Солтүстікқазақстандық құқық қорғаушылар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың төрағалығымен өткен кеңесте интернет-алаяқтықпен күресу мәселесі талқыланды.
Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, өңірімізде мұндай қылмыстардың саны жыл сайын көбейіп отыр. Мәселен, 2017 жылы 61 факті тіркелсе, 2022 жылы бұл сан 781-ге дейін өскен. Ең көп шығын “банктен қоңырау шалу” схемасы бойынша келтірілген. Қылмыскерлер адамдарды миллиондаған несие алуға және ақшаны алаяқтардың өздеріне тиесілі “резервтік шоттарға” аударуға көндіреді.
Кездесуде құқық қорғаушылар несие беру рәсімін жетілдіру мәселесін көтерді. Банк секторы өкілдерінің айтуынша, менеджерлер үшін тиісті нұсқаулар әзірленуде. Олар тұтынушының үшінші тұлғалардың қысымынсыз қарызды ресімдегелі жатқанына көз жеткізуі тиіс. Полицейлер ақпараттық жұмысты күшейтуді, адамдарға алаяқтардың схемаларын және Азаматтық кодексте көзделген банктік заемға қатысты дауласу мүмкіндігін түсіндіруді ұсынды. Сондай-ақ ұсыныстар арасында дропперлерді анықтау, ресми сұраулар бойынша жауап алу уақытын қысқарту үшін жедел ақпарат алмасу бар.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.