Диас Аяған
Жұмыссыздар санын азайту мақсатында елімізде бірнеше бағдарлама іске қосылып, мыңдаған жас пен зейнет жасына таяған жандар екі қолға бір күрек тапты. Әсіресе жұмыспен қамту орталықтарына “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша еңбек етуге өтініш білдіретіндердің қатары көп. Аталған бағдарлама аясында жас маманның жалақысын мемлекет төлейді. “Жастар тәжірибесіне” оқу орнын аяқтағаннен кейін 3 жыл ішінде жүгінуге болады. Бұдан бөлек, тәжірибе жинаймын деушілер үшін “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы да іске қосылған.
– Аталған бағдарламаларға 29 жасқа дейінгі жастар қатысып, 18 ай бойы жұмыс істей алады. Бұдан бөлек, өткен жылы 425 тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылып, қаланы абаттандыруға атсалысты. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Жазғы демалыс кезінде студенттер мен оқушыларды да еңбекке баулып, 65 жасқа жұмыс берілді. Оларға төленген жалақы көлемі 90 мың теңгеден асады. 50 жастан асқан азаматтар болса “Күміс жас” арқылы еңбек ету мүмкіндігіне ие, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Гүлмира Исмаилова.
2022 жылы әлеуметтік жұмыстарға 78 тұрғын жұмылдырылса, “Жастар тәжірибесінің” шарапатын 200 адам көрген, 10 түлек алғашқы жұмыс орнын тапқан. Бұдан бөлек, тігінші, аспаз, кондитер мамандықтарын меңгерген 86 адамның 20-сы бүгінде тұрақты табыс тауып, 10-ы өз кәсібін дөңгелетіп отыр.