Әділетті Қазақстан құру жолындағы ауқымды реформаларды табысты жүзеге асыруға басымдық берілуі саяси жаңарулар қоғам және уақыт талабынан туындап отырғанын тағы бір мәрте айғақтап берді. Соның бірі – кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы. Бұл науқанның бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі, партиялық тізім және бірмандаттық округ бойынша жасақтаудың ерекшелігі, аралас сайлау жүйесінің тиімділігі және басқа мәселелер жайлы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев жүйелеп айтып берді.
– Асқар Жоламанұлы, еліміз релі саяси өзгерістер алдында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісін және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, сайлаудың өту мерзімін 19 наурызға белгіледі. Алдымен осыған тоқталып өтсеңіз. Мерзімінен бұрын сайлау өткізудің себебі неде?
– Сөзімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы ел халқына арнаған мәлімдемесінен бастағанды жөн көріп отырмын. Президент Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы конституциялық реформалардың заңды жалғасы болып табылатынын, былтырғы референдумда халқымыз реформаға қолдау білдіргенін, соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшкенін айта келіп: “Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидаты толық іске асады”, – деп атап көрсетті. Демек, дамудың жаңа дәуіріне аяқ басқан кезеңде қарқынды жаңару үдерістерінің жүргізілуі, түрлі сын-қатерлерді бірігіп еңсере отырып, алға қойған маңызды міндеттерді орындау бәріміз үшін ортақ жауапкершілік болып табылады.
– Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызға тағайындалды. Асығыстау болған жоқ па?
– Президент 2022 жылғы 1 қыркүйектегі “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында Әділетті Қазақстан құру идеясының түпкі мәні халықты ізгі мақсаттарға жұмылдыру, еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу екенін айта келіп, қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтатын саяси реформалар мен жаңару бағдарламасы қажеттігін атап көрсетті. Демек, ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарын кезектен тыс сайлау арқылы жаңарту үшін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу – уақыт талабы. Бұл жолғы саяси жүйе азаматтардың өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы барлық саланы қамтып отыр. Жұртшылықтың сұранысына негізделген, уақыт талап еткен кешенді жаңғырту бағдарламасына саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, зерттеушілер тарапынан айтылған сындарлы ұсыныс-пікірлер мұқият зерделеніп, нәтижесінде Қазақстанды дамытудың саяси моделі алға шығарылды. Атап айтқанда, билік институттарының тепе-теңдігін оңтайландыру, Парламенттің рөлін күшейту, өкілді билік тармағын қайта құра отырып, халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеу, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру және жаңғырту, партиялық жүйені дамытудың нақты бағыттары белгіленді.
– Өкілеттілігі тоқтатылған өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттар жемісті жұмыс атқарды, сайлаушылар сенімін ақтады деп айта аламыз ба?
– Әрине. Өткен шақырылымдағы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайланған депутаттар саны 194 болды. Олар өз мүмкіндіктері мен әлеуеттерін тиімді пайдаланып, халық қалаулысы деген құрметті атқа кір келтірген жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жергілікті жерлерде қордаланған түйінді проблемалардың шешілуіне белсене атсалысты. Сайлаушылармен жүйелі түрде кездесіп, қабылдаулар ұйымдастырып, өзекті мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге ұйытқы болды.
– Сарапшылардың жорамалына қарасақ, биылғы сайлауда бәсеке жоғары болатын сыңайлы. Бұл пікірлер қаншалықты қисынды?
– Бәлкім олар сайлау жүйесіндегі өзгерістерге орай болжам жасап отырған болар. Алдымен мына мәселені баса айтқым келеді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауының болатыны осыдан жарты жылдан астам бұрын жария етілді. Президент: “Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды”, – деген болатын. Демек, кандидаттар мен саяси партияларға сайлауға жан-жақты дайындалуға жеткілікті уақыт бөлінді деген сөз. Екіншіден, Конституция мен заңдарға енгізілген толықтырулар, былайша айтқанда, әділ сайлау ережелері үміткерлердің барлығына қалыпты жағдай тудырары, көпшілік өз таңдауларын ықтиярымен жасары, сөйтіп, саяси жүйенің орнықты да тиімді болуын қамтамасыз етері сөзсіз.
Алдағы сайлаудың басты ерекшелігі – пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтетіні. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бірмандатты округтер бойынша сайланады. Яғни Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім, қалған 30 пайызы бірмандаттық округтерден, ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша сайланады. Яғни үміткерлердің 50 пайызы – бірмандаттық жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен өтеді. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бірмандаттық округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Бір атап өтетіні, үміткерлер партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға да құқылы. Сонымен бірге партия мүшелерінің санына қатысты талап та өзгерді.
Саяси ұйымдардың Парламентке өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға, мүшелердің саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін, партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны 600 адамнан 200 адамға дейін шегерілді. Сайлау бюллетеніне “бәріне қарсымын” деген баған енгізілді. Депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше мұқтаждығы бар азаматтарға беру бөлінісі сақталады. Бұдан былай Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Мұндай өзгерістер сайлау үдерісіндегі, елімізді демократияландыру жолындағы айрықша қадам болып саналады. Саяси бәсекені күшейтіп қана қоймай, қоғамның одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.
Биылдан бастап Парламент жұмысына да өзгерістер енгізілді. Заң жобаларын Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдайды. Жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 107-ден 98-ге дейін азайды.
– Асқар Жоламанұлы, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының талаптарын түсіндіре кетсеңіз.
– Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алған және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрып жатқан, жасы 25-ке толған адам Парламент депутаты бола алады. Мәслихат депутаттарын жалпыға бірдей тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Ол үшін үміткердің жасы 20-дан асуы шарт.
Конституцияның 86-бабының 5-тармағына, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңның 101-бабының 3-тармағына, “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы Президент Жарлығының негізінде тағайындайды және сайлау мәслихаттар өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс. Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау барысы талқыланып, дайындығы мен өткізілуін ұйымдастырудың, материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз етудің кешенді іс-шаралар тізбегі бекітілді.
Жалпы алғанда, облыс бойынша облыстық мәслихатқа – 30, аудандық мәслихатқа – 145, қалалық мәслихатқа 18 депутат сайланады. 1 қаңтардағы мәлімет бойынша сайлаушылар тізіміне 384451 сайлау құқығы бар азамат енгізілген. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасып, жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркелген мерзімнен басталып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын аяқталады. Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20:00-де дауыстарды санай бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтырады. Бұл жұмыстармен 631 сайлау учаскесі мен 819 сайлау комиссиясы айналысады.
Мына санаттағы азаматтар Парламент, мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды: сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынып тасталмаған, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдар.
Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде сайлау комиссиялары маңызды рөл атқаратындықтан, оларға кәсіби түрде жұмыс істеу міндеті қойылған. Бұл талап жаңа форматта өтетін сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз ету талабынан туындап отыр. Ең бастысы, алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуі, әділ әрі ашық болуы қатаң қадағаланып, жауапты мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, азаматтар қадағалаушы, бақылаушы ретінде заңдық нормалардың қатаң сақталуына ортақ мүдделілік, белсенділік, жауаптылық танытуы маңызды. Басты шарт – сайлау арқылы еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін көрсету, қоғамымызды бір мақсатқа біріктіру, ұйыстыру.
– Сайлау үдерісінің маңызды элементі – сайлаушылар тізімін түзу тәртібі де ерекше жауаптылықты қажет етеді ғой?
– Дұрыс айтасыз, әрбір азаматтың сайлауда конституциялық құқығының бұзылмауы, сақталуы өте маңызды. Тіркеу орны бойынша және әрбір сайлау округі шегінде сайлаушылардың толық тізімін жасау, дұрыстығын қамтамасыз ету міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Сондықтан сайлауға әзірлік жұмыстарын мұқият орындап, барлық мүмкіндікті жұмылдыру қажет. Әсіресе Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауының бір мезгілде өткізілетінін барынша ескерген жөн. Сайлаушылар сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, атқарушы органдарға тиісті тізімге енгізу жөнінде жазбаша өтінішпен жүгінуі керек. Азаматтар сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінімді тиісті әкімдіктерге 17 ақпанға дейін, яғни дауыс беру күніне отыз күн қалғанда ұсынуға тиіс. Ал әкімдіктер 28 ақпанға дейін сайлаушылардың тізімдерін учаскелік комиссияларға тапсыруға міндетті. Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 4 наурыздан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың тізімдері танысуға ұсынылып, оны әкімдіктің сайты немесе колл-орталығы арқылы тексеруге болады.
– Өңірде қандай саяси партиялардың филиалдары тіркелді?
– Халық мүддесін қорғай білетін, талап-тілектерін үнемі назарда ұстайтын партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі саналады, оларға үлкен сенім артылады. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттардың тізімдері облыстық филиалдардың конференциялары арқылы ұсынылады. Облыста “Amanat”, “Қазақстан халық партиясы”, “Республика”, “Ақжол”, “Ауыл, “Социал-демократиялық паритияның” филиалдары жұмыс істейді. Бұл партиялар мәслихат депутаттығына өз үміткерлерін ұсына алады. Бүгінге дейін Мәжіліске түсуге – 2, аудандық мәслихатқа 10 үміткер тілек білдірді.
Бұдан бөлек, партиялық тізімге енгізілген болмаса бірмандаттық округ бойынша сайланатын кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру жүзеге асырылады. Тиісті құжаттар келіп түскеннен кейін дереу уәкілетті органдарға сұрау салынады.
Ауқымды өзгерістерге солтүстікқазақстандықтар да зор қолдау білдіріп отыр. Сондықтан сайлау мемлекетіміздің, әрбір қазақстандықтың өміріндегі түбегейлі серпіліс боларына сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.