Халқымыздың мерей тұтар, мақтаныш етер асыл мұрасы, замана сүзгісінен өткен – халық әндері. Халық әндері салт-дәстүрге, әдет-ғұрып, көңіл күйге, белгілі бір тақырыпқа байланысты шығып отырған. Шал ақын аудандық мәдениет үйінің, “Атамұра” қазақ ұлттық орталығының жанынан, осыдан 18 жыл бұрын “Балқадиша мұрасы” деп аталатын әжелер ансамблі құрылған болатын. Бірнеше облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған ұжым алдағы уақытта да талай шыңдарды бағындырудан үмітті.
Бұл ансамбльдің қазығы 2005 жылы қағылды, жетекшісі – Гүлнәр Әбілқайырова. Құрамында жастары 55-тен 75-ке дейінгі 10 ақжаулықты әже бар. Құрылған күнінен бастап ансамбль жұртшылықты халық мәдениетімен кеңінен таныстыруды көздеді. Ансамбль құрылған жылы халық әндерінен поппури орындап көрермендер көзайымына айналды. 2017 жылы ұжымға “Халықтық” атағы берілді.
Ұжым құрамында елді мекендерден келіп тұратын қатысушылар да бар, олар: Қарлығаш Жұмағалиева, Күлбаршын Нұрманова мен Алмагүл Қазбекова. Ансамбль фольклорлық-сахналық бағытта жұмыс істейді, сондықтан салт-дәстүрді және орындау мәнерін сақтауға тырысады.
Ұжым мүшелері репертуарларының басым бөлігі қазақ халық әндері мен жергілікті ақындардың туындылары. Олардың қатарында Бүркіт Бекмағанбетовтің “Салдаурен”, Жарасбай Нұрқановтың “Наурыз”, “Аққу” әндері, Сенбі Айтпенбетовтің “Шал ақын ауылы” жаңа әні де бар. Сондай-ақ әртүрлі бағыттағы: “Маусымжан”, “Тойбазар”, “Ақ қурай”, “Дедімай-ау”, “Ой-жайлау”, “Ой, көк”, “Беу айдай”, “Елім-ай”, “Катюша” (екі тілде М.Блантер, М.Исаковский), “Қазақтай ел қайда”, “Дей салдым”, “Бір бала”, “Гүлдерайым”, “Әгугай”, “Сәулемай”, “Туған жер”, “Құралай”, “Су тасушы қыз”, “Шолпан”, “Ақ тамақ”, “Дударай”, “Әсем әнім сырнайдай” атты туындыларды орындаушылар шабыттана шырқайды. Уақыт өте ансамбльдің репертуары толыға түсіп, олар орындаған әндер, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысуға жолдама алды.
Ансамбльдің марапат қоржыны да қомақты. Олар түрлі деңгейдегі жүлделі орындарды олжалаған. Құрылған сәттен бастап фольклорлық ансамбль өз тыңдаушысын тез тауып, көрерменнің көңілінен шыға білді. Ізденімпаздығының арқасында ұжым аудан мен облыс көлемінде жоғары деңгейге көтерілді.
Ансамбль мүшелері бүгінде аудан көлемінде кешендер, мекемелер және жекеменшік кәсіпорындардың салтанатты ашылу рәсімдеріне қатысып, қоғамдық өмірдің барлық игі бастамаларында өз шығармашылық белсенділіктерін көрсетіп, ұлттық өрнекті айқындап, өнерімізді шеберлікпен жеткізіп жүр. “Ән салдырған әжелер” облыстық онлайн байқауы, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған “Salt dästür” этномәдени фестивалінде I орын иегері атанды.
Ұжымның репертуары жыл сайын жаңа әндермен толығып отырады. Әжелер тек ән айтып қана қоймайды, сонымен қатар театрландырылған қойылымдарға да қатысады және “Атамұра” қазақ этномәдени бірлестігі өкілдері ұйымдастыратын шаралардан қалыс қалмайды.
Ән салмаған, әнді естімеген адам жоқ шығар. Оның тыңдаушысы да, орындаушысы да халық. Кездесуде әжелер жас өрендермен өз тәжірибелері туралы ой бөлісіп, өсиет айтып эмоциялық күш-қуат алып, болашаққа деген сенімдерін арттырады. Жас буынға ұлттық өнерді насихаттап, қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртуды мақсат еткен ардақты әжелердің шығармашылық қорында 40-тан астам ән бар.
Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуда алдарына жан салмай, уақытпен санаспай өнерімен танылып жүрген әжелердің арасында қолөнер шеберлері де бар. Қарлығаш Шаяхметқызы – он саусағынан өнер тамған шебер. Күлзия апамыз осы ансамбльдің бас киімдерінің үлгісін әрдайым қадағалап отырады. Ол талай байқау-көрмелерге қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді.