Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралып, облыс әкімі Айдарбек Сапаров апаттың алдын алу бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар жайлы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай келе және ақ қар астында мұз қабатының болуын ескере отырып, су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары кірген. Ол өз сөзінде өткен жылы өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу тасқынның негізгі себебі болғанын атап көрсетті. Қардың уақтылы шығарылуы, су айдау құралдарының жеткілікті болуы және өзендердегі мұздардың ойылуы үлкен маңызға ие. Бүгінгі күні басу қаупі аймағында 255 елді мекен, су жайылуы мүмкін 482 автомобиль және 600-ден астам темір жол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар. Су тасқыны жағдайы қиындаған жағдайда 35 мыңнан астам адам, 11 мың бірлік техника, 12 дана “Қазавиақұтқару” әуе кемесі, 650-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан артық мотопомпа дайын тұр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, республика аумағында барлығы 1806 тірек гидротехникалық құрылыс есепке алынған. 1322 гидротехникалық нысанның 471-і жөндеуді қажет етеді. 41-і қайта жаңартылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылғанын айтты. Автожолдар мен жол құрылыстарына күнделікті бақылау күшейтіліп, инертті және басқа материалдарды дайындау шаралары қолға алынған.
Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдері де өңірлердегі ағымдағы жағдай мен жұмыс жоспарлары туралы есеп берді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров су тасқыны қаупін азайту мақсатында үшжылдық жол картасы іске қосылғанын, қазіргі уақытта белгіленген 9 шараның 4-уі орындалғанын, Есіл өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін, өтінім Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданғанын, жобалау биыл басталатынын жеткізді.
– Былтыр 4,5 шақырымдық арық жүйесі, 27 су өткізгіш құбыр салынды. Бескөл ауылының ықшамаудандарында осындай жұмыстар жүзеге асырылады. Тепличный және Прибрежный елді мекендерінде қорғаныс бөгетін тұрғызудың жобасы әзірленіп, жуырда сараптамаға жіберіледі. Облыс орталығындағы бөгетті жөндеу, Петропавл қаласын айналып өтетін республикалық маңызы бар жолды жаңалау белгіленген. Су тасқыны қаупі төніп тұрған 85 ауыл тұрақты бақылауға алынған, олардың 8-і су басу ықтималдылығы жоғары аймақта орналасқан. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға облыс резервінен 1 млрд. теңге қарастырылған. Қар шығару жұмыстары жалғасуда. “Қазгидрометтің” деректері бойынша, өңірде түскен жауын-шашын мөлшері көпжылдық көрсеткішпен деңгейлес, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр биыл қыс қарлы болғанын, ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейетінін ескертті. Бүгінде 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр.
– Ақтөбе және Алматы облыстарында елді мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды ширатулары керек, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлер су тасқынына толық дайын еместігін айтты. Қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді. “Дайындық жұмыстарының сапасына қатысты халықтың тарапынан көптеген шағымдар түсіп жатады. Өйткені олар өздерінің үй-жайына, мал-мүлкіне алаңдайды. Мәселен, Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында Нұра өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына қаржы бөлінбеген. Онда жыл сайын тасыған су жағалауды бұзып өтіп, үйлерге дейін шайып кетеді. Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейді”, – деген Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе ауылдық елді мекендерде уақтылы шығару тиістілігіне айрықша тоқталды.
Арықтарды, дренаждық жүйелерді, нөсер кәріздерін, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу маңызды. Жол картасында көрсетілген іс-шараларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерін жедел шешу керек. Әкімдер отырыста айтылған ұсыныстарды жете ескеріп, су тасқынын өздерінің жеке бақылауында ұстауы тиіс.
Премьер-Министр тоқталған тағы бір маңызды мәселе – тасқын кезінде жолдардың бұзылуы. Оған нақты мысалдар келтірілді. Қарағанды облысында жыл сайын су жолды шайып кетеді де, Нығман кентімен қарым-қатынас қиындайды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын ала дайындап алуға мәжбүр.
Әлихан Смайылов мұндай жағдай қайталанбауын ескертті. Әкімдіктер мұндай проблеманы түпкілікті шешуі қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдеріне жолдардың, көпірлер мен су өткізу бекеттерінің су тасқынына дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауға тапсырма берілді.
Үкімет басшысының пікірінше, гидротехникалық құрылыстардағы жағдай да алаңдаушылық тудырып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық баланстағы гидротехникалық объектілердің жағдайына ғана жауап беретінін айтты. Ал коммуналдық меншіктегілер мен жеке су қоймалары, бөгеттер ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып келеді.
– Бұл объектілердің иелері анықталып, коммуналдық және жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын әзірлеуі тиіс. Қазірден бастап су қоймаларындағы судың деңгейіне тұрақты бақылау жүргізу керек. Қажет болса, қауіпсіздікті сақтай отырып, ондағы суды алдын ала азайту шаралары қабылдансын, – деді Әлихан Смайылов.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.