Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен және “Ауыл аманаты”, “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту”, “Жайлы мектеп” ұлттық жобаларының іске асу барысымен танысты.
Вице-премьер алдымен шағын несиелеу бағдарламасына қатысушылармен кездесті. Өңірде өз ісін ашып және дамытқысы келген азаматтардың кәсіпкерлік бастамалары қолдау тауып келеді. Соңғы 3 жылда бұл мақсатқа 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бизнес ашуға 1000 өтінім түсіп, биыл жастарға кәсіп ашуға 650 млн. теңгенің 130 шағын несиесі рәсімделген.
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов “Жас өркен” шағынауданындағы биыл пайдалануға берілетін жаңа емхананың құрылысымен танысты. “Береке” шағынауданында да дәл осындай тағы бір емхана бой көтеруде. Сондай-ақ “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында аудандарда 46 медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл – фельдшерлік-акушерлік бекеттер, дәрігерлік амбулаториялар және медициналық қосындар. Кішкенекөл ауылында жаңа емхананың құрылысы жоспарланған. Жалпы еліміздің аймақтары мен шалғай ауылдарда 2023-2025 жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 650-ден астам медициналық нысан салынып, 30-дан астам емдеу мекемесіне күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов 68 заманауи зертханамен жабдықталған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа оқу-зертханалық корпусына барды. Былтыр Аризона университетімен бірігіп, қос дипломды оқу бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Халықаралық бағдарлама бойынша қазір әр қаладан келген 155 студент білім алып жатыр. Студенттер үшін 1700 орындық жаңа жатақхана салынуда.
Сонымен қатар “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 4 білім ошағының құрылысы басталатынын айта кеткен жөн.
Премьер-Министрдің орынбасары Қызылжар ауданы, Чапаево ауылындағы “Қызылжар сүт” ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасында да болды. Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, соңғы жылдары өңірде 30 заманауи сүт кешені салынған. 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы саласында 141 млрд. теңгенің 72 жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл – сүт фермалары, құс етін шығаратын фабрикалар, майды экстракциялау зауыты және жылыжай кешендері. 2022 жылы 10,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған, болашақта тағы 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
“Рrimeminister.kz”.