Өңірде сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға биыл “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 190 квота бөлінді. Қазіргі уақытта болашақ ата-аналар медициналық тексеруден өтуде. Жалпы үш жылда президенттік бағдарламаның арқасында экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен 125 ерлі-зайыпты перзент сүйді.
Облыстық көпсалалы аурухана жанындағы перинаталдық орталық баспасөз қызметінің мәліметінше, “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында биыл бөлінген квота былтырғыдан 20-ға аз. Былтыр өңірге тегін ЭКО жасатуға 210 квота берілген болатын.
Перинаталдық орталықтың бұл бағдарламаға қатысқанына үшінші жыл. 2021 жылы 217 квота бөлініп, соның 90 пайыздан астамы пайдаланылды. Осы аралықта жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде дәрігерлер 125 әйелді босандырып алды. Өмірге 16 егіз сәби келді.
Дәрігерлердің айтуынша, ЭКО процедурасын негізінен жасы 30-дан асқан келіншектер алған.
Өңірде бедеулік мәселесі өткір тұр. Мамандар 700-ден астам отбасыны репродуктивті қызметтерінің бұзылуына байланысты есепке алған.
Жалпы былтыр облыстық перинаталдық орталық 6,5 мыңнан артық пациентті қабылдап, 4,5 мыңға жуық келіншекті босандырды. Соның 1150-де кесарь тілігі қолданылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.