«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әзірге қымбаттатпауға уағдаласты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің өткен санында кәсіпкерлер мектептегі оқушыларға арналған тамақ бағасын өсіргелі жатқанын жазып, дабыл қаққан болатынбыз. 2022-2023 жылғы оқу жылы басталмай тұрып, облыстық білім басқармасы өңір мектептеріндегі асханаларда ыстық тамақтың бағасын 500 теңге деп бекіткен. Алайда араға төрт ай салып, тағы да өсірмек ниет танытты. Себеп – азық-түлік бағасы шарықтап кеткен.

Апта соңында бұл мәселе қалалық мәслихаттың кеңейтілген отырысында қаралды. Жиында сөз алған қалалық білім бөлімінің жетекшісі Динара Рақышева Петропавл мектептеріндегі асханаларды ыстық тағаммен 15 кәсіпкер қамтамасыз етіп отырғанын айта келіп, бағаны көтермеу туралы уағдаласқандарын жеткізді.

– Кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 28 мектепке, өткізілген байқау қорытындысы бойынша 8 білім ошағына қызмет көрсетіп келеді. Жалпы 2284 оқушы тегін тамақтанады. Олар үшін бюджет есебінен 2022 жылы – 128 млн. теңгеден астам қаражат бөлінсе, 2023 жылы бұл сома 194 млн. теңге деп бекітілді. Азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы бизнесмендерді шығынға батырып отырғаны анық. Сол себептен олар тағамның құнын 50 теңгеге көтергілері келген. Мен оларға азық-түлікті тұрақтандыру қорынан алуға кеңес бердім. Әзірге мектептердегі асханалардағы тағам құнын өсірмеуге уағдаластық, – деген Динара Рақышева білім ордаларындағы баға қашанға дейін сақталатынын дөп басып айта алмайды.

Қалалық мәслихат депутаттарының кеңейтілген отырысында белгілі болғандай, кәсіпкерлер мектептердегі ыстық тамақтың бағасын қаңтардың 9-ы күні көтеріп, облыстық білім басқармасына, қалалық бөліміне және оқу ошақтардың әкімшіліктеріне хат жолдаған.

– Мектептердің асханаларын ыстық тамақпен қамту төңірегіндегі сұрақ оқу жылы басталмай тұрып шешіледі әрі тағамның бағасы бекітіледі. Кәсіпкерлермен жасасқан келісімшартта барлық қоятын талаптарымыз көрсетілген. Тіпті құжатта бизнесмендер тамақтың бағасын өсіру жөніндегі ұсынысты бір ай бұрын айтулары тиіс болатын. Сол себепті әзірге тағам құны өзгеріссіз қалады, – деп нақтылады Динара Рақышева.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында қала мектептеріндегі даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушыларының саны 13221 баланы құрады. Ал оларды ыстық тамақпен қамту үшін 1 млрд. 213 млн. теңге қажет. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққандар мен жетімдер санатына жататын 2284 бала бюджет қаржысы есебінен тамақтанады.

Қалалық мәслихаттың депутаты Юлия Пронинаның айтуынша, жауыр болған мәселені түбегейлі шешу керек.

– Өңіріміздің атынан Парламент Сенатына сайланған депутат Гүлмира Кәрімоваға оқушыларды тегін тамақпен қамту мәселесі жөнінде сауал жолдадым. Оның сөзінше, біздің облыстағы 1-4 сынып аралығындағы балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету үшін жылына 2 млрд. теңге қажет. Халық қалаулысы бұл сұрақтың шешімін табуға септесетінін айтты, – деді Юлия Пронина.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp