Қасиетті Қызылжар өңірінен ұлан-байтақ жерімізді, бытырай қонған елімізді арам пиғылды жаудан қорғаған қол бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, “егеулі найза қолға алған” баһадүр батырлар аз шықпаған ғой. Тәуелсіздік туы желбірегеннен бері осы біртуар алыптарымызды халқымен қайта қауыштырған игілікті шаралардың атқарылып жатқаны рас. Мұндай рухани жиындар биыл да жалғасын таппақ. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Біздің батыр бабалар” деген атаумен ұйымдастырылған шара атақты қолбасшы, дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлының 360 жылдығына арналды.
“Қожаберген жырау – әнші-күйші, сазгер ғана емес, ел тағдыры таразы басына тартылған жорықтарда қалың қолды бастаған батыр, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы сияқты конституциялық пәрмені бар “Жеті жарғыны” жазған жеті бидің бірі. Ғасыр жасаған тарихи тұлға ғұмырының алпыс жылға жуығын қазақтың азаттығы үшін күресіп, ат үстінде өткізген”. Әдеби кешке қатысқан ардагер-ұстаз Қарақат Шалабаев осылай сөз сабақтап, ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі Бұқардың Қожаберген жырауды ұстаз тұтқанын,
“Өсиет айт деп сұрасаң,
Бұқар деген ағаңнан.
Үлгі алыңдар, балалар,
Қожаберген бабаңнан”, – деп жырына қосқанын жеткізді.
Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау ісінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы да аз еңбектеніп жатқан жоқ. Мәдениет ордасы 2015 жылы “Қожаберген жырау” атты қойылым әзірлеп, оны еліміздің бірнеше театрында сахналады. Шарада осы спектакльде Қожаберген жыраудың рөлін сомдаған актер Нұрбол Асқаров пен театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров сөз алып, туындының қалай әзірленгендігі туралы айтып берді.
Ақын-жазушылардың, зерттеушілердің Қожаберген бабамыздың ғибратты ғұмырына қызығушылығы ешқашан да бәсеңсіген емес. Даңқты қолбасшының өмірі мен еңбегі қазақ халқының алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді де қызықтырған. Ыбырай Алтынсарин Қожабергеннің атын 1879 жылы Орынбор баспасынан жарық көрген “Қазақ хрестоматиясы” және Қазан қаласында басылып шыққан “Мәктубат” деген кітабына енгізеді. Жиынның меймандары сөз арасында осы фактіні де тілге тиек етті.
Есімі өңірімізге белгілі дәстүрлі әнші Біржан Есжанов орындаған “Қазағым-ай” әні, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпардың Қожаберген жырауға арнаған өлеңі жиналғандардың көңілінен шықты.
Бұқар жырау Қожабергенге арнаған “Ғадыл ер” деген толғауында:
“Көшебе Керей ағасы,
Толыбай сыншы баласы.
Қол бастаған Қожекең,
Үш жүздің болды-ау данасы”, – деп жырлапты. Қазақтың бақытты ғұмырын аңсаған асыл бабамыздың ғұмыры жайлы айтылған деректер мен мол мағлұматтар кешке қатысқан Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушыларының санасына сәуле құйғанына сенеміз.