Солтүстік Қазақстан облысында бес мыңға жуық беларус тұрады. Қызылжар өңірінде тұрып жатқан беларустардың ата-бабаларының көпшілігі Қазақстанға соғыстан кейінгі жылдары, тың жерлерді игеру кезінде келген. Тағдырдың жазуымен қазақ жерін мекен еткен оларды жергілікті жұртшылық жатсынған емес. Біз бірлігі жарасқан елде тірлік кешіп жатқанымызды мақтаныш етеміз.
Беларус мәдениетін дамыту, тарихын, ана тілін, әдет-ғұрпы мен дәстүрін зерттеу мақсатында 2003 жылдың қыркүйегінде “Солтүстік Қазақстан облыстық “Радзіма” беларус мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Биыл орталық өзінің 20 жылдығын атап өтпек.
Орталық беларус этносының бай мәдениетін жан-жақты көрсететін көптеген қызықты және танымдық іс-шаралар өткізеді. Ғарышкерлер күнін мерекелеу аясында “Бізді аспанмен де, жермен де байланыстырған көпір” атты шығармашылық кездесу ұйымдастырдық.
Үстіміздегі жылы бірлестіктің 20 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, 23-29 қаңтар аралығында орталықтың “Instagram” парақшасында беларус ғылымы күніне арналған материалдар жариялануда. Оларда беларустардың өнертабыстары қамтылып, ғалымдарының өмірбаяны мен жетістіктері айтылады.
Сәуір айында “Чернобыль одағы” қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа арналған “Естелік” атты “дөңгелек үстел” отырысын өткізбекпіз.
Аудандарда да беларус мәдениеті орталықтары жұмыс істеуде. Қызылжар ауданындағы “Калі Ласка”, Есіл ауданындағы “Добрыня” бірлестіктерінің жұмыстары нәтижелі. Аталған қоғамдық бірлестіктердің мүшелері беларус мәдениетін лайықты көрсете отырып, этносаралық қатынастар саласында белсенділік танытып, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларға атсалысады. Аудандардағы орталықтардың еліміздің татулығын сақтау бағытында атқарып отырған жұмыстарына ризамыз.
Сергей Чепурко, Михаил Романовский, Лидия Брил, Валентина Волчкевич, Оксана Самиева секілді жандар орталықтың іргетасын қалаған сәттен бастап, оның дамуына зор үлес қосып келеді. 10 жылдан астам өмірін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясын дамытуға арнаған беларус орталығының бірінші төрайымы Раиса Солопованың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Оның тәжірибесі, білімі, беларус мәдениетіне деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында орталық кейінгі жылдары және қазіргі уақытта тұрақты даму үстінде.
Мария ТАТАРЕНКО,
облыстық “Радзіма” беларус мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы.