«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗ БОП АҚҚАН БІР ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Небір дара дарындарды құндақтаған қасиетті Қызылжар өңірін әдебиеттің тал бесігі десек, артық айтқандығымыз бол­мас. Өңірімізден қазаққа қызмет еткен дарындар аз шықпады. Солардың қатарында қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр сүргендер болды. Қазіргі жастардың дені көзі тірісінде Петро­павлда мектептер ашып, қысқамерзімді мұғалімдер даярлай­тын курстар ұйымдастырған, ғалымдыққа ден қойған Баймағамбет Ізтөлинді, артына жауқазын жыр қалдырған, мынау жалғанмен жиырмасында қоштасқан Назгүл Өтенованы, алаулаған жиырма бесінде дүние салған Бейсенбай Есмұқановты білмейді. Білмек түгіл, естімеген де. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қолыма қалам алып отырмын.

Облыстық тарихи-өлкетану му­зейі жанынан ашылған “Асыл мұра” орталығындағы кітаптарды ақтарып отырып, “Аманат” деген кітапшаға көзім түсті.

Бейсенбай ЕСМҰҚАНОВ.

Атауына қарап, бұл қандай кітап екен деп ақтара жөнелсем, теріскей өңірдің тумасы, өзіміздің жерлесі­міздің туындысы екен. “Аманат” – өлеңдер мен поэмалар жинағы. 1998 жылы Алматы қаласындағы “Жазу­шы” баспасында басылып шыққан. Аталмыш жинаққа қазақ поэзия­сының жезкиігі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов “Қыршын ғұмыр” деген та­қырыппен алғысөз жазыпты. Осы мақаладағы мәліметке сүйенсек, кейіпкеріміз 1927 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында дүние есігін ашып, 1952 жылы 25 жа­сында аты ел арасына жаңа таныла бастаған кезде құйрықты жұлдыздай ағып түскен. Қарағандыдағы мұғалімдік институтта кәсіптік білім алып, Қостанай облысының Пресно­горь­ков ауданындағы “Жаңажол” ор­та мектебінде (қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысының Жамбыл ауданын­дағы Жаңажол ауылы) қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген.

Бейсенбай Есмұқанов жастайы­нан Абай мен Пушкиннің шығарма­ларынан ерекше әсер алып, тұла бойына ақындық қасиетті қондырып, өлең жаза бастапты. Мектептің қа­бырға газетіне сиясы кеппеген туын­дылары шығып, ел ішінде “Ақын бала” атанған. Інісі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғазез Есмұ­қанов ағасының аудандық, облыс­тық, астаналық газеттерде жария­ланған, қолда бар өлеңдерін ба­рынша жинапты.

Ақындықпен кәсіби түрде неба­ры төрт жыл, үш ай ғана айналысса да, классик жазушымыз Сәбит Мұқановтан “өз биігі бар ақын екен!” деген баға алып, ақиық ақын Сырбай Мәуленовпен сырласып, әдебиеттің майталманы Ғафу Қайырбековпен жүздесіп үлгерген.

– Ойсыз ісің – жөнсіз соқпақ,

Ойсыз жанның алды тар.

Ойсыз талап – әлсіз қорқақ,

Аяғын тез шалдырар, – деп жыр­лайды автор бір өлеңінде. Расында да, қай істі болмасын бастамас бұ­рын адамзат баласы ой елегінен өткізіп барып қолына алады. Иә, іс қалай аяқталғанымен емес, қалай басталғанымен бағаланады. Ойлан­бай жасалған қарекеттің ешқашан да берекесі болмайды.

“Сүйіп халық ардақтайды,

Өз тумасын, өз мұрасын.

Мақтан етіп асқақтайды,

Айтар сөзде сен тұрасың”, – деп өрілген шумақтарына “Баспасөз” деген айдар тағылыпты. Ауыздан-ауызға жеткен деректерге қараған­да, қағазға түскен мәліметтердің дә­лелі қашан да басым. Біз жазылған дү­ниелердің авторына, редакторы­на, корректорына сын тағып, әйтеуір біреуді кемсітіп, біреуді көтерме­леуге дайын тұрамыз. Сайып келгенде болашаққа жеткізетін қазынамыз баспасөзде бапталып, жинақталып, жазылатынын ескермей қаламыз. Ал Бейсенбай Есмұқанов жас болса да, бас болардың сөзін айтып кеткен. Біз оған ақынның өлеңдерін оқу арқылы көз жеткіздік.

“Еңбекпен еркін жайнады өмір”, – деген ойға үңілсек, төрт-ақ сөзде төрт құбылаңды тең қылатын бір тылсым күш жатқандай көрінеді. Неткен тереңдік. Өмір жата берсең мәнсіз, талаптансаң өзінің мағынасын бермейді ме? Биік шыңға жет­кендердің өткеніне қарасаң, бәрінің де сыры еңбекте жатыр.

“Теңселіп желмен толқиды егін,

Құлпыртып әсем ауылдың жерін.

Таза боп өскен дәнінен әрбір,

Көргендей болам ағайын терін”, – деген төрт жолда аграрлық салада қызмет ететін еңбек өкілдеріне көрсеткен үлкен құрметті байқайсың. Біз жайқалып тұрған масақтарға қарап, даланың сәнін көреміз. Ал ақын еңбек еткен жұмысшылардың төккен маңдай терін көреді. Өйткені өнер иесі айналада орын алып жатқан құбылыстарға көкіректің көзі­мен қарайды. Бұл – жер көлемі бо­йынша соңғы орындардан байқалса да, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарға шығатын теріскей өңірдің тұрғындарына мотивация беретін шумақ.

“Ауылдың жылқы баққан кең өңірі,

Сауынды қымызы көп ел өмірі.

Көрінді көтеріңкі адам түгіл,

Құлын, тай кісінеген жер көңілі”. Бұл шумақ қалада тіршілік етіп, самал желі айдарымды сипаған туған ауылымды сағынып жүргеннен болар, жанымды тебірентті. Аса көрнекті жазушымыз Сафуан Шәй­мер­деновтің “Сұлуқиясы” атанған Ілия көлінің жағасында жүрген үйір көз алдыма оралды. Ойнақтап шап­қан құлындар мені­мен сырласқандай.

Автордың “Өмір мен ажал тура­лы аңыз”, “Қарт сыры”, “Кекті ару” поэ­маларын оқып шықсаң, сурет­керлігіне таңдай қағасың. Кітапты түгел оқып шыққан соң, Леонардо да Винчи “Сурет – көзбен көретін поэ­зия, поэзия – сөзбен жазылған су­рет!” деп осындай өзінің шынайылы­ғымен ерекшеленетін шығарма­лар­ды оқыған соң айтқандай көрінеді.

Ақынның өлеңдерін балаларға да, жастарға да, қарттарға да ұсына аласың. Тілге жеңіл, жүрекке жы­лы тиетін сөздердің астарына үңіле білсең, ойландырмай қоймайды.

Жуырда “Фейсбуктегі” парақша­ма “Бейсенбай Есмұқанов деген кім?” деп оқырмандарға сауал тас­таған едім. Бұл сұрағым Алматыда тұратын ақынның інісі Ғазез Есмұ­қанов атамызға жетіпті. Ол кісі маған ризашылығын білдіріп, қоңырау шалды.

– Ағамның таланты таудай еді. Жастық шақтың буымен қыздарға арнап, айналасындағы құбылыс­тарға байланысты шығарған өлең­дері аз емес болатын. Қасыма оты­рып алып, олардың біразын пешке тамызық қылды. Жазғандары өзіне ұнамайтын. 6-сынып оқитын кезім. Өлеңдерін тығып ұстадым. Көзіне түссе, “Көзін құрт!” деп ұрсып тас­тайтын. Сырбай Мәуленов облыстық газеттен сұрастырып, ағамды іздеп Жаңажолға келді. Үш күн жатты. Өлеңдерін жоғары бағалап, ұжым­дық жинақтарға шығаратынын айт­ты. Алматыға шақырды. Ағам оң­түстік астанамызға баруға дайын­далып жүргенде наурыз айында дү­ние салды, – деді тұтқаның арғы жа­ғынан.

Біраз үзілістен соң Алматыға барғанымда хабарласуымды өтініп, өксігін баса алмай, сөзін аяқсыз қал­дырды. Сексен бес жастағы қарттың жылағанына себепкер болғаным үшін ыңғайсызданып қалдым.

“Қызылжар қала қайталап,

Бейсенбай ақын жырларын.

Аспаннан ғашық ай қарап,

Шалқыта төкті нұрларын.

Елімен сөзі табысса,

Ескерткіш сол ғой ақынға.

Дәнекер жырын дарытса,

Алысы менен жақынға”. Ауылы аралас, қойы қоралас, көршілес жат­қан Көкшетау қаласының азаматы, дарынды ақын Қорғанбек Аманжол ағамыз кейіпкеріміздің інісі Ғазез Есмұқанұлына арнап жазған “Ақын­ның бауыры” деп аталатын баллада іспеттес жыр толғауында осылай тебіреніпті. Осы шумақтарды оқып отырып, көз ал­дымызға Бейсенбай ақынның бей­несі келетіндей. Тебі­ренеміз, толқи­мыз… Ақынның жыры халықтың жадында сақталса, одан асқан ес­керткіш болмайды. Қалың бұқара­ның сана-сезіміне енген есім­дер ұлықталмаса да, ешқашан ұмытыл­майды. Ұмытылмау үшін де ұлтым деген азаматтар аянбай еңбек ету­лері қажет. Бейсенбай Есмұқановты да елдің есіне түсіргенім жай дүние емес. Күндердің күнінде заман­дас­тарымның “Ақын жырла­рын қайдан алуға болады?” деп шарқ ұрып, кітапханаларға жиі баратынын ішім сезеді.

2027 жылы ақынның туғанына 100 жыл толады. Туған ауданының орталығы Мамлютка қаласындағы Ленин көшесіне Бейсенбай Есмұ­қановтың есімін берсек, елдігімізді көрсетер едік. Ширек ғасыр ғұ­мырында артына мұра қалдыру – екінің біріне бұйырмаған үлкен ба­қыт. Бізді қуантатыны, жанымызға ме­дет болатыны – Бейсенбай Есмұқановтың інжу-маржан сөздері.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp