Солтүстікқазақстандық Ербол Хамитов парашаңғыдан әлем чемпионы атанды. Спринтті 2:44:23 уақытта бағындырған ол жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Спортшы бірнеше күн бұрын Швецияда өтіп жатқан жаһандық додада парабиатлоннан қола жүлде жеңіп алған болатын. Жерлесімізді айтулы жетістігімен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.
– Ербол Хамитов шаңғымен сырғанаудан спринтте әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды. Ол әлем біріншілігінің басты жарысында ерлік пен табандылық танытып, Швецияда туымызды көкке көтерді. Ербол Хамитовты, жаттықтырушыларды және барша спортсүйер қауымды осы жоғары жетістікпен құттықтаймын! Спортшыларымызға жаңа жеңістер тілеймін! – деп жазды облыс әкімі Айдарбек Сапаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аталмыш жарыста мәреге екінші болып украиналық спортшы Тарас Рад келсе, үшінші орынға бразилиялық Кристиан Вестмаер Рибейра ие болды. Әлем чемпионаты Швецияның Эстерсунд қаласында 21-29 қаңтар аралығында өтуде. Жарысқа әлемнің 18 мемлекетінен 102 спортшы қатысып жатыр.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.