Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бір күннің ішінде шетелдік көліктерді заңдастыру үшін 58 адам жүгінді. Қазіргі күні олардың 10-ы рұқсат алып, “темір тұлпарларды” тіркеу мүмкіндігіне ие болды.
Мамандардың айтуынша, шетелдік көліктеруді тіркеу туралы өтініштерді облыс тұрғындары кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында немесе “e-gov” порталы арқылы жібере алады. Бұдан бөлек, “электрондық үкіметтің” сайтында жабық бокста тексерту үшін алдын ала кезек брондауға болады. Онда криминалистер агрегаттық нөмірлерді көлік құралын тіркеу туралы куәлігіндегі мәліметтермен салыстырып, автокөлікті криминалдық есептер бойынша тексереді. Егер машина талаптарға сай болса (шетелде есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен және т.б.) өтініш берген адам Қазақстанда тіркелген көліктің заңды иесі болады.
– Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қызметкерлер жұртшылықпен кездесіп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы сұрақтарға жауап берді. Барлық сұрақтар бойынша “t.me/petropavloskbanderos Telegram”-чатында кеңес алуға болады. Өңірімізде шетелдік тіркеудегі барлығы 7 мыңнан астам автомобиль бар. Бірреттік заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізілетінін айта кеткен жөн, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.