«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үш жүздің болған данасы

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Қасиетті Қызылжар өңірінен ұлан-байтақ жерімізді, бытырай қонған елімізді арам пиғылды жаудан қорғаған қол бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, “егеулі найза қолға алған” баһадүр батырлар аз шықпаған ғой. Тәуелсіздік туы желбірегеннен бері осы біртуар алыптарымызды халқымен қайта қауыштырған игілікті шаралардың атқарылып жатқаны рас. Мұндай рухани жиындар биыл да жалғасын таппақ. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Біздің батыр бабалар” деген атаумен ұйымдастырылған шара атақты қолбасшы, дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлының 360 жылдығына арналды.

“Қожаберген жырау – әнші-күйші, сазгер ғана емес, ел тағдыры таразы басына тартылған жорық­тар­да қалың қолды бастаған батыр, Есім ханның ескі жолы, Қасым хан­ның қасқа жолы сияқты конституция­лық пәрмені бар “Жеті жарғыны” жаз­ған жеті бидің бірі. Ғасыр жасаған та­рихи тұлға ғұмырының алпыс жылға жуығын қазақтың азаттығы үшін кү­ресіп, ат үстінде өткізген”. Әдеби кешке қатысқан ардагер-ұстаз Қара­қат Шалабаев осылай сөз сабақтап, ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі Бұқардың Қожаберген жырауды ұстаз тұтқанын,

“Өсиет айт деп сұрасаң,

Бұқар деген ағаңнан.

Үлгі алыңдар, балалар,

Қожаберген бабаңнан”, – деп жырына қосқанын жеткізді.

Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңі­нен насихаттау ісінде Сәбит Мұқа­нов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы да аз ең­бектеніп жатқан жоқ. Мәдениет ор­дасы 2015 жылы “Қожаберген жы­рау” атты қойылым әзірлеп, оны елі­міздің бірнеше театрында сахнала­ды. Шарада осы спектакльде Қожа­берген жыраудың рөлін сомдаған актер Нұрбол Асқаров пен театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойба­за­ров сөз алып, туындының қалай әзірленгендігі туралы айтып берді.

Ақын-жазушылардың, зерттеу­шілердің Қожаберген бабамыздың ғибратты ғұмырына қызығушылығы ешқашан да бәсеңсіген емес. Даңқ­ты қолбасшының өмірі мен еңбегі қа­зақ халқының алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді де қызықтыр­ған. Ыбырай Алтынсарин Қожабер­геннің атын 1879 жылы Орынбор баспасынан жарық көрген “Қазақ хрестоматиясы” және Қазан қала­сын­да басылып шыққан “Мәктубат” деген кі­та­бына енгізеді. Жиынның меймандары сөз арасында осы фак­тіні де тілге тиек етті.

Есімі өңірімізге белгілі дәстүрлі әнші Біржан Есжанов орындаған “Қа­зағым-ай” әні, ақын, Қазақстан Жа­зушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпардың Қожаберген жырауға ар­наған өлеңі жиналғандардың көңілінен шықты.

Бұқар жырау Қожабергенге ар­наған “Ғадыл ер” деген толғауында:

“Көшебе Керей ағасы,

Толыбай сыншы баласы.

Қол бастаған Қожекең,

Үш жүздің болды-ау данасы”, – деп жырлапты. Қазақтың бақытты ғұ­мырын аңсаған асыл бабамыздың ғұмыры жайлы айтылған деректер мен мол мағлұматтар кешке қатыс­қан Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушыларының са­насына сәуле құйғанына сенеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp