«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАЛАМТОР – БІР КҮНДІК, КІТАП – МӘҢГІЛІК

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Өркениетті қоғамның басты тірегі – білім мен ғылым. Оған ешкімнің таласы бола қоймас. Ал білімнің кілті – кітапта екені әлімсақтан белгілі. Мұның сырын ерте ұғынған билеушілер, мемлекет басшылары, оқымыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған елінде ең әуелі кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін гүлдендіруге баса назар аударғанын тарихи туындылардан оқуға, көруге болады. Мұндай мәдениет ошақтары біздің өңірімізде де аз емес. Солардың бірі көркемсөздің зергері, классик жерлес жазушының есімін иеленген Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. “Біздің сұқбат” айдарымыздың кезекті қонағы кітапхана жанындағы ұлттық бөлімнің жетекшісі Айнагүл Секренова кітап оқудың маңызы, жастардың газет-журналдарға деген құштарлықтарын оятудың артықшылықтары және қазақ авторларын, төл әдебиетімізді насихаттаудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.

– Айнагүл Әбілқызы, сіз кітап­хананың өзегі саналатын ұлттық бөлімге жетекшілік етіп отырсыз. Алғашқы сауалымыз бөлімнің атқарып отырған жұмысы туралы болмақ.

– Бөліміміздің атына заты сай болуы үшін бізге артылып отырған жауапкершілік орасан. Ұлттық бөлімде халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар беретін танымдық дүниелер, әлемдік әдебиеттің жау­һары саналатын қазақтың ақын-жа­зушыларының шығармалары, бала­лар әдебиетінің озық үлгілері, соны­мен қатар сирек кездесетін, тіпті жалғыз ғана данасы қалған туын­дылар топтастырылған. Респуб­ли­калық, облыстық, қалалық деңгейде жарық көріп тұратын мерзімді ба­сылымдарды, журналдарды да біз­дің сөрелерімізден табуға бола­ды. Біздің негізгі мақсатымыз – тұрғын­дардың, соның ішінде мектеп оқу­шыларының кітап оқуға, ізденуге, білуге деген құштарлықтарын ояту, ынталарын арттыру. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. “Кітап – ең жақының, сырласың, қа­жет болса мұңдасың”. Осы ұстаным­ды жастар саналарында жаңғыр­тулары керек. Олар өмірдің қандай кезеңінде болмасын тура жолды, адаспас бағдарды кітаптан ғана та­булары қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жыл сайын жоспар құрамыз, атаулы күндерге, даталар­ға, мерейтойларға қатысты іс-шараларды бекітеміз. Қазақ мектептері оқушылары мен балабақша тәрбиеле­нушілерінің кітапханаға саяхатын ұйымдастырамыз. Кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кезде­сулер, тұсаукесерлер өтетін, тарих­тың көне көмбелерімен қайта қауыш­тыратын рухани орда, киелі мекен. Бұл жерде түрлі мәдени, рухани ша­ралар ұйымдастырылады. Біз был­тырдың өзінде 150-ге жуық мәдени жиын өткізіппіз. Оларға қатысып, спи­керлердің әсерлі әңгімелерін тың­дағандардың саны екі мыңнан асып жығылды. Яғни рухани ордаға қадам басқан екі мың бала көкейлеріне бір ой түйді, рухани азыққа кенелді де­ген сөз. Осының өзі бізді қуантады.

– Былтыр елімізде Балалар жылы аталып өтілді. Оның аясын­да атқарған шаруаларыңыздың да аз емес екенінен хабардармыз. Кітапхананың негізгі оқырман­дары балалар ғой. Кітапхананы, соның ішінде ұлттық бөлімді өңір­дегі балалардың сүйікті орны деп айта аласыз ба?

– Кітапхана балалардың сүйікті мекеніне айналуы керек. Бұған біз­дер де, мұғалімдер де, ата-аналар да, тіпті қоғамның барлық мүшесі жауапты. Балалардың барлығы кітап оқуға ынтық, бос уақыттарын кітап­ханада өткізуге құштар деп айта алмаймыз. Өз заманының заңғар ақыны Шортанбай Қанайұлы: “Са­уып ішер сүті жоқ, Ақша деген мал шықты”, – деп жырлапты ғой. Қазіргі уақыттың “ақшасы” – ғаламтор, телефон, әлеуметтік желі. Осылар көне дәуірден бүгінге жеткен кітап­пен бәсекеге түсті. Салдарынан ада­ми құндылықтарымыз кенжелеп, ғаламтордың жылдамдығымен бірге жеткен теріс әрекеттер алға озды. Балалардың дені кітапхананың ор­нына сауда ойын-сауық орындарын, ойын алаңдарын, букмекерлік кең­селерді сүйікті орындарына айнал­дырған. Бірақ солай екен деп біз қол қусырып отырғанымыз жоқ. Ұлт­тық бөлімге келіп, қазақтың ерте­гілерін алып кететін жас оқырман­дарымыз баршылық. “Заманың түлкі болса, тазы боп шал” дегендей, жаңа уақыттың игіліктерін пайдалана оты­рып, ұлттық әдебиетімізді жарна­малауға, балалардың “бетін бері қаратуға” тырысудамыз. Оның бір шоғыры былтыр “Балалар жылы” аясында ұйымдастырылды. Өңірдің қазақ мектептерінде білім алып жүрген оқушылар арасында “Бала­лар әлемі” деген облыстық айтысты өткізу барысында біраз жайтқа қанық болдық. Қызылжардың топырағынан түлеген қаламгерлердің салған сара жолдары үзілмепті. Сұлтан Жарқын­ұлы, Бейбарыс Аманжолұлы, Елнұр Оңдасын, Кәусар Төрехан есімді өрендер суырыпсалмалық өнерге төселіп келе жатқандарын аңғартты. Олардың өнеріне сүйсіне отырып, “бұлақ көріп, көзін аша алмай отыр­ған” өзіміз екенін білдім.

“Тіл шеберлігі” атты байқауға қа­тысқан оқу­шы­лар қазақтың аңыз-ер­тегілерін, жыр­ларын, мақал-мәтелде­рін сахналық қойылымдар арқылы көрсеткенде жанымыз жадырады. Біз орыс мектептерінде, сыныпта­рын­да білім алып жүрген өрендерді де назардан тыс қалдырмауға ты­рысамыз. Олар­дың арасында қазақ тілін үйреніп жүрген, халқымыздың төл мұрала­рына деген сүйіспеншілігі ерекше, Қа­зақстанды – Отаным деп мақта­нышпен айтатын балалар аз емес қой. Баланың аты – бала. Олар өздерінің таным-түсініктеріне сай бе­зен­дірілген кабинеттерге, жиһаздар­ға құштар болады. Біздің бөлімде балдырғандардың кітап оқуларына, қосымша ізденулеріне барлық мүм­кіндіктер жасалған.

– Қазақ топырағынан небір дара дүлдүлдер, шешендер, бірауыз сөздері бес атанға жүк бо­лар­лықтай ғалымдар, арқалы ақын­дар, жезтаңдай әншілер шық­қан ғой. Олардың көбінің есімі ұмы­тылып барады. Сол ардақ­тыларымыздың аты-жөндерін, атқарған еңбектерін насихаттап жүрген екі мекеме бар болса, солардың алғашқысы – кітапхана. Әсіресе мұндай еске алу, тағзым ету шараларынан ұлттық бөлім­нің қолтаңбасы анық көрінеді.

– Қазақтың өткен тарихы тағы­лымға толы. Оның әр қиырынан небір ғұламалардың батыл үндерін естуге болады. Өткенсіз бүгін де, болашақ та жоқ. Қазіргі буынның ішінде, өзімнің қатарластарымның арасында да өткенді сызып тастауға бейім адамдар кездеседі. Оларға ұлтымыздың жүріп өткен жолы, қазақтың қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізген тағдыры, қилы тұлғалардың ғұмыр­да­риялары қызық емес. Соның кесі­рінен қаншама адам ескерусіз қалып жатыр. Дүниеден өтіп кеткен күннен бастап керексіздердің тізіміне қо­сылған адам қаншама? Бұл дұрыс емес. Тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан ұрпақ өт­кен мен бүгінді, бүгін мен болашақты сабақтастыра алулары керек. Біз өңірімізден шыққан Қожаберген жы­рау, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұ­мабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұ­қанов сынды алыптардың мерейтой­ларына ерекше дайындаламыз. Был­тырдың өзінде Кәкімбек Салықовтың туғанына 90, Ғалым Малдыбаевтың 120 жылдық мерейтойларына орай ауқымды мерейлі шаралар өткіздік. Олардың ұрпақтары жастарға тағы­лымды әңгімелерін айтты. Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығы жо­ғары деңгейде ұйымдастырылды. Ақын, журналист Мүталлап Қанғо­жин көзі тірі болғанда 2022 жылы 85 жасқа толатын еді. Өлеңдерінен ерке Есілдің самалы бетіңді өпкен­дей, туған жердің топырағында жа­лаң аяқ жүргендей әсер аламыз. Ол кісінің қайраткерлігі қазіргілерге үлгі болуы керек қой. Біз қолға алған шара осы сауалдарға жауап бере алды деп ойлаймын. Серікбай Құсайынов есімді күйші ағамызды білмейтін адам кемде-кем. Домбы­раға әуес, күйшілік өнерге ден қой­ған үлкенді-кішілі жандарды “дөңге­лек үстел” басына отырғызып, олар­ға Серікбай ағамыздың әңгімесін тыңдатқанымызда қатысушылардың барлығы разы болды. Тірі кездерінде көп еңбек атқарып, дүниеден озған­нан кейін ұмытылған жандар аз емес. Соларды жаңғыртуға ден қоятын бірден-бір орын, ол – ұлттық бөлім. Биыл – Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. Жалпы қазақтың азаттығы жолында қамшының са­бын­дай ғұмырын пида еткен Мағ­жанның әр жылғы туған күні мерекеге айналуы керек. Биылғы өткі­зілетін шаралардың ең негізгісі осы болмақ.

– Ұлттық бөлім жанынан құ­рылған “Жас қаламгерлер клубы­ның” жұмысы туралы айтып өті­ңізші.

– Бұл клуб бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны ашар кезде біз кітап оқу мәселесін алға шығар­дық. Яғни, оқуға құштар жастардың басын біріктіргіміз келді. Қазіргі уа­қытта клубқа өлең жазуға, айтыс­керлікке, мақала, шығарма жазуға бейімі бар жастар мүшелік етуде. Жастар әр ай сайын бір мәрте кез­десіп, бір-бірлерінің шығармасын тал­қылайды. Белгілі ақын-жазушылардың еңбектерімен танысады. Желтоқсан айында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің студенті Еркежан есімді жыр жазуға әуес талапкердің шы­ғармашылығына терең бойла­дық. Қа­зіргі қоғамдағы кемшіліктерді өлең­дерінің арқауына айналдырған оның аяқ алысы ұнады. Былтырдан бас­тап “Жас қаламгерлерге тәлім­гер” деген жобаны қолға алдық. Оның ая­сында есімдері өңірімізге бел­гілі Жа­расбай Сүлейменов, Болат Қо­жах­метов, Өмір Есқали, Жақсыбай Сам­рат есімді жазушы-журналистерді мейман ретінде шақырып, жазу өнеріне машықтанудың жол­дары туралы әңгімелерін тыңдау жос­парда бар. Олар білген-түйген­дерін айтып қана қоймай, тақтаға жазу арқылы көрсетсе, бұл нағыз тәжі­рибе болар еді деп ойлаймыз. Өңір мектептерінде қазақ тілі мен әде­биетіне, өлең шумақтарын, көңілдің кейбір сәттерін қағаз бетіне түсіруге қызығатындар азайып бара­ды. Бұл кітап оқитын балалардың да са­нының көңіл көншітпейтінін көр­сетеді. Сондықтан алдағы уақытта клубымыздың қатарын оқушы­лар­мен толықтыруды көздеп отырмыз. Ол үшін әр қазақ мектебімен жұмыс жүргізілуде.

– Барлық білім – кітапта тұр. Бұл – өзгермейтін аксиома. Солай десек те, оны оқымайтындар, қай­ран уақытын телефонға телмі­румен өткізетіндер көбеймесе, азаймай отыр. Бұл олқылықпен қалай күресеміз? Сіз қалай ой­лайсыз?

– Бұл – ұлтымызға төнген қауіп. Қазір телефонның экранынан бала­ны ғана емес, ата-ананы, қариялардың өзін алшақ әкету қиын. Бас­шылық қызмет атқарып жүргендер­дің дені дүниенің ағы мен қарасы смартфонда тұр деп ойлайды. Десе де, кітапхананың маңыздылығы ешқашан жойылмайды деп айтар едім. Әлемнің дамыған озық мемле­кеттерінің ешбірінде кітапханалар дамып, көркеймесе, көбеймесе, жабылып жатқаны жоқ. Мұнда ға­ламтордан таба алмайтын, авторлық құқығы қорғалған сирек кездесетін кітаптардың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақталып тұрады. Ал осының барлығын сіз ғаламтордан таба алар ма едіңіз? Жоқ! Бүгін бар дүниенің бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екін­шіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады.

Атауы бүгінге аңыз болып жеткен әлем кереметтерінің бірі – Мысыр­дағы Александрия мен түркі халық­та­рына ортақ құндылық – көне Оты­рар кітапханасын аралайтын турис­тердің санында шек жоқ. Замана алға жылжып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапха­налардың рөлі мен маңызы, құнды­лығы арта түспесе, титтей де кеміген емес. Өйткені ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро айтпақшы, “адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады”. Біз де ойлы, ұлтын, елін, жерін сүйетін ұрпақты тәрбиелеу үшін күресіп жүрміз.

Жапония, Америка сынды мем­лекеттерде дәмханалар, шайха­налар, кофеханалар кітапханамен біріктіріле салынады екен. Яғни, кез келген келушіге шай немесе ас ішіп отырып кітап оқуға мүмкіндік қарас­тырылған. Міне, осы сияқты жаңа­шылдықтарды бізге де енгізу қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp