Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына арналған “Даланың данасы” атты тарихи-әдеби кеш өтті. Шараға М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің оқушылары, мұғалімдер, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып сөз сөйлеген еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов ойшыл дана, мемлекет және қоғам қайраткері Төле бидің Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының Ата Заңына айналған әйгілі “Жеті жарғы” заң жобасын шығарушы кемеңгерлердің бірі болғаны туралы баяндады. Өте дана, әділ, дарынды шешен, кемеңгер, Ұлы жүздің бас биі болғанына тоқталды. Келесі сөз сөйлеген жазушы, журналист Жақсыбай Самрат Төле бидің Ұлы жүзді басқарып, қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде нығайтқан, заңын жасасқан қоғам қайраткері, жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттық күресін бастаушылардың бірі болғанын айта келіп, халық ауыз әдебиетінде ол туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалғанын, халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралғандығын баса айтты.
С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі Ботакөз Мұхамеджанова “Еліне сөзі ем болған – Төле би” тақырыбында мазмұнды да мағыналы баяндама жасады. Қатысушылар “Ұлтымыздың данагөй абызы” атты кітап көрмесін тамашалады.
Дамира СЕРІКБАЕВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың кітапханашысы.