Аризона университетінің білім беру бағдарламаларымен танысу, онда оқытылатын мамандықтар жайлы ақпарат беру үшін облыс орталығындағы мектептердің оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Оқушылар сарайында өткен шараға қатысқан шетелдік меймандар оқу үрдісі қалай жүргізілетінін айтты. Жиын барысында келешекте қосдипломдық бағдарламаға педагогикалық бағытты қосу туралы әңгіме қозғалды.
Америкадағы Аризона университетінің білім беру колледжінің деканы Роберт Берри қаладағы бірнеше мектепті аралап шыққанын, ондағы мақсат – мұғалімдердің оқушыларды қалай оқытып жатқанын көру екенін айтты. Меймандар М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттермен де тілдескен. “Мектеп бітірер түлектердің қандай проблемалармен бетпе-бет келетінін білу білім сапасын жақсартуға септеседі”, – дейді ол.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10-сынып оқушысы Алтынай Сәкен болашақта туризм мамандығын таңдайтынын айтады. Сондықтан М.Қозыбаев университетіндегі білім беру бағдарламаларымен танысуда, қосдипломдық бағдарламаға қатысу ойы бар. “ҰБТ-да география мен ағылшын тілін таңдап, туризм мамандығына түскім келеді. Туризм саласы өзіме жақын, себебі саяхаттағанды ұнатамын”, – дейді ол.
Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да 44 студент қосдипломдық білім беру жүйесімен, ал 100-ден астам жас халықаралық бағдарлама бойынша білімін шыңдап жатқанын айта кеткен жөн.