Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Март и слива” атты заманауи спектаклдің тұсауы кесілді. Оны көпшілік назарына оқушылар мен студенттерден құралған “Тишина закулисья” атты жастар студиясы ұсынды.
“Март и слива” спектаклінде бүгінгі күннің өзекті проблемалардың бірі – отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынас мәселесі көтеріледі.
– Бұл идеяны студия актері Илья Беспосместных ұсынған болатын. Қойылымның мәтінімен танысып, жарты жыл дайындалдық. Мен дайындық барысында сценарийге көптеген өзгерістер енгіздім, – дейді режиссер Риана Исмаилова.
Илья Беспоместных – өнер колледжінің 2-курс студенті. Актер қойылымда басты рөлдердің бірін сомдады.
– Мен сомдаған кейіпкердің есімі – Слава. Бірақ оны жақындары “Слива” деп атайды. Ол қарапайым өмірде кездесетін қиындықтарға тап болады. Кейіпкер басында балалықпен барлығын қалжыңға айналдырып, мәселеге жеңіл қарайды, кейін қателігін түсініп, өзін өзгерткісі келеді, – дейді жас өрен.
Жастар студиясы ерекше қойылымдарымен көрермендерге таңдау жасаудың қаншалықты маңызды екендігін, оның тек шешім қабылдаған жанға ғана емес, жақындарына да тікелей әсер ететіндігін жеткізді.