«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Сен де кеттің, мен де кеттім…”

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқа­лы санамызда бұрыннан қалып­тас­қан көп қағида күшін жойды. Жаңа­шыл идеялар дәстүрлі ой-танымымызды өзгертіп, айналадағы әлемді басқаша тани бастадық. Өмірімізге дендеп енген ғаламтор болса, бізге бұрын түсімізге кірмеген мүмкіндік­тер сыйлады. Енді әр адам қай қиыр­да жүрсе де, көгілдір экранның күші­мен бар әлемді шарлай алады. Бұл өзгерістер аға буынға айтарлықтай әсер етпегенімен, жастардың жаңа толқынын қалыптастырды. Соған сай олардың құндылықтары да, көз­қарастары да басқаша. Қазіргі жас үлкен қаланың қайнаған өмірін аңсап, сонда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жетістікке жетсек дейді. Кейінгі ұрпақтың бойында ертеңге де­ген ұмтылыс, талап бары қуантады. Алайда арманға алып-ұшқан албырт сезім ұл-қыздарға артқа көз тастап, ойлануға мұрсат берер емес. Көппен бірге тілеуімізге жетеміз деп жүрген­дер ауылдан адасып қалғандарын да аңғармай қалады. Содан болар жастары аз бүгінгі елді мекендердің күйі жүдеу, ертеңі бұлыңғыр.

Ауыл халқының ішінде жастар үлесінің азаюы – қоғамды көптен алаң­датып отырған мәселе. Өкініш­ке қа­рай, біздің облысымыз – 14 пен 29 жас аралығындағылардың мигра­ция­лық қозғалысы ең жоғары ай­мақ. Яғни теріскейлік ауыл жастары басқа жақтарға қоныс аударуға бейім деген сөз. “Жастар” ғылыми зерттеу орта­лығы жүргізген “Қазақстандағы ауыл жастарының әлеуметтік көңіл күйі және өзекті мәселелері” атты зерттеу көрсеткендей, солтүстік өңір­лердегі жастардың басым бөлігі өз бола­ша­ғын ауылмен байланыс­тыр­майды екен. Аталған зерттеу ба­рысында “Сіз болашақта ауылда тұр­ғыңыз ке­ле ме?” деген сұраққа қаты­су­шылар­дың 72 пайызы “жоқ” деп жа­уап бер­ген. Ал әрбір оныншы адам шетелде тұруға қарсы емесін көр­сеткен. Көр­шілес Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарындағы елді мекендердің жас тұрғындары да ауылдан көшуді қалайтындығын көр­сетті. Байқап отырғанымыздай, миг­рациялық көңіл күйдің жоғары болуы – барлық солтүс­тік өңірлерге тән мә­селе. Бір қызығы, аталған зерттеуде отбасын құрған ауыл жастарының басқа жаққа сирек көшетіні айтылған.

Енді осындай көңіл күйді туын­дат­қан себептерге келсек, ауылды қа­лаға айырбастауға ниетті ұл-қызда­рымыздың жартысы жұмыссыздық мәселесін сөз қылса, тағы бір бөлігі еңбекақының төмендігін, елді мекен­нің орталықтан қашық болуын, тұр­ғын үй мәселелерін, сапалы білім мен медицинаның қолжетімсіздігін себеп етеді.

Бұдан бөлек, аталған зерттеуде ауылда тұрып жатқандардың түрлі мә­селелерге көзқарасы мен өмір сү­ру деңгейі талданады. Атап айтқан­да, Қызылжар өңірінің елді мекен­дерін­дегі 97 пайыз тұрғын көшеде жүр­генде өздерін қауіпсіз сезінеді. Ал Ал­маты, Ақмола, Маңғыстау облыста­рын­да көбі ауылдық жерде жүруге қауіптенеді екен. Жоғарыда айтыл­ған мәселелерден бөлек, біз­дегі ауыл жастарының бойына дем­деп енген дерт – маскүнемдік. Бұл көрсеткіш бойын­ша облысымыздың көш бастап тұрғаны өкінішті.

Жастар мәселесіне қоғам назарын аударып, оны шешуде осындай зерттеулердің берері мол. Мұндағы көрсеткіштер жастармен жұмыстың ақсаған тұстарын көрсетіп тұр. Әсі­ресе соңғы буынның көбінің көшуге ниетті екені көңілдегі күмәнді арт­тыра түседі. Осындайда ойға Мұ­қағали Мақатаевтың:

“Сен де кеттің, мен де кеттім, олда кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды ау, ұят бол­ды ау, қауымнан!” – дейтін жыр жолдары еске түседі. Ал бүгінгі буын қаншалықты мойнындағы жауапкер­шілікті сезініп, қалада қызық қуып жүргеніне қысылып жүр? Керісінше, олар екі қолға бір күрек таппаса да, тұрмысы төмен болса да қалалық жерде жүруді қалайтындай.

Бұл мақаланы жазу барысында бірқатар жастар ұйымдарына хабар­ласып, ауыл жастарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шарала­ры жайлы сұрадық. Ондағы жетек­шілер мұндай бағдарламалардың аз еместігін, бүгінде елді мекендегі жас­тардың кәсіп бастауы үшін төмен пайызбен несие алып, қайтарымсыз грант иегері атануға мүмкіндігі жоға­ры екенін жеткізді. Сонымен қатар шалғайдағы ауруханалар мен мек­теп­терге жұмысқа тұратындарға көр­сетілетін көмек те аз емес. Осыны түсінгендер бүгінде берілген мүмкін­дікті пайдаланып, ауылдарда тер төгіп, сондағы елдің алғысына бө­леніп отыр. Сондай жандардың бірі – Ернұр Жолдасбаев. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұра­тын ол ауыл­дықтарға кілем жуу қыз­метін ұсынып, табыс табуда.

– Алғашында мұндай бизнестің ауылда сұранысқа ие болатынына күмәнмен қарадым. Бірақ ондағы тұрғындар да қаладағы сияқты түрлі қызметтерді қажет ететінін көрдім. Бү­гінде кәсібім кеңейіп, бірнеше адам­ды жұмыспен қамтып отырмын. Об­лыстың бірнеше ауданынан бөлек, Қостанай облысынан да тапсырыс­тар түсіп тұрады. Мен бүгінгі жастар­ға тәуекелден қашпай, ойларын жү­зеге асыруға кеңес беремін, – дейді ол.

Айта берсек, көздегеніне жеткен Ернұр сияқты жас­тарды көптеп мысалға келтіруге бо­ла­ды. Олар елдің бесігі саналатын ел­ді мекен­дерден жырақтамай, ақ ар­мандарын жүзеге асыруда. Қалада пәтер жал­дап, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың шо­ғыры да осындай тәуекелшіл жан­дар­дан үлгі алып, ерік жігерін елге пайда әке­летін іске арнаса дейміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp