«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ажары кірген Арықбалық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауылдарды дамыту, онда тұра­тын адамдардың өмір сапасын жақ­сарту мемлекеттік саясаттың аса ма­ңызды бағыттарының бірі болып та­былады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ауыл – ел бесігі” жобасын жү­зеге асыруға бағытталған 30 млрд. теңгеге үш жыл ішінде қосымша тағы 90 млрд. теңге бөлуді тапсырған бо­латын. Бұл қаражатты көлік, ауызсу, газбен қамту сияқты инфрақұ­ры­лымдық мәселелерді шешумен қа­тар, мектеп, аурухана, спорт алаңда­рын салуға және жөндеуге жұмсау белгіленді. “Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жол­дауында игерілмей жатқан жерді қай­тарып алу жөніндегі комиссяның жұ­мысына баға беріліп, жылдың соңы­на дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу міндеттелді. Иге­рілмей жатқан болмаса заңсыз бе­ріл­ген жер көлемі әлі де көп екенін ес­керсек, жер телімдеріне қатысты нақ­ты шешімдердің қабылдануы ауылдықтардың көңіліне үміт отын жағып, алдағы жұмыстарға оң ықпалын ти­гізеріне сенім зор. Президент ұлық­тау рәсімінде сөйлеген сөзінде Үкі­метке алдағы 5 жылға арналған нақты жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

Мемлекет басшысының өңірлік саясатты жетілдіру талабын жергі­лікті билікке қарата айтуында үлкен мән бар. Өйткені тұрғындармен қарым-қатынас жасап, олар­дың проблемаларын шұғыл түрде шешу құзыреті тікелей жергілікті ат­қарушы органдарға жүктелген. Де­мек, өңірлер бойынша ауылдарға қа­тысты шешімдердің қабылданып, түпкілікті жүзеге асырылуына, дер­бес те батыл қадам жасалуына жауапты деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, халық алдындағы жауаптылық деңгейі нақты іспен, адамдар ара­сындағы әлеуметтік теңсіздіктердің азаюымен, бюджет қаражатының мақ­сатты жұмсалуымен өлшенеді.

Үкімет отырысында қаралып, бе­кітілген 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар облыс дамуының негізгі қа­зығы болды десек, асыра айтқандық емес. Облыстың әлеуметтік-экономи­калық өсу қарқыны ұлғайып, тұр­ғындардың өмір сүру сапасы жақсар­ғанын бәріміз көріп-біліп отырмыз. “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша 300-ден астам ауылды жаңғырту жұ­мыстарының жүргізілетіні, осы ке­зең­де жалпы құны 43 млрд. теңге бо­латын жарты мыңнан астам жобаны орындаудың жоспарланғаны, сөйтіп, 244 мың адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні – мұ­ның бәрі шалғай жерлердегі инфра­құрылымдары дамыту басты бағдар болып қала беретінін көрсетеді. Бағ­дарламада 307 тірек және спутниктік ауылдарда жаңа өңірлік стандарт­тарға сәйкес жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектеп­тер, балабақшалар, Мәдениет үйле­рі салынып, жөнделетіні белгіленген. Астықты өлкеге айрықша назардың аударылуы тектен-тек емес. Мұны стратегиялық, аграрлық, өнеркәсіп­тік маңыздылығын, атап айтқанда, еліміздің барлық ауыл шаруашылы­ғы өнімінің 11 пайызы өндірілетінін, астықтың төрттен бірі өсірілетінін, сондай-ақ табиғи өсімнің кемуі салдарынан экономикалық белсенді халық санының азаюын, ауылдық жер­лерде мұғалім, дәрігер, тағы бас­қа мамандық иелерінің тапшылығын жете ескеруден түзілген кешенді іс-қимыл жоспары деп түсінген абзал. Мәселен, демографиялық теріс саль­доның 2013-2017 жылдары 21,1 мың адамды құрауы шынында алаң­датарлық жайт. Бұл бағдарлама тірек елді мекен тізіміне жататын Арықбалық сияқты ауылдарға да тіке­лей қатысты. Бұрын аудан орта­лығы болған ауылдың келбеті айтар­лықтай өзгерді. Аудан әкімі Ерболат Бекшенов тұрғындармен кездесуде жаңғырту жұмыстары биыл да жал­ғасын табатынын атап өткен болатын.

1824 жылы құрылған Көкшетау округінің құрамына Арықбалық меке­ні де кіріп, өзен бойына дон ка­зактары жайғасып, балық аулауды кәсіп еткен. Кейін “станица Арыкба­лыкская” деп аталып кеткен. 1849 жыл­дары Волга казактары мен По­волжьенің ерікті шаруалары қоныс­тана бастаған. Келімсектер 1858 жылы шіркеу салып, оған Александр Невскийдің атын берген. 1868 жылы төрт сыныпты мектеп ашылып, ал­ғашқы мұғалімі Иван Волков болған. 1928 жылы Петропавл округінің, 1932 жылы Қарағанды, 1936 жылы Солтүстік Қазақстан, 1939 жылы Ақ­мола облысының құрамына кірген. 1944 жылы жаңадан ашылған Көк­шетау облысына берілген. 1955 жылы аумағының бір бөлігі Чистопол ауданына қосылған. 1997 жылы Арық­балық ауданы таратылып, Айыртау ауданының құрамына кірген.

Арықбалық бүгінде болашағы зор елді мекендер санатында. Мұнда үш мыңнан астам адам тұрады. Ауылдағы ағайындардың көшпей, тұрақтап қалуына жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың тигізіп жатқан игі әсері айтарлықтай. Өткен жылы мұнда жаңа модульдік қазандық жұмыс істей бастады, оған дәрігерлік амбулатория, ауылдық Мәдениет үйі, дәмхана, екі көппәтерлі үй, 11 жеке үй қосылған. Күтімсіздік салда­рынан тоз-тозы шыққан мәдениет ғимаратының сиқы адам қарағысыз болатын. 1985 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген. Был­тыр 211,6 млн. теңге бөлініп, қал­пына келтірілді. Сырты-іші түгелдей безендіріліп, түрлі іс-шаралар ұйым­дастыру орталығына айналды. Жер­гілікті ауыл шаруашылығы тауарла­рын өндірушілердің демеуімен кітап­хана жиhазбен толықты. Жастар­дың спортпен алаңсыз шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Көше жа­рықтандырылып, тұрғындардың өті­нішімен “Jusan bank”-тың банкоматы орнатылды.

Ауыл жайлы ауданның құрметті азаматы Анатолий Игнатьевич Мигаль өз ойын былай сабақтады: “Арықбалықта тұрып жатқаныма отыз жылдан асты. Бұрындары Ки­ров, Элеватор көшелерімен көлік түгіл адамның жүруі өте қиын бола­тын. Қазір асфальт төселді, тақтай­дай тегіс. Мені спорт және ойын алаң­дарының жаңа кейпі қуантады. Шешімін табуы тиіс бір мәселе бар, ол – бүкіл саябақ аймағын одан әрі абаттандыру жұмысын кешеуілдет­пеу. Сондай-ақ Элеватор көшесіне за­манауи қоршау орнатуды қолға алу керек”.

Еңбек ардагері Василий Красников Имантау көлінің жағдайына алаң­даушылық білдіреді. Оның ай­туынша, жыл сайын ол жақтағы ту­ристік аймақты дамытуға қомақты қа­ражат жұмсалғанымен, қайтарымы көңіл көншітпейді. Екатерина Сте­фа­ни­ди су мұнарасын қайта құру не­месе жаңа ғимарат салу қажеттілігін айтады. Округ әкімі Аян Әшімов бұл мәселелер шешілетінін жеткізді. Сон­дай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тап­қан боздақтардың құрметіне арнал­ған мемориалды жөндеу, Мәдениет үйіне балаларға мультфильмдер көр­сету үшін экран сатып алу, интернет пен ұялы байланыстың сапасын жақ­сарту, кентішілік жолдарды қыста кү­тіп-ұстау секілді өтініш-ұсыныстар тұ­рақты бақылауға алынатын болды.

Келесі жылы тұрғындар Арық­ба­лық елді мекенінің 200 жылдығын атап өтпек, Оған дейін “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кешенді шараларды ат­қару міндеті тұр.

Әйгерім ОМАРОВА,

журналист.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp