И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың жанынан құрылған “Sаnа” әдеби-музыкалық клубының ұйымдастыруымен “Туған жерім – алтын бесігім” атты әдеби кеш өтті.
Кеш барысында қатысушылар өлкетану, өңірімізден шыққан тұлғаларды зерттеу мәселелерін көтеріп, Қызылжар тарихына қатысты тың деректермен бөлісті. Біздің өлкеміздің, қаламыздың дамуына зор үлес қосқандардың есімдері еске алынды. Спикерлер қала мен облыстың көрікті жерлері туралы айтып берді.
– Біздің өңірдің өткеніне үңілсек талай тарихқа қанығамыз. Қызылжардан аузы дуалы ақындар, шешендер, ел басқарған тұлғалар аз шықпаған. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ оларды біле бермейді. Ел аузында жүрген аңыздар да жетерлік. Солардың бәрі өлкетанушыларға, әдебиет зерттеушілеріне үлкен олжа, – деді өлкетанушы Дәстен Абылайұлы.
Шараның екінші бөлімінде композитор, өлкетанушы, термеші, айтыс жанашыры Дәстен Баймұқановтың шығармашылығы туралы сөз болды. “Ѕаnа” клубының қатысушыларының, туыстары мен әріптестерінің, спикерлердің, курстастарының лебіздері тыңдалды.
Шығармашылық кеште Дәстен Баймұқановтың әндері шырқалды. “Қазағым”, “Сандуғаш”, “Қанбақ”, “Дәуір” атты туындылар тыңдарманның көңілінен шықты.
Алтынай СЫЗДЫҚОВА,
И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханың қызметкері.