«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҒУДЫҢ ҚАМЫ

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңестің осы жылдағы алғашқы отырысы өтіп, өңір тұрғындарын толғандырып жүр­ген бірқатар мәселелер қаралды. Со­ның бірі – Петропавл №2 жылу-электр орталығының жұмысы. Об­лыс­тық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қар­масы басшысының міндетін атқа­ру­шы Евгения Островская 24 қыр­күйекте басталған жылыту маусымы кестеге сай өтіп жатқанын айтты. Жөн­деу-қалпына келтіру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 12 қазандық агрегатының жетеуі істеп тұр. Апаттық жағдайдағы №1 және 11 қазандықтар, жоспар бойын­ша жөнделуі тиіс №3 қазандық қалпы­на келтірілуде. Бұдан бөлек, №2 қазандық та жөнделіп жатыр. Ал 7 турбоагрегаттың бесеуі іске қосыл­ған, екеуі – резервте. Жылдар бойы жөні түзу жөндеу көрмеген жылу-электр орталығын апаттан кейін қай­тадан қалпына келтіруге акционер 17 млрд. теңге бөлген. Ауқымды жұмыс­ты 230 жұмысшысы бар мердігер ком­пания атқарып жатыр.

Жылу-электр орталығында көмір мен мазут жеткілікті. Қазір орталықта 22 күнге жететін 133 мың тонна көмір бар. Алдағы күндері тағы 4,5 мың тон­насы жеткізіледі екен. Бұдан бөлек, 1365 тонна мазут қоры жасалғанын айтқан Евгения Островская жылыту маусымына алаңдауға еш себеп жоқ екенін тілге тиек етті.

Жалпы “СевКазэнерго” акцио­нер­лік қоғамына тиесілі қазандық­тар­дың 52 пайызының, құбырлардың 55 пайызының тозығы жеткенін айта кеткен жөн. Биылғы қысты еңсерсек, көктем шыға 6 қазандық пен екі тур­бинаны жөндеу және былтыр опыры­лып құлаған мұржаның орнына жа­ңасын тұрғызу жұмыстары жүргізіле­ді. Бұдан бөлек, күл үйетін орынды ке­ңейту көзделген.

– Өткен жылы Петропавл №2 жылу-электр стансасын қалпына кел­тіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Соның аясында мұржаны толық бұ­зып, істеп тұрған екі мұржаны тек­сердік. Қазандық цехының бас кор­пусындағы түтін сорғыш бөлімді жа­ңарттық, – деді “СевКазэнерго” ак­ционерлік қоғамы директорының өнді­ріс жөніндегі орынбасары Петр Богданов.

Сәуір айының алғашқы онкүн­дігінде екі мұржаның біреуі жөндеу үшін сөндіріледі. Жөндеу жұмыстары үш айға созылады деп жоспарлан­ған. Бұл уақытта қызылжарлықтар ыс­тық судан тарлық көрмейді. Өткен жылы жаздағы жөндеу жұмыстары кезінде үш қазандық жұмыс істесе, биыл жеті қазандық қосулы болады.

Отырыста кәсіпкерлік нысандар­дың жылу мен жарықа ақы төлеу мә­селесі де сөз болды. “СевКазэнер­госбыт” серіктестігі көпқабатты үй­лердің бірінші қабатында орналасқан кәсіп­керлік нысандардан пайдаланған қуат үшін басқа сома ала бастаған. Нақ­тырақ, төлем бұрынғысынан 2-3 есеге көбейген. Оның үстіне кәсіпкерлік нысандарға “қосалқы тұтыну­шы” деген атау беріліпті. “СевКазэнергосбыт” серіктестігінің бас директоры Мағауия Сағындықов жа­ңаша есептеудің ережеге сай жүргі­зіліп жатқанын айтты. Бұл әрекетпен облыстық кәсіпкерлер палатасы да келіспей отыр.

Қоғамдық кеңес оты­рысында өндіріс орындарындағы ең­бек қауіпсіздігі мәселесі де талқы­ланды. Былтыр өңірімізде жұмыс ба­рысында 38 оқыс оқиға болып, сал­дарынан 44 адам зардап шегіп, ал­тауы қайтыс болды. Ал екі жыл бұ­рын жұмыс орнында сегіз адам қаза тапқан еді. Әсіресе соңғы үш жылда “СевКазэнерго” акционерлік қоғамы­ның аумағында болған 8 апат төрт адамның өмірін жалмады.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшы­сы Марат Омаров барлық жаза­тайым оқиғалар Қазақстан Респуб­ли­касының қолданыстағы еңбек заңна­масына сәйкес тексерілгенін айтты. Тергеу қорытындысы бойынша 33 арнайы тергеу материалы поли­ция органдарына жіберілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалар негізінен шағын бизнес және ауыл шаруашы­лығы ұйымдарында, сондай-ақ бюджет­тік салада тіркелген. Соның ішін­де шағын бизнес ұйымдарындағы жа­затайым оқиғалардың үлесі шама­мен 24 пайыз, ауыл шаруашылы­ғын­да – 21 пайыз және бюджет саласы ме­кемелерінде – 18 пайыз. Ең көп жазатайым оқиға Петропавл қаласы мен Тайынша ауданында тіркелген.

Арнайы талдау 13 жағдай зардап шеккендердің абайсыздығынан бол­ға­нын көрсеткен. 9 жағдайда жұмыс барысы дұрыс ұйымдастырылмаған, ал 6 оқиғада қауіпсіз еңбек тәсілде­рін оқыту жүргізілмеген, 3 жағдайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афа­насьев еңбек инспекциясы маман­дарының заңгерлік білімінің жоқтығы да бұл жағдайды ушықтырып отыр­ғанын айтты. Себебі олар қызмет көрсету мен жұмыстың айырма­шылығын білмейді. Бұдан бөлек, инс­пекция мамандары азаматтық еңбек шарты мен еңбек шартының да ара­жігін ажырата алмай отырған сыңайлы. Жұмыс берушілер жұмысшы­мен азаматтық еңбек шартын ғана жасасуға құштар. Жазатайым оқиға болса, жауапкершіліктен құтылула­рына оңай. Сондықтан осы жайтқа назар аударған абзал.

Отырыс барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, авто­мобиль жолдары және жолаушылар тасымалы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмысының қорытындысы ай­тылды. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі облыстық де­партаменті превенция басқармасы­ның басшысы Дамир Хабибуллин Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомо­биль жолдары және жолаушылар та­сымалы бөлімі келісімнің 70 пайыз­дан астамын бір көзден жасағанын айтты. Әсіресе ведомство жанын­дағы “Коммунхоз” кәсіпорнымен жа­салған келісімдер – осының айғағы. Үш жыл ішінде “Коммунхоз” кәсіп­орнына өзі атқара алмай қосалқы мердігерлерге тапсырған жұмысы үшін 14 млрд. теңге қаржы аударыл­ған. Бөлімнің лауазымды қызметкер­лері бұл соманың 7,8 млрд. теңгесін заңсыз төлеген. Себебі бұл кәсіп­орын мемлекеттік сатып алушылар тізімінде теріс пікірге ие. Егер бөлім ке­лісімдерді бір көзден емес, мемле­кеттік сатып алу веб-порталы арқы­лы жасаса, мұндай заңсыздықтар болмас еді.

Заңсыздықтар жылма-жыл қайталанғанымен, одан сабақ алған жан болмағанын тілге тиек еткен қо­ғамдық кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маман­дарына қаланы қардан тазалау жұ­мысына жіті тексеріс жүргізілсе де­ген ұсыныстарын айтты. Себебі бұл қызметте де мемлекеттің қаржысын пайда көрген сұғанақ қолдыларды анықтау керек.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp