларыңыздың да аз емес екенінен хабардармыз. Кітапхананың негізгі оқырмандары балалар ғой. Кітапхананы, соның ішінде ұлттық бөлімді өңірдегі балалардың сүйікті орны деп айта аласыз ба?
– Кітапхана балалардың сүйікті мекеніне айналуы керек. Бұған біздер де, мұғалімдер де, ата-аналар да, тіпті қоғамның барлық мүшесі жауапты. Балалардың барлығы кітап оқуға ынтық, бос уақыттарын кітапханада өткізуге құштар деп айта алмаймыз. Өз заманының заңғар ақыны Шортанбай Қанайұлы: “Сауып ішер сүті жоқ, Ақша деген мал шықты”, – деп жырлапты ғой. Қазіргі уақыттың “ақшасы” – ғаламтор, телефон, әлеуметтік желі. Осылар көне дәуірден бүгінге жеткен кітаппен бәсекеге түсті. Салдарынан адами құндылықтарымыз кенжелеп, ғаламтордың жылдамдығымен бірге жеткен теріс әрекеттер алға озды. Балалардың дені кітапхананың орнына сауда ойын-сауық орындарын, ойын алаңдарын, букмекерлік кеңселерді сүйікті орындарына айналдырған. Бірақ солай екен деп біз қол қусырып отырғанымыз жоқ. Ұлттық бөлімге келіп, қазақтың ертегілерін алып кететін жас оқырмандарымыз баршылық. “Заманың түлкі болса, тазы боп шал” дегендей, жаңа уақыттың игіліктерін пайдалана отырып, ұлттық әдебиетімізді жарнамалауға, балалардың “бетін бері қаратуға” тырысудамыз. Оның бір шоғыры былтыр “Балалар жылы” аясында ұйымдастырылды. Өңірдің қазақ мектептерінде білім алып жүрген оқушылар арасында “Балалар әлемі” деген облыстық айтысты өткізу барысында біраз жайтқа қанық болдық. Қызылжардың топырағынан түлеген қаламгерлердің салған сара жолдары үзілмепті. Сұлтан Жарқынұлы, Бейбарыс Аманжолұлы, Елнұр Оңдасын, Кәусар Төрехан есімді өрендер суырыпсалмалық өнерге төселіп келе жатқандарын аңғартты. Олардың өнеріне сүйсіне отырып, “бұлақ көріп, көзін аша алмай отырған” өзіміз екенін білдім.
“Тіл шеберлігі” атты байқауға қатысқан оқушылар қазақтың аңыз-ертегілерін, жырларын, мақал-мәтелдерін сахналық қойылымдар арқылы көрсеткенде жанымыз жадырады. Біз орыс мектептерінде, сыныптарында білім алып жүрген өрендерді де назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Олардың арасында қазақ тілін үйреніп жүрген, халқымыздың төл мұраларына деген сүйіспеншілігі ерекше, Қазақстанды – Отаным деп мақтанышпен айтатын балалар аз емес қой. Баланың аты – бала. Олар өздерінің таным-түсініктеріне сай безендірілген кабинеттерге, жиһаздарға құштар болады. Біздің бөлімде балдырғандардың кітап оқуларына, қосымша ізденулеріне барлық мүмкіндіктер жасалған.
– Қазақ топырағынан небір дара дүлдүлдер, шешендер, бірауыз сөздері бес атанға жүк боларлықтай ғалымдар, арқалы ақындар, жезтаңдай әншілер шыққан ғой. Олардың көбінің есімі ұмытылып барады. Сол ардақтыларымыздың аты-жөндерін, атқарған еңбектерін насихаттап жүрген екі мекеме бар болса, солардың алғашқысы – кітапхана. Әсіресе мұндай еске алу, тағзым ету шараларынан ұлттық бөлімнің қолтаңбасы анық көрінеді.
– Қазақтың өткен тарихы тағылымға толы. Оның әр қиырынан небір ғұламалардың батыл үндерін естуге болады. Өткенсіз бүгін де, болашақ та жоқ. Қазіргі буынның ішінде, өзімнің қатарластарымның арасында да өткенді сызып тастауға бейім адамдар кездеседі. Оларға ұлтымыздың жүріп өткен жолы, қазақтың қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізген тағдыры, қилы тұлғалардың ғұмырдариялары қызық емес. Соның кесірінен қаншама адам ескерусіз қалып жатыр. Дүниеден өтіп кеткен күннен бастап керексіздердің тізіміне қосылған адам қаншама? Бұл дұрыс емес. Тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан ұрпақ өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты сабақтастыра алулары керек. Біз өңірімізден шыққан Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды алыптардың мерейтойларына ерекше дайындаламыз. Былтырдың өзінде Кәкімбек Салықовтың туғанына 90, Ғалым Малдыбаевтың 120 жылдық мерейтойларына орай ауқымды мерейлі шаралар өткіздік. Олардың ұрпақтары жастарға тағылымды әңгімелерін айтты. Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ақын, журналист Мүталлап Қанғожин көзі тірі болғанда 2022 жылы 85 жасқа толатын еді. Өлеңдерінен ерке Есілдің самалы бетіңді өпкендей, туған жердің топырағында жалаң аяқ жүргендей әсер аламыз. Ол кісінің қайраткерлігі қазіргілерге үлгі болуы керек қой. Біз қолға алған шара осы сауалдарға жауап бере алды деп ойлаймын. Серікбай Құсайынов есімді күйші ағамызды білмейтін адам кемде-кем. Домбыраға әуес, күйшілік өнерге ден қойған үлкенді-кішілі жандарды “дөңгелек үстел” басына отырғызып, оларға Серікбай ағамыздың әңгімесін тыңдатқанымызда қатысушылардың барлығы разы болды. Тірі кездерінде көп еңбек атқарып, дүниеден озғаннан кейін ұмытылған жандар аз емес. Соларды жаңғыртуға ден қоятын бірден-бір орын, ол – ұлттық бөлім. Биыл – Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. Жалпы қазақтың азаттығы жолында қамшының сабындай ғұмырын пида еткен Мағжанның әр жылғы туған күні мерекеге айналуы керек. Биылғы өткізілетін шаралардың ең негізгісі осы болмақ.
– Ұлттық бөлім жанынан құрылған “Жас қаламгерлер клубының” жұмысы туралы айтып өтіңізші.
– Бұл клуб бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны ашар кезде біз кітап оқу мәселесін алға шығардық. Яғни, оқуға құштар жастардың басын біріктіргіміз келді. Қазіргі уақытта клубқа өлең жазуға, айтыскерлікке, мақала, шығарма жазуға бейімі бар жастар мүшелік етуде. Жастар әр ай сайын бір мәрте кездесіп, бір-бірлерінің шығармасын талқылайды. Белгілі ақын-жазушылардың еңбектерімен танысады. Желтоқсан айында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Еркежан есімді жыр жазуға әуес талапкердің шығармашылығына терең бойладық. Қазіргі қоғамдағы кемшіліктерді өлеңдерінің арқауына айналдырған оның аяқ алысы ұнады. Былтырдан бастап “Жас қаламгерлерге тәлімгер” деген жобаны қолға алдық. Оның аясында есімдері өңірімізге белгілі Жарасбай Сүлейменов, Болат Қожахметов, Өмір Есқали, Жақсыбай Самрат есімді жазушы-журналистерді мейман ретінде шақырып, жазу өнеріне машықтанудың жолдары туралы әңгімелерін тыңдау жоспарда бар. Олар білген-түйгендерін айтып қана қоймай, тақтаға жазу арқылы көрсетсе, бұл нағыз тәжірибе болар еді деп ойлаймыз. Өңір мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетіне, өлең шумақтарын, көңілдің кейбір сәттерін қағаз бетіне түсіруге қызығатындар азайып барады. Бұл кітап оқитын балалардың да санының көңіл көншітпейтінін көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта клубымыздың қатарын оқушылармен толықтыруды көздеп отырмыз. Ол үшін әр қазақ мектебімен жұмыс жүргізілуде.
– Барлық білім – кітапта тұр. Бұл – өзгермейтін аксиома. Солай десек те, оны оқымайтындар, қайран уақытын телефонға телмірумен өткізетіндер көбеймесе, азаймай отыр. Бұл олқылықпен қалай күресеміз? Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл – ұлтымызға төнген қауіп. Қазір телефонның экранынан баланы ғана емес, ата-ананы, қариялардың өзін алшақ әкету қиын. Басшылық қызмет атқарып жүргендердің дені дүниенің ағы мен қарасы смартфонда тұр деп ойлайды. Десе де, кітапхананың маңыздылығы ешқашан жойылмайды деп айтар едім. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің ешбірінде кітапханалар дамып, көркеймесе, көбеймесе, жабылып жатқаны жоқ. Мұнда ғаламтордан таба алмайтын, авторлық құқығы қорғалған сирек кездесетін кітаптардың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақталып тұрады. Ал осының барлығын сіз ғаламтордан таба алар ма едіңіз? Жоқ! Бүгін бар дүниенің бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады.
Атауы бүгінге аңыз болып жеткен әлем кереметтерінің бірі – Мысырдағы Александрия мен түркі халықтарына ортақ құндылық – көне Отырар кітапханасын аралайтын туристердің санында шек жоқ. Замана алға жылжып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, титтей де кеміген емес. Өйткені ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро айтпақшы, “адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады”. Біз де ойлы, ұлтын, елін, жерін сүйетін ұрпақты тәрбиелеу үшін күресіп жүрміз.
Жапония, Америка сынды мемлекеттерде дәмханалар, шайханалар, кофеханалар кітапханамен біріктіріле салынады екен. Яғни, кез келген келушіге шай немесе ас ішіп отырып кітап оқуға мүмкіндік қарастырылған. Міне, осы сияқты жаңашылдықтарды бізге де енгізу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.