«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеке шықпай, жұмыс өнер емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстіказақстандық кәсіп­кер­лер­ өңірде мем­ле­кеттік ұлт­тық та­биғи парк құру туралы ұсы­ныс білдір­ді. Имантау – Шалқар ку­рорттық айма­ғы “Көкшетау” мем­ле­кеттік ұлттық та­биғи паркінің құрамына енетіндіктен, шағын және орта бизнес субъек­тіле­рі салық төлемдерін Ақмола облы­сына аударуға мәжбүр. Осы мә­селе кәсіпкерлер па­ла­тасы өңір­лік кеңесі жа­нындағы туризм ко­мите­тінің оты­ры­сында талқы­ланды.

Жиында мәлім болғандай, Иман­тау – Шалқар курорттық айма­ғы 2018 жылдан бастап турис­тік саланы да­мы­­тудың 2019-2025 жылдарға арнал­­ған мемлекеттік бағдарлама­сы ая­сын­да жұмыс істеп, үздік ондық­қа ен­ген. Алай­да құйылған ин­вес­тиция­лар­­дың негізгі бөлігі “Көк­шетау” мем­ле­кеттік ұлттық табиғи пар­кіне қа­рас­ты Зеренді аумағын дамы­туға жұм­салуда.

“Өңірде туристік аймақтарға қа­тысты проблемалар жылда ай­тылғанымен, нақты шешімін тап­пай келе­ді. Бір ғана жол жайын алайық, ойқы-шойқы, қырық жа­мау, осы себепті туристер келуге құлықсыз. Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы бізге қаражатты “қалдық қа­ғидаты” бойынша бөледі. Зерен­діге көбірек инвестиция салынып жат­қанын бәріміз көріп-біліп отыр­мыз”, – деді өз сөзінде Айыртау ауданындағы “Бос уақыт орталығы” ЖШС-ның ди­ректоры Вик­тор Надьярный.

Былтыр Шалқар – Имантау айма­ғына 42 мың турист келген, 2021 жыл­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 мың­ға артық. Кәсіп­керлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ту­ризмді дамыту бөлімі­нің жетек­шісі Қанат Шамсутдинов саяхатшылар көбейгенімен пробле­ма­лар да азаймай отырғанын айтты.

“Алда Ақмола облысымен ше­ка­ралас Лобаново ауылына де­йінгі 11 шақырым жолды жөндеу міндеті тұр. Қалпына келтірілуі тиіс қалған жол­дар бойынша жо­балық-сметалық құ­жаттар рәсім­де­ліп, бюджеттік өтінім Қаржы министрлігіне жолданды. Рес­пуб­ликалық бюджет комиссиясы­ның шешімін күтіп отырмыз. Ұлт­тық парк Ақмола және Солтүстік Қа­зақстан облыстарына тиесілі. “Көкшетау” паркіне одан 200 шақ­ырым қа­шықтықта орналасқан Қызылжар ауданындағы Согров­ский қорығы да кіреді. Дербес ұлттық парк құру мә­селесі Эко­логия министрлігінің құ­зырында”, – деді кәсіпкерлер тарапынан қо­йылған сұраққа жауап берген Қа­нат Шамсутдинов.

Кәсіпкерлер палатасы жоба­ларды сүйемелдеу бөлімінің бас­ты­ғы Ас­лан Нұрсейітов бұл мә­селені ко­ми­тет егжей-тегжейлі талдап, қорытын­дысы “Атамекен” ҰКП-на жіберілетінін жеткізді.

Айыртаулық кәсіпкер Әсем Ада­мова 2020 жылы Имантау – Шалқар курорттық аймағында квадрацикл­дер мен велосипед­терді жалға беру­ді ұйымдастыру бойынша грант же­ңіп алған. Мұн­да веложолдар мен жаяу жүргін­шілер жолдарын салу белгілен­ген­мен, әлі күнге дейін еш қоз­ға­лыс жоқ. Мәселенің тым ұзаққа созылып кеткенін басқар­ма өкілдері растады. Сөйтсе, Эко­логия министрлігі инфрақұры­лым­ды да­мытуға рұқсат бермей қойған. Ұсы­ным қайта қаралмақ.

Облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығы пан­де­мия­ға дейін жыл сайын өткі­зіліп кел­ген “Мөңке балығы күні” ме­рекесі мен “KYMYZFEST” фес­тивалін қай­тадан жаңғыртуды ұсынды.

Жиында кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төр­ағасы болып мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығының же­текшісі Сайран Хамзин сайланды.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp