Тоқшын мен Знаменское ауылдарының арасында Омбыдан келе жатқан петропавлдықтардың көлігінен ақау шыққан. Айдалада тұрып қалған көліктің іші тез суитыны белгілі. Тоңып қалған қала тұрғындарын патрульдік полиция батальонының инспекторлары Сұлтан Қуанышев пен Совет Балтабаев байқап қалады. Жол полицейлері облыс орталығынан эвакуатор шақырып, жаураған қалалықтарды техника келгенге дейін қызметтік көлікке отырғызған.
Мамлют ауданындағы Покровка ауылында тұратын бір отбасы – әкесі, анасы және ұлы үшеуі Меңгесер ауылынан мал азығын сатып алып, үйлеріне қайтып келе жатқан кезде көлік тіркемесінің доңғалағы жарылып қалады. Жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтірмеу үшін сағатына 20-30 шақырым жылдамдықпен жүруге тура келген. Осылай құр темір дискімен 50 шақырымды жүріп өтеді. Афонькино мен Воскресеновка ауылдарының арасында оларды Дубровное ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Әлібек Өсіпов байқап қалған. Тәртіп сақшысы Мамлютка қаласына бара жатыпты. Полиция қызметкері көмегін ұсынып, ұлын үйіне дейін жеткізіп салған. Кейін ол қайтып оралып, тіркеменің доңғалағын ауыстырған.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.