Диас Аяған
Адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқалы санамызда бұрыннан қалыптасқан көп қағида күшін жойды. Жаңашыл идеялар дәстүрлі ой-танымымызды өзгертіп, айналадағы әлемді басқаша тани бастадық. Өмірімізге дендеп енген ғаламтор болса, бізге бұрын түсімізге кірмеген мүмкіндіктер сыйлады. Енді әр адам қай қиырда жүрсе де, көгілдір экранның күшімен бар әлемді шарлай алады. Бұл өзгерістер аға буынға айтарлықтай әсер етпегенімен, жастардың жаңа толқынын қалыптастырды. Соған сай олардың құндылықтары да, көзқарастары да басқаша. Қазіргі жас үлкен қаланың қайнаған өмірін аңсап, сонда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жетістікке жетсек дейді. Кейінгі ұрпақтың бойында ертеңге деген ұмтылыс, талап бары қуантады. Алайда арманға алып-ұшқан албырт сезім ұл-қыздарға артқа көз тастап, ойлануға мұрсат берер емес. Көппен бірге тілеуімізге жетеміз деп жүргендер ауылдан адасып қалғандарын да аңғармай қалады. Содан болар жастары аз бүгінгі елді мекендердің күйі жүдеу, ертеңі бұлыңғыр.
Ауыл халқының ішінде жастар үлесінің азаюы – қоғамды көптен алаңдатып отырған мәселе. Өкінішке қарай, біздің облысымыз – 14 пен 29 жас аралығындағылардың миграциялық қозғалысы ең жоғары аймақ. Яғни теріскейлік ауыл жастары басқа жақтарға қоныс аударуға бейім деген сөз. “Жастар” ғылыми зерттеу орталығы жүргізген “Қазақстандағы ауыл жастарының әлеуметтік көңіл күйі және өзекті мәселелері” атты зерттеу көрсеткендей, солтүстік өңірлердегі жастардың басым бөлігі өз болашағын ауылмен байланыстырмайды екен. Аталған зерттеу барысында “Сіз болашақта ауылда тұрғыңыз келе ме?” деген сұраққа қатысушылардың 72 пайызы “жоқ” деп жауап берген. Ал әрбір оныншы адам шетелде тұруға қарсы емесін көрсеткен. Көршілес Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарындағы елді мекендердің жас тұрғындары да ауылдан көшуді қалайтындығын көрсетті. Байқап отырғанымыздай, миграциялық көңіл күйдің жоғары болуы – барлық солтүстік өңірлерге тән мәселе. Бір қызығы, аталған зерттеуде отбасын құрған ауыл жастарының басқа жаққа сирек көшетіні айтылған.
Енді осындай көңіл күйді туындатқан себептерге келсек, ауылды қалаға айырбастауға ниетті ұл-қыздарымыздың жартысы жұмыссыздық мәселесін сөз қылса, тағы бір бөлігі еңбекақының төмендігін, елді мекеннің орталықтан қашық болуын, тұрғын үй мәселелерін, сапалы білім мен медицинаның қолжетімсіздігін себеп етеді.
Бұдан бөлек, аталған зерттеуде ауылда тұрып жатқандардың түрлі мәселелерге көзқарасы мен өмір сүру деңгейі талданады. Атап айтқанда, Қызылжар өңірінің елді мекендеріндегі 97 пайыз тұрғын көшеде жүргенде өздерін қауіпсіз сезінеді. Ал Алматы, Ақмола, Маңғыстау облыстарында көбі ауылдық жерде жүруге қауіптенеді екен. Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, біздегі ауыл жастарының бойына демдеп енген дерт – маскүнемдік. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыздың көш бастап тұрғаны өкінішті.
Жастар мәселесіне қоғам назарын аударып, оны шешуде осындай зерттеулердің берері мол. Мұндағы көрсеткіштер жастармен жұмыстың ақсаған тұстарын көрсетіп тұр. Әсіресе соңғы буынның көбінің көшуге ниетті екені көңілдегі күмәнді арттыра түседі. Осындайда ойға Мұқағали Мақатаевтың:
“Сен де кеттің, мен де кеттім, олда кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды ау, ұят болды ау, қауымнан!” – дейтін жыр жолдары еске түседі. Ал бүгінгі буын қаншалықты мойнындағы жауапкершілікті сезініп, қалада қызық қуып жүргеніне қысылып жүр? Керісінше, олар екі қолға бір күрек таппаса да, тұрмысы төмен болса да қалалық жерде жүруді қалайтындай.
Бұл мақаланы жазу барысында бірқатар жастар ұйымдарына хабарласып, ауыл жастарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шаралары жайлы сұрадық. Ондағы жетекшілер мұндай бағдарламалардың аз еместігін, бүгінде елді мекендегі жастардың кәсіп бастауы үшін төмен пайызбен несие алып, қайтарымсыз грант иегері атануға мүмкіндігі жоғары екенін жеткізді. Сонымен қатар шалғайдағы ауруханалар мен мектептерге жұмысқа тұратындарға көрсетілетін көмек те аз емес. Осыны түсінгендер бүгінде берілген мүмкіндікті пайдаланып, ауылдарда тер төгіп, сондағы елдің алғысына бөленіп отыр. Сондай жандардың бірі – Ернұр Жолдасбаев. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұратын ол ауылдықтарға кілем жуу қызметін ұсынып, табыс табуда.
– Алғашында мұндай бизнестің ауылда сұранысқа ие болатынына күмәнмен қарадым. Бірақ ондағы тұрғындар да қаладағы сияқты түрлі қызметтерді қажет ететінін көрдім. Бүгінде кәсібім кеңейіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Облыстың бірнеше ауданынан бөлек, Қостанай облысынан да тапсырыстар түсіп тұрады. Мен бүгінгі жастарға тәуекелден қашпай, ойларын жүзеге асыруға кеңес беремін, – дейді ол.
Айта берсек, көздегеніне жеткен Ернұр сияқты жастарды көптеп мысалға келтіруге болады. Олар елдің бесігі саналатын елді мекендерден жырақтамай, ақ армандарын жүзеге асыруда. Қалада пәтер жалдап, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың шоғыры да осындай тәуекелшіл жандардан үлгі алып, ерік жігерін елге пайда әкелетін іске арнаса дейміз.