Биыл облыста “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 46 елді мекенде 50 жоба қолға алынады. Бұл мақсатқа 7,4 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.
“Ауыл – ел бесігі” республикалық бағдарламасы облыста 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Оның аясында 2019-2021 жылдар аралығында 62 елді мекеннің әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Жалпы 119 жобаны жүзеге асыру мақсатында 17,2 млрд. теңге қарастырылды.
Елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңғырту мен дамытуға арналған бағдарлама аясында өткен жылы 5,4 млрд. теңге бөлінді. Облыстық экономика басқармасының мәліметінше, республикалық бюджеттен қарастырылған қаражатқа 44 жоба жүзеге асты.
– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында облыс бойынша 13 мың тұрғыны бар 2 ауылда сумен жабдықтау желілерінің 20 шақырымы, 48 ауылда ауыларалық жолдардың 290 шақырымы, 52 білім беру нысаны, 19 мәдениет және спорт ғимараты, 13 денсаулық сақтау мекемесі жөнделді. 4 елді мекенде электр және жылу желілерінің 10 шақырымы салынды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында орталық қазандықтың құрылысы аяқталды, – дейді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Солтүстік Қазақстан облысында 635 елді мекеннің 307-сі болашағы бар ауыл болып табылады, ондағы халық саны 246 мың адамды (немесе ауыл тұрғындарының жалпы санының 86 пайызы) құрайтынын атап өткен жөн.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.