Мемлекеттік қызмет істері департаментінде әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, бірнеше мәселе талқыланды. Облыстық әкімдік жанындағы әдеп жөніндегі уәкіл Сейілхан Серікбаев 2022 жылы атқарылған жұмысқа шолу жасады. Жүзеге асырылған іс-шаралар аясында 195 жеке қабылдау, 7 аудан мен 22 ауылдық округте көшпелі мәжіліс ұйымдастырылған. Әдеп жөніндегі уәкілге өтініш-тілектерімен 24 мемлекеттік қызметші жүгінген. 58 профилактикалық шараға 960 мемлекеттік қызметші тартылған. Бірінші басшының ұжымдағы рөлі, ондағы моральдық-психологиялық ахуал, мінез-құлық, адамдармен ілтипатты қарым-қатынас тақырыптары жүйелі түрде қозғалған.
Отырыста Есіл ауданының әкімі Медет Оспановтың жергілікті атқарушы органдарда қызметтік тәртіпті күшейтуге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты жүргізіліп жатқан шаралар жайлы есебі тыңдалды. Баяндамашы өз сөзінде ауданда мемлекеттік қызметшілер штаты 129 бірлікті құрайтынын, 11 орынның бос тұрғанын жеткізді. Былтыр 27 әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурс ұйымдастырылып, үміткерлердің жоқтығынан екі конкурс өтпей қалған. Аудан әкімдігінің аппаратына, ауылдық округтерге тұрғындар 698 рет өтініш-тілекпен келген. Олардың ішінде жер телімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, еңбек және жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша шағымданғандар көп.
Жеке қабылдауларға 367 азамат келген. Оларды сапалы ауызсу, жылу, жұмысқа орналасу, пай үлестерін алу жайы көбірек толғандырған. Жыл басынан бері 7601 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Электрондық қызметтің үлесі 89,1 пайызды құраған.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы бас маманының міндетін атқарушы Дархан Ермеков мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың жұмысына тоқталды. Былтыр әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге 559 әкімшілік жаза қолданылған. Оның ішінде 3 қызметші қызметінен босатылып, 1-нің қызметі төмендетілген. 21-не қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту берілген. Мемлекеттік қызмет саласында қолданыстағы заң нормаларын бұзу Мамлют ауданында көп тіркелген. Оған отырыста нақты мысалдар келтірілді. Мәселен, сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің бас маманы-бухгелтері Л.Казанцева тәртіптік шара қолдану туралы тәртіптік комиссия отырысының хаттамасымен таныстырылмаған. Қызыләскер ауылдық округінің әкімі К.Усмановқа тәртіптік жаза қызметтік тексеру жүргізілместен қолданылған.
Жиында Мамлют, Аққайың, Ақжар аудандары әкімдігі аппаратының басшылары Ғабит Мүсіреповтің, Махаббат Дүйсембаеваның, Елнұр Айтқұловтың тәртіптік комиссия қызметі бойынша есептері тыңдалып, әдеп кеңесінің мүшелері оларға орын алған олқылықтарды атап көрсетті. Кемшіліктерді шұғыл түрде жою, мемлекеттік қызмет жұмысын ширату, мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамын жақсарту міндеттері белгіленді.
Абзал ОРАЗЫМБЕТОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы.