«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚҚАЙЫҢДАР СИРЕП, ЕСІЛ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ”

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Адамдар өркениеттің биігіне құлаш сермеген сайын өзі өмір сүріп жатқан ортасын ластап, бү­гін­гі таңда бұл әлем бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Атмосфералық ауа, әсіресе ірі кәсіпорындардың әсерінен бүлінеді. Бұған көміртек пен қорғасын тотығын шығаратын ескі автокөліктерді қосыңыз. Біздің елдің кей облыстарында ауаның ластану көрсеткіші қалып­ты нормадан 8-10 есеге дейін артып кеткен. Экологиялық түйткілді шешу үшін, ең алдымен, өн­дірістік кәсіпорындардың қалдықтарын азайтып, атмосфераны ластайтын зиянды заттар­дың деңгейін төмендететін тазарту жүйесін орнатқан дұрыс. “Темір тұлпарлардан” бас тарту мүм­кін емес, сондықтан ең ұтымды жолы – электрлі көлікке көшу қажет. Қоршаған ортаны қор­ғаудың жай-жапсарын облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтан сұрап білдік.

– Азамат Бауыржанұлы, өзі­міз өмір сүріп жатқан қоршаған ор­та­ның жағдайы кімді де бол­сын алаң­датпай қоймайды. Бүгінгі сұх­батымызда өңіріміздің экологиялық мәселелеріне кеңінен тоқтал­сақ. Солтүстік өңірдің ауасы өзге облыстарға қарағанда тазарақ сияқты. Расымен де солай ма?

– Бұл жөнінде мониторинг жұ­мыстарын “Қазгидрометтің” облыстық филиалы жүргізеді. Облысы­мыз­­да ауаға зиянды зат бөлетіндер көп, мә­селен, ластау көздерінің жалпы көле­мін 100 пайыз деп алсақ, со­ның 49 па­йызы жылу-электр стан­ция­ла­рына тие­сілі. Ал көрші Павло­дар об­лысын алып қарасақ, онда ірі кәсіпорын­дар, мысалы, “Богатырь” кө­мір шахта­сы, “ГРЭС-1” және “ГРЭС-2” электр станциялары көп лас­тайды. Оларға қа­­рағанда бізде үл­кен өнді­ріс ошақ­та­ры аз. “Қаз­гид­ромент” ма­мандары жүр­­гізген зерт­теу мәліме­тіне сүйен­сек, бізде ауа­ны ластау көз­дері азая бастағанын көреміз. Тағы бір айта ке­тетін жақсы жаңалық – ауыл­дық жер­лердегі жы­лыту қазан­дық­тары көмір орнына сабан жаға­ды. Бұл – эколо­гия­лық тұрғыдан таза әдіс. Облысы­мыздағы 120-ға жуық жылыту қазан­дығының біразы зиянды қалдық шығар­майды. Мәселен, Есіл ауданының ор­та­лығы Явленкадағы төрт жылу қа­зан­дығының екеуі – кө­мір, қалған екеуі сабан жағады. Бұл – бюджетке де үнем, күл де аз шығады әрі ауаны кө­мірге қарағанда 10 есе аз лас­тайды.

– Петропавлдағы жаз шықса қолқаны қапқан жағымсыз иісті жою мәселесі қалай шешіліп жа­тыр?

– “Қызылжар су” ЖШС балдырларды пайдалану арқылы сарқын су құйылатын көлді тазалауды қолға алды. Лас су төгілетін көл мен елді мекеннің аралығы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Бұл норма сақ­талған. Өткен жылдан бері сасық иіс азайып келеді. Алдағы уақытта көл­ден тағы да сынама алынады. “Қы­зылжар су” ЖШС балдырларды пай­далану үшін үшжылдық келісім­шарт­қа отырып, серіктестіктің жеке қаржысынан 120 млн. теңге бөлді. Екі жылдың нәтижесі жақсы. Қазір осы тірі организмдер көл суын тазартуда.

– Тірі ағзалар демекші, олар сақылдаған сары аязда қа­тып қалмай ма?

– Олар анобиоз деген түрге жа­тады. Температура нөлден төмен түс­кенде “ұйықтап”, күн жылынғанда қай­тадан тіршілігін жалғастыра бе­ре­ді. Ерекшелігі қалдықтарды жеп, қор­шаған ортаға оттегін бөліп шыға­ра­ды. Жергілікті ғылым орта­лы­ғы­ның мамандары мұндай көлге балық жіберуге де болатынын ай­тады. “Қы­зылжар су” ЖШС-ның зертханасы бұл жұмысты жалғас­тыруда. Бал­дыр­ларды өсіріп, лек-ле­гімен көлге жіберіп отырады. Ал нәтижесін алдағы уақытта жұртшы­лыққа паш етеміз. Жекелеген адам­дардың шағымынан кейін өткен жы­лы қыркүйек айында аталған көлдің жағасында біраз уақыт тұрдым. Бір байқағаным, көл суының табиғи иісінен басқа бөгде иісті сезбедім.

– Күн ыстықта көп тұрса көл­дің суы да сасиды ғой. Оған қара­ғанда бұл көлге лас су төгіледі дегендей…

– Қар көп жауған жылдары көл­шіктер пайда болатыны рас. Алайда жерасты көзі болмағандықтан, бір­те-бірте жерге сіңеді. Су бар жерде өмір бар демекші, ол тартылғанда он­дағы тіршілік иелері өле бастай­ды, яғни шіриді. Содан сасық иістің пайда болуы – табиғи құбылыс.

– Есіл ауданы, Бұлақ ауылын­да­ғы алтын қазатын кәсіпорынға ша­ғым көп. Сол сияқты қазір Өр­нек ауы­лында да қиыршықтас өн­дірісі бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қол­қаны қабатын газ бөлінетін көрінеді. Өңіріміздегі осындай өндіріс орын­да­рына тек­серу жұмыстарын жүр­гізесіздер ме?

– Бұлақтағы алтын өндіретін кә­сіпорынға қатысты арыздар түскені рас. Тұрғындар радиация көбейіп, он­кологиялық ауруларға шалдық­қан­­да­рын жеткізген. Анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы комиссия құ­рыл­ды. Мамандандырылған таби­ғат қорғау прокуроры және санитар­лық-эпидемиологиялық станция ма­ман­да­ры­мен бірлесіп, радиацияны өлшей­тін құралмен гамма сәулесін өлше­дік. Нормадан асқан жағдай байқал­мады. Санитарлық мамандар топы­рақтың, судың сынамасын алып тек­серді. Бәрі қалыпты. Кейін аудан әкі­мі ауыл тұрғындарының басын қо­сып, жиналыс өткізді. Ал­тын шығару­мен айналысатын кә­сіпорын жұмы­сын тоқтатқаны бел­гілі, сол себепті ішінде тексеру жұ­мыстарын жүргізе алмадық. Өзіңіз білесіз, жұмысы тоқтаған мекемені біздің тексеруге құқығымыз жоқ. Ал Өрнек ауылы ма­ңындағы қиыршық­тас өндірісі тура­лы хабарсызбын.

2020 жылы прокуратура және по­лиция қызметкерлерімен бірлесіп, об­лыста заңсыз жер пайдаланған­дарға тексеру жүргіздік. Нақты мате­риал негізінде әкімшілік іс қозғал­ды. Заң­сыз пайдаланған қазба орын­дары­ның санын анықтап, олар­ға қор­ша­ған ортаға келтірілген залалы бо­йын­ша айыппұл төле­ттік. Қазір заң­сыз жер пайдалану жойылды десе де болады.

– Өңіріміздегі тағы бір проб­лема – бұрын уран өндірген шах­та­лардың ашық-шашық жатуы. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– Ғабит Мүсірепов атындағы жә­не Айыр­тау аудандарында бұрын­нан келе жатқан уран кен орындары 2010 жылы толық жабылды. Шахта­ның мүлкі иесіз жатқаннан кейін оны кім көрінген ұрлап, қажетіне жарай­тын заттардың бәрін алып кетті. 2015 жылдан осы мәселені бақы­лау­ға алдық. Гамма сәулесінің мөл­шер­ден асу фактісінің бар-жоқ­ты­ғын тек­сер­дік. Кейбір шұңқырлар­дың беті темірмен немесе металмен жабыл­ған болатын, оны жергілікті тұрғын­дар сатып жіберіпті. Мәселе­ні тез ара­да шешу қажет болды. 2018 жы­лы “Жол картасы” жасалып, сот ше­ші­мімен иесіз шахталар жер­гі­лікті атқарушы органның қарама­ғына өтті. Содан кейін ғана, яғни 2020 жылы Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданда қоршаулар мен ра­диация­лық қауіпсіздік белгілеріне қаражат бөлінді. Айыртау ауданын­да бұл жұмыс қазір тоқтап тұр. Жал­пы бұл аумаққа кіруге, мал жаюға болмай­ды. Жақын маңдағы бірнеше ауылға барып, ондағы тұрғындар­мен кез­дес­тім. Олар ешқандай кері әсерін сезінбегендерін жеткізді. Бұл ауыл­дардың тұрғындары кезінде осы шахталарда жұмыс істеп, нә­пақа­ла­рын тапқан. Тіпті кейбір от­басылар балаларын осы сала бо­йын­ша оқуға т­ү­сірген болатын. Бо­лашақта осын­да жұмыс істейді деп жоспарлаған ғой. Бірақ соның бәрі далада қалды.

– Сіз бір сұхбатыңызда өңі­ріміз­де өткен жылы экологияға бай­ланысты 140-қа жуық заң бұ­зушылық анықталғанын айтып­сыз. Бастыларын атап өтіңізші. Жауапкершілікке тартылғандар бар ма?

– Қазір экологиялық рұқсаты жоқ ны­сандар көп. Мәселен, кейбір кә­сіпорындарда жылу қазанды­ғының біреуі заңды болса, қалғандары заң­сыз. Бұл – салықтан жалтарудың ай­ласы. Көбі экологиялық кодекстің ере­жесін айналып өткісі келеді. Бе­рілген есеп бойынша өңірімізде қан­ша ластау нүктесі бар екеніне са­раптама жасаймыз. Мәселен, қан­ша қал­дық зат шықты, оны жоюдың жолы қай­сы, қалдық сұрыптала ма, әлде қо­қыс ала­ңына төгіле ме де­гендей. Біздің ма­мандар сол нысан­дарға ба­рып, тек­серу жүргізу арқы­лы көз жет­кізеді. Тексеріссіз әкім­шілік іс қозғай ал­май­мыз. Эколо­гия­лық кодекс бо­йын­ша әр ластаушы заттың нор­ма­тиві бар. Соны көбі еле­мейді, кейбі­реулер қоқысты келі­сімшарт жасас­пастан өзі шығарады, екіншілерінің зиянды қоқысты қайда жіберетіні де белгісіз.

– Әлеуметтік желіде қоқыс уа­қытында шығарылмайтыны жай­лы көп жазылады. Біздің газетте де бұл мәселе бірнеше рет көте­ріл­­ді. Сіздерге шағым айтып ке­ле­тіндер бар ма?

– Экология кодексі бойынша қал­дықтарды басқару және оны шығару жұмыстары жергілікті атқарушы ор­ганға жүктелген. Яғни бұл жұмысқа Пет­ропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі жауапты. Біз – ба­қы­лаушы органбыз. Бізге де арыздар ке­ліп түседі, ізін суытпай әкімшілікке жөнелтеміз.

