Облыс орталығында жасөспірімдер мен жастар арасында спорттық акробатика және акробаттық жолақ пен батутта секіруден Қазақ КСР-дың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған халықаралық жарыс өтті.
А.Ямпольский атындағы турнир 1970 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталмыш сайысқа ең үздік спортшылар жиналды. Өзге елдің акробатшылары да біліктіліктерін арттыру мақсатында сынға түседі.
– Биылғы сайысқа қатысуға елімізден – 8, Ресей елінен 12 және Өзбекстаннан 2 команда қатысуға ниет білдірді. Олар үш күн бойы бірнеше санат бойынша өзара мықтыны анықтады. Осы додада топ жарып, өзін жақсы қырынан көрсете алған акробаттар ұлттық құрама сапына ілігеді, – дейді спорттық акробатика бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ринат Белогонов.
Өңір намысын қорғаған жерлестеріміздің арасында Ратмир Темірболатов, Никита Карасев, Даниал Жеңісов, Вячеслав Миллер алтын медаль иеленді. Қыздар арасында Настасья Осипенко 1-орынға ие болса, Екатерина Хохлова 2-орынға табан тіреді. Халықаралық турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен және медальдармен марапатталды. Ал үздік спортшылар 2024 жылы Израильде өтетін әлем чемпионатына қатысатынын айта кеткен жөн.