«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР ЖАСАҒАН МАЙДАНГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысының ардагері Қабен Мырзағұлов 100 жасқа толды. Қарт майдангерді бір ғасырлық мерейтойымен Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен қорғаныс істері жөніндегі басқармасының штаб бастығы құттықтады.

Қабен Егімбайұлы 1923 жылы қаңтардың 14-і Шал ақын ауданын­дағы Ысқақ Ыбыраев ауылында дү­ниеге келді. Бақытты балалық шағы туған ауылында өтті, сонда алғаш мектеп табалдырығынан аттады. Әс­кер қатарына 1942 жылы маусым­ның 7-і күні шақыртылып, сол жыл­дың қыркүйек айының 26-сы май­данға аттанып, 3-гвардиялық танк полкінің құрамында соғысты. Кейін 14-артиллерия полкында жауға қар­сы Украина, Белоруссия, Балтық елдері, Венгрия, Румыния, Польшаны азат ету шайқастарына қатысты. “Қызыл Жұлдыз” ордені, 1-ші және 2-ші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” ор­дендерімен, “Ерлігі үшін”, “Герма­ния­ны жеңгені үшін” және тағы басқа медальдармен марапатталып, Же­ңісті Берлинде қарсы алды. Бір ға­сырлық мерейтоймен қарияны құт­тықтаған қала әкімі Руслан Аңбаев жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат жасады.

– Сізді 100 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Со­ғыста ерлік көрсетіп, Отанымызды басқыншылардан аман сақтауға өз еңбегіңізді сіңірдіңіз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Руслан Аңбаев.

Қазіргі күні Қабен Мырзағұлов алты ұл мен қыздан 10 немере-жиен және 12 шөбере сүйіп, солардың қы­зығына кенеліп жүр. Ғасыр жасаса да майдангердің жүрісі нық, қашан­да аталық ақылымен бөлісуге даяр. Осы жолы да туған күнімен құт­тықтау­ға келгендерге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

“Неменеге жетістің бала батыр, қа­риялар азайып бара жатыр” деп өлең шумақтарында айтылғандай, уа­қыт өткен сайын майдангерлердің саны азайып барады. Қазір өңірде көзі тірі 9 ардагер ғана бар, 8-і Петропавлда тұрады. Қалалық ар­дагерлер кеңесінің ақ­паратына сәй­кес, облыс орталығын­дағы майдан­герлердің үшеуінің жасы 100-ден асқан. Ал соғыс ке­зінде тылда ты­нымсыз еңбек ет­кендердің саны 2 мыңнан асады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp