«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ – АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛ САЙЛАУ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Әділетті Қазақстан құру жолындағы ауқымды реформаларды табысты жүзеге асыруға басымдық берілуі саяси жаңа­рулар қоғам және уақыт талабынан туындап отырғанын тағы бір мәрте айғақтап берді. Соның бірі – кезектен тыс Мәжіліс және мәс­лихаттар сайлауы. Бұл науқанның бұрынғы сайлаулардан өзге­шелігі, партиялық тізім және бірмандаттық округ бойынша жа­сақтаудың ерекшелігі, аралас сайлау жүйесінің тиімділігі және басқа мәселелер жайлы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев жүйелеп айтып берді.

– Асқар Жоламанұлы, еліміз релі саяси өзгерістер алдында тұр. Президент Қасым-Жомарт То­қаев Парламент Мәжілісін және барлық деңгейдегі мәслихат де­путаттарының өкілеттіктерін мер­зі­мінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, сайлаудың өту мерзімін 19 наурызға белгіледі. Алдымен осыған тоқталып өтсе­ңіз. Мерзімінен бұрын сайлау өт­кізудің себебі неде?

– Сөзімді Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутатта­рының кезектен тыс сайлауын та­ғайындау туралы ел халқына арна­ған мәлімдемесінен бастағанды жөн көріп отырмын. Президент Мәжіліс­тің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы конституциялық рефор­малардың заңды жалғасы болып та­былатынын, былтырғы референдум­да халқымыз реформаға қолдау біл­діргенін, соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойын­ша жасақтауға көшкенін айта келіп: “Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институт­тарын жаңғырту жұмыстарының қо­рытынды кезеңі болмақ. Осылайша “Күшті Президент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет” қағидаты толық іске асады”, – деп атап көрсет­ті. Демек, дамудың жаңа дәуіріне аяқ басқан кезеңде қарқынды жаңару үде­рістерінің жүргізілуі, түрлі сын-қатерлерді бірігіп еңсере отырып, алға қойған маңызды міндеттерді орын­дау бәріміз үшін ортақ жауапкершілік болып табылады.

– Мәжіліс пен мәслихаттар сай­лауы 19 наурызға тағайындалды. Асығыстау болған жоқ па?

– Президент 2022 жылғы 1 қыр­күйектегі “Әділетті мемлекет. Біртұ­тас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауын­да Әділетті Қазақстан құру идеясы­ның түпкі мәні халықты ізгі мақсат­тар­ға жұмылдыру, еліміздің егемен­дігін және жеріміздің тұтастығын сақ­тап қалу екенін айта келіп, қазіргі гео­саяси жағдайда мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтатын саяси рефор­малар мен жаңару бағдарламасы қа­жеттігін атап көрсетті. Демек, ескі тә­сіл бойынша сайланған биліктің өкіл­ді органдарын кезектен тыс сайлау ар­қылы жаңарту үшін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу – уақыт талабы. Бұл жолғы сая­си жүйе азаматтардың өзін-өзі бас­қару ісінен бастап, жалпыұлттық си­паттағы барлық саланы қамтып отыр. Жұртшылықтың сұранысына негізделген, уақыт талап еткен ке­шенді жаңғырту бағдарламасына саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайраткерлері, са­рапшылар, зерттеушілер тарапынан айтылған сындарлы ұсыныс-пікірлер мұқият зерделеніп, нәтижесінде Қа­зақстанды дамытудың саяси моделі алға шығарылды. Атап айтқанда, би­лік институттарының тепе-теңдігін оң­тайландыру, Парламенттің рөлін кү­шейту, өкілді билік тармағын қайта құра отырып, халықтың сенім ман­датына ие болған депутаттарға жоға­ры жауапкершілік жүктеу, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқа­тар функциясын қайта қарау, мәсли­хаттардың ықпалын барынша күшей­ту, сайлау жүйесін жетілдіру және жаңғырту, партиялық жүйені дамыту­дың нақты бағыттары белгіленді.

– Өкілеттілігі тоқтатылған өңірдегі барлық деңгейдегі мәсли­хаттар жемісті жұмыс атқарды, сай­лаушылар сенімін ақтады деп айта аламыз ба?

– Әрине. Өткен шақырылымдағы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайланған депу­тат­тар саны 194 болды. Олар өз мүм­кіндіктері мен әлеуеттерін тиімді пай­даланып, халық қалаулысы деген құрметті атқа кір келтірген жоқ. Өңір­дің әлеуметтік-экономикалық да­муына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жергілікті жерлерде қор­даланған түйінді проблемалардың шешілуіне белсене атсалысты. Сай­лаушылармен жүйелі түрде кездесіп, қабылдаулар ұйымдастырып, өзекті мәселелерді тиісті орындарға жеткі­зуге ұйытқы болды.

– Сарапшылардың жорама­лы­на қарасақ, биылғы сайлауда бә­се­ке жоғары болатын сыңайлы. Бұл пікірлер қаншалықты қи­сынды?

– Бәлкім олар сайлау жүйесіндегі өзгерістерге орай болжам жасап отыр­ған болар. Алдымен мына мә­селені баса айтқым келеді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауының болатыны осыдан жарты жылдан астам бұрын жария етілді. Президент: “Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қа­зақстан құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды”, – деген бола­тын. Демек, кандидаттар мен саяси партияларға сайлауға жан-жақты дайындалуға жеткілікті уақыт бөлінді деген сөз. Екіншіден, Конституция мен заңдарға енгізілген толықтыру­лар, былайша айтқанда, әділ сайлау ережелері үміткерлердің барлығына қалыпты жағдай тудырары, көпшілік өз таңдауларын ықтиярымен жаса­ры, сөйтіп, саяси жүйенің орнықты да тиімді болуын қамтамасыз етері сөзсіз.

Алдағы сайлаудың басты ерек­шелігі – пропорционалды-мажори­тарлы жүйе бойынша өтетіні. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бірмандатты округтер бойынша сайланады. Яғни Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партия­лық тізім, қалған 30 пайызы бірман­даттық округтерден, ал облыстар мен республикалық маңызы бар қа­лалардағы мәслихат депутаттары ара­лас жүйе бойынша сайланады. Яғни үміткерлердің 50 пайызы – бірман­даттық жүйемен, 50 пайызы пар­тиялық тізіммен өтеді. Аудандық және облыстық маңызы бар қала­лар­дағы мәслихат сайлауында аза­маттар бірмандаттық округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Бір атап өтетіні, үміткерлер партия­лар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға да құ­қылы. Сонымен бірге партия мүшелерінің санына қатысты талап та өз­герді.

Саяси ұйымдардың Парламент­ке өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға, мүшелер­дің саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін, партиялардың әр аймақтағы өкілде­рі­нің саны 600 адамнан 200 адамға дейін шегерілді. Сайлау бюллетеніне “бәріне қарсымын” де­ген баған енгі­зілді. Депутаттық мандаттың 30 пайы­зын әйелдерге, жастарға және ерекше мұқтаждығы бар азаматтарға беру бөлінісі сақ­талады. Бұдан бы­лай Мәжілістің жаңа құрамында Қа­зақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Мұндай өзгерістер сайлау үдерісіндегі, елімізді демо­кратияландыру жолындағы айрықша қадам болып саналады. Саяси бәсе­кені күшейтіп қана қоймай, қоғамның одан әрі жаңғыруына зор ықпалын ти­гізеді. Саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.

Биылдан бастап Парламент жұмысына да өзгерістер енгізілді. Заң жобаларын Мәжіліс қабылдап, Се­нат мақұлдайды. Жаңадан жасақта­латын Мәжілісте мандат саны 9-ға қыс­қарып, 107-ден 98-ге дейін азайды.

– Асқар Жоламанұлы, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәсли­хаттар сайлауының талаптарын түсіндіре кетсеңіз.

– Ата Заңымызға сәйкес Қазақ­стан Республикасының азаматтығын алған және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрып жатқан, жасы 25-ке толған адам Парламент депутаты бола алады. Мәслихат депутат­та­рын жалпыға бірдей тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге ха­лық сайлайды. Ол үшін үміткердің жасы 20-дан асуы шарт.

Конституцияның 86-бабының 5-тармағына, “Қазақстан Республика­сын­дағы сайлау туралы” Заңның 101-бабының 3-тармағына, “Қазақ­стан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған мәс­лихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау ко­миссиясы Президент Жарлығының негізінде тағайындайды және сайлау мәслихаттар өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс. Ор­талық сайлау комиссиясының оты­рысында сайлау барысы талқыла­нып, дайындығы мен өткізілуін ұйымдастырудың, материалдық-техника­лық және қаржылық жағынан қамта­масыз етудің кешенді іс-шаралар тізбегі бекітілді.

Жалпы алғанда, облыс бойынша облыстық мәслихатқа – 30, аудандық мәслихатқа – 145, қалалық мәсли­хатқа 18 депутат сайланады. 1 қаң­тардағы мәлімет бойынша сайлау­шылар тізіміне 384451 сайлау құқы­ғы бар азамат енгізілген. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсы­ну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасып, жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркел­ген мерзімнен басталып, сайлау бо­латын күннен бір күн бұрын аяқта­лады. Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Дауыс бе­руді аяқтаудың басқа мерзімі белгі­ленбесе, учаскелік сайлау комиссия­лары жергілікті уақытпен сағат 20:00-де дауыстарды санай бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы тол­ты­рады. Бұл жұмыстармен 631 сай­лау учаскесі мен 819 сайлау комис­сиясы айналысады.

Мына санаттағы азаматтар Пар­ламент, мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды: сотталған­дығы белгіленген тәртіппен өтелме­ген немесе алынып тасталмаған, сы­байлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдар.

Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде сайлау ко­миссиялары маңызды рөл атқаратындықтан, оларға кәсіби түрде жұ­мыс істеу міндеті қойылған. Бұл та­лап жаңа форматта өтетін сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы ат­қарылуын қамтамасыз ету талабы­нан туындап отыр. Ең бастысы, ал­дағы сайлаудың заңға сәйкес өтуі, әділ әрі ашық болуы қатаң қадаға­ланып, жауапты мемлекеттік орган­дар, қоғамдық ұйымдар, азаматтар қадағалаушы, бақылаушы ретінде заңдық нормалардың қатаң сақта­луына ортақ мүдделілік, белсенділік, жауаптылық танытуы маңызды. Бас­ты шарт – сайлау арқылы еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін көр­сету, қоғамымызды бір мақсатқа бірік­тіру, ұйыстыру.

– Сайлау үдерісінің маңызды элементі – сайлаушылар тізімін түзу тәртібі де ерекше жауапты­лық­ты қажет етеді ғой?

– Дұрыс айтасыз, әрбір азамат­тың сайлауда конституциялық құқы­ғы­ның бұзылмауы, сақталуы өте ма­ңызды. Тіркеу орны бойынша және әрбір сайлау округі шегінде сайлаушылардың толық тізімін жасау, дұ­рыстығын қамтамасыз ету міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүк­теледі. Сондықтан сайлауға әзірлік жұмыстарын мұқият орындап, бар­лық мүмкіндікті жұмылдыру қажет. Әсіресе Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар де­путаттары сайлауының бір мезгілде өткізілетінін барынша ескерген жөн. Сайлаушылар сайлау учаскесінің ау­мағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, атқарушы органдарға тиісті тізімге енгізу жөнінде жазбаша өті­нішпен жүгінуі керек. Азаматтар сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жаз­баша өтінімді тиісті әкімдіктерге 17 ақ­панға дейін, яғни дауыс беру күніне отыз күн қалғанда ұсынуға тиіс. Ал әкімдіктер 28 ақпанға дейін сайлау­шылардың тізімдерін учаскелік ко­мис­сияларға тапсыруға міндетті. Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 4 наурыздан кешіктірмей аза­маттардың тұрғылықты жері бойын­ша сайлаушылардың тізімдері таны­суға ұсынылып, оны әкімдіктің сайты не­месе колл-орталығы арқылы тексе­руге болады.

– Өңірде қандай саяси пар­тиялардың филиалдары тір­келді?

– Халық мүддесін қорғай білетін, талап-тілектерін үнемі назарда ұс­тайтын партиялар азаматтық қоғам­ның басты тірегі саналады, оларға үлкен сенім артылады. Барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттығына кан­дидаттардың тізімдері облыстық фи­лиалдардың конференциялары ар­қылы ұсынылады. Облыста “Amanat”, “Қазақстан халық партиясы”, “Республика”, “Ақжол”, “Ауыл, “Со­циал-демократиялық паритияның” филиалдары жұмыс істейді. Бұл партиялар мәслихат де­путаттығына өз үміткерлерін ұсына алады. Бүгінге дейін Мәжіліске түсуге – 2, аудандық мәслихатқа 10 үміт­кер тілек білдірді.

Бұдан бөлек, партиялық тізімге енгізілген болмаса бірмандаттық ок­руг бойынша сайланатын кандидат­тардың Конституцияда және консти­ту­циялық заңда белгіленген талап­тарға сәйкестігін тексеру жүзеге асы­рылады. Тиісті құжаттар келіп түс­кеннен кейін дереу уәкілетті органдарға сұрау салынады.

Ауқымды өзгерістерге солтүстікқазақстандықтар да зор қолдау біл­діріп отыр. Сондықтан сайлау мемлекетіміздің, әрбір қазақстандықтың өміріндегі түбегейлі серпіліс боларына сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp