«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Табан тірер тұрағымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылды қазақсыз, қазақты ауылсыз елестету қиын. Қанша жерден кеуде керіп, қала тұрмысына дағдыландық дегенімізбен кіндігіміз туған жердің топырағына байлаулы тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мен Мамлют ауданындағы Токаревка ауылында туып, сонда мектеп бітірдім, Омбының мал дәрігерлік институтын тамамдадым. Жеке шаруашылықпен айналысқаныма жиырма жылдан асты. Бүгінгі таңда “Хуландой” және “БОРЗ” жеке шаруашылықтарында отызға тарта адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Жұмыстың жеңілі болмайды. 2012 жылдан бері аталған шаруашылықтардың ыстығына күйіп, суығына тоңып, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын арқалап, туған жерді көркейту жолында қолдан келген харекетімді істеудемін. Қарамағымдағы 3800 гектар жерге бидай, зығыр, рапс, арпа сынды түрлі дақылдар егеміз. Алынған өнімнің біразын мал азығына жұмсасам, қалған бөлігінен ауыл тұрғындары өз үлестерін алады. Шаруашылықта 320-ға тарта қара мал бар. Етті және сүтті бағытты қатар дамытып келеміз. Қорада мал болған соң, тұрғындар қысы-жазы жұмыс істейді. Мемлекеттің көмегінің арқасында шаруашылық жыл сайын жаңа техникалармен толығуда. Елге еткен азын-аулақ еңбегіміз еленіп, “Парыз” сыйлығын еншіледік.

Ауылды көркейту – бәріміздің де көкейімізде жүрген мәселе. Осында өстік, осында ат жалын тартып міндік. Енді туған жерімізге қолдан келгенше көмек көрсету, дамыту – азаматтық парызымыз. Бір әттеген-айы, Токаревка ауылында тұрғындар саны жыл өткен сайын сиреп, қазір отыздан аса отбасы ғана қалды. Мен де өткен 20 жылдың ішінде туған ауылыма шама-шарқымша көмек жасадым. Солардың бастыларын айтар болсам, әсіресе зейнет жасындағы тұрғындарға, тұрмысы төмен отбасыларға әр мерекеде қаржылай және заттай жәрдем беремін. Жылдағы дәстүр бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушылары оқу құралдары мен киімді шаруашылық есебінен тегін алады. Бір қынжылатын жағдай, ауылда мектеп жоқ. Амалсыздан оқушыларды іргедегі Новомихайловкаға тасуға мәжбүрміз. Келер ұрпақтан ештеңені аямау керек деп ойлаймын, олардың ішінен болашақта мықты спортшылар, өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері шықпасына кім кепіл?

Жергілікті білім ошағының жабылғанына 10 жылдан асты. Алайда өзім бастама көтеріп, мектеп ғимаратын жөндеуден өткіздім. Қазір ішінде керек дүниенің бәрі бар, ыстық және суық су да тартылған. Алдағы жылдары ауылда адам саны көбейіп, жастар қоныс аударып келіп жатса, мектебіміз қайта ашылатын шығар деген үміт те жоқ емес. Көңілге сенім ұялатар жаңалық – облысымызға оңтүстік өңірлердегі ағайындар мен шетелдегі қандастар келіп, іргеміз бекіп, керегеміз кеңіп жатқан жайы бар. Бұл – өте құптарлық іс. Жұмыс күші көп өңірлердегі іскер жандар келіп, бос жатқан жерді малға, иесіз үйді жанға толтырса, көсегеміздің көгергені деп білемін. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ауылды көркейту жолында тынбай еңбектене береміз. Ауылда ауызсу мәселесі де шешілгенін айта кеткен жөн.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауылды дамытудың бес жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ұлықтау рәсімінде қазір тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін уақыт екенін, сол себепті арқаны кеңге салып, босаңсуға болмайтынын, бірден іске кірісуіміз керектігін айта келіп, ең алдымен, қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталған болатын. “Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. “Ауыл – ел бесігі” деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз”, – деген болатын.

Шыны керек, кезіндегі шалқыған шаруашылықтар тоқсаныншы жылдары тоқырауға ұшырады. Қара халық қиыншылық пен жоқшылықты бірге көріп, көбі бала-шағаның қамымен жан-жаққа көшіп кетті. Сондай алмағайып кезеңде ауылдың экономикасын құлатпай ұстап тұрған білікті шаруашылық иелері болғанын бүгінде мақтанышпен айтамын. Қиындыққа мойымай, болашақтан күдер үзбеген төзімді жандардың арқасында кейбір ауыл егінін егіп, малын өсіріп осы күнге аман жетті.

Дегенмен бүгінде солтүстіктегі кейбір ауылдардың қаңырап жұрты ғана қалды. Бала болмағасын мектеп жабылатыны ақиқат. Ондай жерге ешкім де қоныс аударып барғысы келмейді. Тағы бір айтарым, жастарға идеологиялық тәрбие жетіңкіремейтін сыңайлы. Аспаннан шелпек жаумайтынын, бәрі бірден бола қалмайтынын түсінбей, қиял әлемінде қалықтап жүретіндер көп. Жастарды ауылға тарту бағдарламасын қайтадан пысықтауымыз керек. Бұл – ауылдың болашағына қатысты мәселе, әсте жеңіл-желпі қарауға болмайды. Егемендіктің ерке самалымен тербеліп өскен жастар елдің болашағы ауылдарымызды сақтап қалуда жатқанын сезінуі керек қой. Президеттің ауылды дамыту туралы жоспары биылдан бастап жүзеге асса, онда оты сөнген кейбір ошақтарда тіршілік көзі қайтадан пайда болары даусыз.

Нәбиолла Сағындықов,

“Хуландой” ЖШС-ның директоры.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp