Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты халыққа арнаған Жолдауында монополистердің пайдасын шектеу және инфрақұрылым желілерін дамытуға бағытталған инвестициялар арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент “Тарифті инвестицияға айырбастау” жаңа тарифтік саясатына көшу қажеттігін де алға тартқан еді. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті осы бағытта қандай жұмыстар атқаруда? Бұл сауалға өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ведомство басшысы Дамир Тоқтамысов жауап берді.
Дамир Сабырұлының айтуынша, елімізде электр желілерінің үштен екісі, жылу құбырларының 57 пайызы, су құбырларының тең жартысы тозған. Бұл мәселелерді шешудің бірден-бір жолы монополия нарығында “Тарифті инвестицияға айырбастау” саясатын енгізу болып отыр. “Табиғи монополиялар туралы” Заңға сәйкес, мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет.
Облыста монополист компаниялар көрсететін коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы әзірге өзгеріссіз. Дегенмен өңірдегі жылу, су, электр желілерінің бүгінгі жағдайын ескерсек, биыл оның құнының өсуі ғажап емес.
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша Петропавлдағы коммуналдық желілердің тозығы орта есеппен 65,4 пайызды құрап отыр. Нақтырақ айтсақ, жылу құбырларының 72,2 пайызы, су құбырларының 61,7 пайызы және элетр желілерінің 81,7 пайызы тозған. Бұл олқылықтарды жою үшін қосымша қаражат қажет. Сол себепті Қазақстан Республикасының “Табиғи монополиялар туралы” Заңына сәйкес, міндетті коммуналдық төлемдердің көлемі артуы мүмкін. Қызмет көрсетуші компаниялар өздерінің қарамағындағы жұмысшылардың жалақысын өсіру үшін де тариф бағасын көтеруге мүдделі, – деді Дамир Тоқтамысов.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, тарифтерді өсірмеудің бірден-бір жолы – коммуналдық қызметтер секторына инвестиция тарту. Мәселен, Мемлекет басшысы ұсынған тарифтік саясат қаржыландырудың жаңа тетіктерін тауып, соның есебінен инженерлік инфрақұрылым желілерінің тозу деңгейін төмендетуі ықтимал. Бүгінгі таңда облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті жаңа механизмдерді қарастырып жатыр.
– Қазіргі уақытта агенттік барлық коммуналдық тарифтердің бағасын 2030 жылға дейін белгілеуді қарастырып отыр. Ол үшін, ең алдымен, инвестициялық қаражатты барлық тиісті жұмыстарға бөліп есептеу қажет. Барлық іс-шаралар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін ғана уәкілетті орган мемлекеттік органдармен бірлесіп тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітеді, – деді Дамир Тоқтамысов.
Мемлекет халықтың әлжуаз топтарын қолдау үшін атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін төлеуде. Мәселен, өткен жылы мұндай қолғабыс түрі облыстың 8,5 мың тұрғынына көрсетілді.
Баспасөз мәслихатында “Севказэнерго” акционерлік қоғамы жүргізетін жөндеу жұмыстары туралы да айтылды. Биыл кәсіпорын бұл мақсатқа 7,2 млрд. теңге қаражат қарастырып отыр. “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз қаражаты есебінен бірақтар мәселелерді шешуді көздеуде.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.