«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үлкен теннистегі жаңа есім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемдегі танымал спорт түрлерінің бірі – үлкен теннис. Соңғы уақытта қазақстандық спортшылар да биік шыңдарды бағындыруда. Елена Рыбакина былтыр үлкен дулыға турнирінде жеңіске жетіп, айды аспаннан бірақ шығарған болатын. Ол биыл да сәтті өнер көрсетуде, Австралия ашық біріншілігінің финалына шықты. Алайда ерлер арасында жарқ етіп шыққан жарық жұлдыз жоқтың қасы, дегенмен соңғы уақытта Петропавлдың тумасы Тимофей Скатовтың аяқалысы қуантып жүр.

Ел арасында үлкен теннис пен гольф – байманаптар мен ауқатты адамдардың айналысатын спорты деген түсінік қалыптасқан. Сондық­тан да бұл спорт түрлерімен шұғыл­данатындардың саны аз. Соңғы жыл­дары ғана теннис үйірмелері кө­бейіп, спорт секцияларына баратын жастардың қатары қалыңдады. Елі­мізде теннис корттары көптеп салы­на бастады. Қазақстан теннис феде­рациясы басшылығының қолдауы­мен Петропавл қаласында да за­манауи орталық ашылғаны белгілі.

Соңғы жылдары қазақстандық тен­нисшілер халықаралық аренада үздіктер қатарынан көрінуде. Солар­дың арасында еліміздің екінші ра­кет­касы, ал әлемдік рейтингте 144-і орында тұрған Тимофей Скатовтың жетістіктері қуан­тарлық. Ол 2001 жылдың 21 қаңтарында Петропавл қаласында дү­ниеге келіп, бір жасқа келгенде ата-анасы Ресейдің Тула қаласына көшіп кетеді. Болашақ спортшы бес жасқа толар-толмастан үлкен тен­нис үйірмесіне барады. Жалпы Ска­товтар отбасы спортқа жақын екенін айта кеткен жөн. Тимофейдің әкесі мен ағасы футбол ойнаса, анасы ке­зінде шаңғы спортымен айналысқан екен. Бастапқыда әкесі кіші ұлы Ти­мофейді де футболға бергісі келген. Бірақ ұлының жасы тым кіші болған­дықтан, теннис спортына бере тұ­руды ұйғарған. Осылайша ол жас жат­тықтырушы Андрей Уаповтың то­бына түсіп, алғашқы күннен теннис­ке икемі барын байқатқан.

Тимофей Скатов өзінің алғашқы турнирін сегіз жасында, 2009 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткізген болатын. 2013 жылдан бастап Еуро­палық деңгейдегі турнирлерде ой­най бастады. Әрине, алғашында барлығы спортшының қалағанындай болмаса да, тынымсыз жаттығу мен төккен тердің арқасында жас тен­нисші біртіндеп жетістіктерге қол жеткізе бастайды. 15 жасқа толғанға дейін ірі 14 турнирге қатысқан ол же­теуінде бірінші орын алса, төртеуін­де жүлдегер атанған.

Сонымен қатар жеткіншек командалық жарыста Ресей бірінші­лігінде алтын және жекелей сында қола жүлдеге ие болғанын да айта кет­кен жөн. 2015 жылдың қазан айының соңында 15 жасқа дейінгі тен­нисшілер арасында Ресейдің Са­ранск қаласында өткен ел кубогын­да жалғыз өзі және жұптық сында Раил Ибрагимовпен бірге ойнап, аб­солютті чемпион атанды. 2016 жылы көрші елдің құрамасы сапында жас­өспірімдер арасындағы Дэвис кубо­гында топ жарса, 2017 жылы жасөс­пірімдер арасындағы “US Open” тур­нирінде жартылай финалға дейін жет­кен.

“Ит – тойған жеріне, ер – туған же­ріне” дегендей, Тимофей 2018 жылдың мамыр айында кіндік қаны тамған Қазақстанға оралып, азамат­тық алды. Содан бері халықаралық аренада ел намысын абыроймен қор­ғап жүр. Туған жерге оралған кез­де 17 жасқа енді толған спортшы Фран­цияның ашық чемпионаты “Roland Garros” турниріне алғаш рет Қазақстанның атынан қатысқанын айта кеткен жөн. “Қазақстандық тен­нисші жастайынан көзге түсіп жүр. Болашағы жарқын болуы мүмкін”, – деген болжамды әлемнің білікті ма­мандары жиі айтады. Оған негіз де жоқ емес.

Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша, жерлесіміз “ATP Challenger” турнирлеріне қатысқан теннисшілер арасында “Жыл жаңалығы” деп та­нылды. Кәсіби теннисшілер қауым­дастығы оны 2022 жылы өзін жақсы қырынан көрсеткен бес ойыншының қатарына қосқан. Былтыр Италия­ның Парма қаласында өткен турнир­де 21 жастағы жерлесіміз чемпион атанған болатын. Ол финалда осы­ған дейін тоғыз матч қатарынан же­ңіске жеткен словакиялық Юзек Ко­валикті ұтып кеткен еді. Сондай-ақ өткен жылы ол Кокимбо, Лиссабон, Брага, Севилья, Розето-делья-Абруцци додаларында жартылай фи­налға дейін жеткен болатын. Қыр­күйек пен қазан аралығында петро­павлдық теннисші 16 ойын өткі­зіп,14-інде жеңіске жетті. Ал “Co­quim­bo Challenger” жарысында дү­ниежүзілік рейтингте өзінен әлде­қайда жоғары тұрған, яғни әлемнің 71-ші ракеткасы Федерико Корианы тізе бүктірді.

Қазіргі таңда спортшы Чилидің Консепсьон қаласындағы челленд­жер жарысында өнер көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн. Жақында дүниежүзілік рейтингте 166-орында тұрған тайбэйлік Вун-Лин Вуді тар­тысты матчта ұтып, жарыстың екінші айналымына шықты. Енді жерлесіміз ширек фи­налға шығу үшін әлемнің 260-ра­кеткасы, колумбиялық Николас Ме­хиямен ойнайды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp