Францияның Ницца қаласында күрес түрлерінен 1924 жылы Париж Олимпиадасының жеңімпазы атанған атақты балуан Анри Дегланды еске түсіруге арналған Гран-при турнирі аяқталды. Аталған жарыста солтүстікқазақстандық Эльмира Сыздықова табысты өнер көрсетті.
Ұзақ үзілістен соң, боз кілемге қайта оралған Эльмира өзінің алғашқы додасында ел қоржынына алтын жүлде салды. Алғашқы белдесуінде неміс қызы Лаура Селиннен басым түскен жерлесіміз одан кейін АҚШ өкілі Алексис Кеннедиді қапы қалдырды. Жартылай финалда Канада балуаны Тейлор Фолленси қазақ қызына еш қарсылық көрсете алмады. Финалда тағы бір канадалық Жюстина Стасионы ұтқан Элмира Сыздықова алтын медаль иегері атанды.
Жерлесіміз Азия чемпионатында алты (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) жүлде олжалағанын айта кеткен жөн. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпиада ойындарында үшінші орынға табан тіреген. Одан бөлек, Эльмира Сыздықованың басқа аса ірі халықаралық додаларда жеңіп алған жүлделері жетерлік. Бірақ ауыр жарақат алуына байланысты былтыр ол бірде-бір жарысқа қатыспаған. Есесіне биылғы маусымды жеңіспен бастады.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.