Диас Аяған
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жанынан өлеңге жаны жақын жастардың басын қосқан “Жас қаламгер” клубының құрылғанына бірнеше жыл болды. Аталған үйірмеде жас ақындар аға буын өкілдерінен тәлім алып, шеберліктерін шыңдайды. Мәдениет ордасында дәстүрге сай клубтың қаңтар айындағы отырысы өтіп, қатысушылар әдебиет пен өнер төңірегінде әңгіме өрбітті.
Бұл жолы жастармен кездесуге ақын, журналист Бектұрған Лақадыл келіп, үйірме мүшелерінің жырларын тыңдап, ақыл кеңесін айтты. Қалыптасқан үрдіс бойынша үйірме отырысында сондағы бір ақынның өлеңдері оқылып, талдау жасалды. Бұдан бөлек, шара барысында Ақәділ Талапбеков, Ерасыл Бақытжанов, Ақжар ауданынан арнайы келген Мөлдір Қыстаубай сынды жастар да жырларын ортаға салды. Жергілікті университет студенттері Еркежан Бағзат, Сержан Нұрдолқынұлының да сиясы кеппеген өлеңдері көптің көңілінен шықты. Жас ақындар мұндай шаралармен ғана шектеліп қалмай, облыс орталығында поэзия кештерін ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.
– Мен “Жас қаламгер” клубына көптен бері мүшемін. Осында тәлім алған бірнеше жылдың ішінде көп нәрсені үйрендім. Қаладан алыс жүрсем де осындай шығармашылық ортаны сағынамын. Сондықтан да жолдың шалғайлығына қарамай, кітапханаға арнайы келіп отырмын. Алдағы уақытта да осындағы шаралардан қол үзбей, атсалысып отыруға тырысамын, – дейді Мөлдір Қыстаубай.