“Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметі туралы” Заңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі міндеттер ішінде қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті сақтау, кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу талаптарына айрықша мән берілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Онда мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатудың, жеке бас және басқарушылық жауапкершілікті бір-бірімен ұштастыра отырып, үздіксіз жетілдірудің, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартудың нақты жолдары қарастырылған. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Елена Степаненко мен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменовтің Шал ақын ауданының активімен және жас мемлекеттік қызметшілермен, мектеп оқушыларымен өткізген кездесулері Президент белгілеп берген ауқымды реформалар, оның ішінде басқару жүйесіне жаңаша серпіліс беру, сапалық тұрғыдан тиімділігін арттыру, халықпен кері байланысты нығайту тұрғысында өрбіді.
Елена Федоровна уақыт талабына сай мемлекеттік аппаратты жаңғырту, оң имиджін қалыптастыру, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеу, қолдан жасалатын кедергілерді, қағазбастылықты жою туралы тәжірибелермен, алдағы міндеттермен бөлісті. Оның айтуынша, өңірде штат саны 2553 бірлікті құрайтын 362 жергілікті атқарушы орган жұмыс істейді. Бос лауазымдар саны – 192 немесе 7,5 пайыз. Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға жарияланған конкурстарға 66 мемлекеттік қызметші қатысып, 47-сі тағайындалды. 104 қызмет орны әлі бос тұр, олардың жартысына жуығы – басшылық лауазымдар. Шал ақын ауданында жергілікті атқарушы органдардың штат саны – 101, бос жұмыс орындары – 8. Былтыр 15 бос лауазымға орналасуға конкурс жарияланып, 13 адам қызметке қабылданған.
Кәсіби құзыреттілікті арттыру мақсатында 1023 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтіп, 895-і біліктілігін арттырған. Үш мыңға жуық жеке іске мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер жойылды. “Е-қызмет” автоматты есептеу жүйесіне 25107 құжат енгізілді. Бір қызметкерге шаққанда жалпы құжаттардың орташа санының көрсеткіші 10,8 бірлікті құрайды. Ауданда бұл көрсеткіш деңгейі төмен. Мәселен, құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бойынша – 0,5, қалалық әкімдікте – 0,75, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде – 1,8, жер қатынастары бөлімінде 13,3 бірлік қана.
Ведомство жетекшісі ауданда моральдық-этикалық нормаларды бұзудың бір фактісі тіркелгеніне, мәселенің тәртіптік кеңес отырысында талқыланғанына, мемлекеттік органдардың қызметіне және мемлекеттік қызметшілерге қатысты іс-қимылдарға қатысты сыни материалдарға мониторинг жүйелі түрде жүргізілетініне тоқталды. Оның бір мысалына аудан әкімі орынбасарының демалыс күні қызметтік автокөлікпен адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына тап болғанын келтірді. Сондай-ақ азаматтардың мүдделерін қорғайтын, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдардың қызметі, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған жолдарды жөндеу сапасы туралы жарияланымдар да назардан тыс қалмаған.
Аудан әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкіл штаты енгізілгені белгілі. Олардың қызметін жандандыру мақсатында бағалау критерийі қолданылып, тоқсан сайын жүзеге асырылады. Талдау қорытындыларына сәйкес, өткен жылдың 4 тоқсанында Петропавл қаласының, Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Қызылжар аудандары уәкілдерінің қызметі оң бағаланған. Шал ақын ауданы рейтингте соңғы орындардың бірінде. 2022 жылы 28 қараша мен 9 желтоқсан аралығындағы тексеру іс-шаралары барысында аудан аппаратында 19 заң бұзушылық тіркелді. Профилактикалық бақылау жүргізу кезінде анықталған кемшіліктер: “Б” корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурс өткізу рәсімдерінің сақталуын, персоналды басқару қызметтерінің (кадр қызметінің) белгіленген нысан бойынша мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімдерді жүргізуін, іссапарлар кезінде мемлекеттік қызметшілердің кепілдіктері мен өтемақылары бойынша талаптардың сақталуын қамтамасыз етпеу, “Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы” Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығына орай электрондық жеке істерді дұрыс толтырмау, құзыретті органда сенімгерлік басқару шартын тіркеудің болмауы, “Мемлекеттік қызметі туралы” Заңның қолданыстағы шектеулерімен таныспау, тағысын тағылар. Бұл фактілер кадр қызметінің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама нормаларын нашар білетіндігін, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді құқықтық хабардар ету қажеттігін, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтау бойынша түсіндірудің, басшылық тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін аңғартады.
2021 жылы облыс бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге 472 тәртіптік жаза кесілсе, былтыр бұл көрсеткіштің ұлғайғаны байқалады (559). Шал ақын ауданында тәртіптік жаза қолдану 42,3 пайызға артқан. Оның ішінде 25 қызметші өрескел заң бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Әдеп кодексін 18 мемлекеттік қызметші бұзған.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменовтің сөзі Президенттің “Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз”, – деген талабымен үндес шықты. Қазақстанға сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар қажеттігін, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйесі заман талабын ескеру арқылы қайта жаңғыртылуы тиістілігі мәселелерін ортаға салды. Лауазым иелерінің тәртіптік теріс қылықтар жасау себептерін ашып көрсетті.
– Алдымызда саяси реформаларды жүзеге асыру міндеттері тұр. Мемлекеттік қызмет, кадрдарды іріктеу, тағайындау барынша ашық әрі әділ болғаны дұрыс. Бұл іске азаматтардың әлеуетін, белсенділігін жұмылдыру үшін барлық платформаны іске қосқан жөн. Сонда ғана қоғамның сұраныстарына толық жауап беретін Жаңа Қазақстан құра аламыз. Адамзаттың дамуы рухани, қоғамдық ізгілендіру талаптарымен сәйкес келгенде ғана ілгері жылжи аламыз. Осылардың бәрін қалай орындау керек дегенде Абайдың “Толық адам” ілімі ойға оралады. Шенеунік барлық жағынан кемелденіп, ар-ождан, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді бойына ұялатып, басқаларға үлгі болғанда төре болдым деп шіренбейді, төрге ұмтылмайды. Керісінше, ішкі жан дүниесі байып, толысып, тек еліне, халқына қызмет етуді ғана ойлайды. Дүниеге қызықпайды, ел игілігі жолына барын салады. Сонда қоғамға шын пайдасы тиеді. Ешкімге байлаулы, тәуелді болмайды. Мемлекеттік қызметші кемеліне келген “толық адам” дәрежесіне көтерілсе, бар ой-арманы пайданы емес, арды ойлайтын принципке негізделер еді, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы залда отырған актив мүшелерін жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырды.
Аудан активімен кездесуден кейін азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Жас мемлекеттік қызметшілермен және Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназия түлектерімен кездесу барысында заңдық құқықтар мен міндеттер, департаменттің құзыреті, Әдеп кодексінің қағидаттары, мемлекеттік қызметке іріктеу, бос орындарға орналасу талаптары таныстырылды. Мансаптық ілгерілеудің кең мүмкіндіктері мен қоғамдық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері түсіндірілді.