Облыс бойынша тұрмыстық қал­дықтар төгетін 454 қоқыс алаңының 335-інде ғана жер актісі бар. 11-інде ғана қажетті құжаттар толық рәсім­делген. Оларды рәсімдеу жұмысы қаражатқа келіп тіреледі. Ауылда жұрт қоқысты пешке жағып жібереді немесе жерге көміп тастайды. Бұлай істеуге болмайды. 2020-2025 жыл­дар­ға арналған кешенді жол карта­сында 2023 жылдың соңына дейін аудан орталықтарында 9 қо­қыс сұ­рыптау алаңын салу жоспар­ланған. Сметалық құжаттары да­йын, енді са­раптамадан өтуде. Әр аудан әр­түрлі баға көрсеткендіктен, қаражат жағы әлі шешімін таппаған. Менің ойым­ша, қоқыс сұрыптау алаң­дарын ел кө­лемінде бірдей етіп салу керек. Сон­да ғана бағада алшақтық бол­майды.

– Жақында қоқыс шығару ақы­сы көтерілетіні жайлы сөз болды. Бағаны өсіру тазалыққа қанша­лықты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Мен бағаны өсіру керек деп ой­лаймын. Өйткені соңғы бес жылдан бері көтерілмеген. Біздің өңірде баға ең төмен. Демек, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың ақшалары да аз де­ген сөз. Яғни техникасы дер ке­зінде жөнделмейді, салдарынан қо­қыс уақытында шығарылмайды. Бұ­дан бөлек, қоқыс по­лигонына ақша төлейді, тығыздау жұ­мысын жүргізу керек. Төгілген қо­қыс­ты тығызда­ма­са, шіри бастағанда өздігінен жанып кетеді. Мәселен, ауылдарда тау болып үйі­ліп жататын мал тезегінің өзінің ішкі тем­пературасы жоғары болады. Ал по­лигонда жануға бейім неше түрлі заттар бар.

Экология министрі 2019 жылдан бастап “Қазақстан ғарыш сапары” ұлттық компаниясымен келісім­шартқа отырды. Олар еліміздегі заң­сыз қоқыс төгетін жерлерді анықтап, мәліметтерді бізге жібере­ді. Біз сол бойынша тексеріске шы­ғып, шара қол­данамыз. Мәселен, қа­ланың тө­ңі­регінде 50 шақырым ау­мақта 233 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды, өткен жылы 98 па­йызы тазаланды. Ал 2020 жылы олар­дың саны 600-ге дейін барған. Жыл­дан-жылға аза­йып келе жатқан­дығын байқай­мыз. Ішкі істер және Эколо­гия министр­лік­тері бірлесіп, мо­бильді топ құрды. Оған біздің депар­та­менттің маман­дары да қосылды. Олар облыс ор­талығында 20-ға жуық, ал Қызыл­жар ауданында 47 заңсыз қоқыс үйін­дісін тапты.

– Қызылжардың сәні – аққа­йыңдар сиреп барады. Осы жайт сізді алаңдатпай ма?

– Жалпы әрбір елді мекенде жа­сыл желек көп болғаны дұрыс. Қазақ “бір тал кессең, он тал ек” деген ғой. Жақ­­сы нәрсені құрту оңай да, қал­пы­­на келтіру қиын. Ағаштар сиреп бара жатқаны жасырын емес. Сон­дықтан 2020 жылы көгалдандыру жоспары құрылған. Мемлекет бас­шысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырма­сы­мен, елімізде 2 мил­лиард түп ағаш отырғызылады. Бұл өте ауқымды жұмыс.

– Есіл өзені суының жыл са­йын деңгейі төмендеп, тартылып бара жатқан сияқты. Судың жағ­дайын тексеріп тұратын маман­дар не дейді?

– Есіл өзені деңгейінің түсуіне не­гізгі себеп – қардың аз жаууы. 2016 жы­лы су деңгейі қатты көтерілді. Кейін бірте-бірте төмендеп, қазіргі таңда өзінің бұрынғы деңгейіне түс­кен сияқты. Есіл өзені шекара­лық су айдыны болғандықтан, біздің зерт­хана мамандары Ақмола облысы­нан кірген кездегі және шыққандағы бөлігін ғана зерттейді. Ешқандай норма­дан асу жағдайы анықтал­маған. Судың ластану деңгейі біздің облы­сымызда тұрақты.

– Ауаны ластаушылардың қа­тарына ескі көліктер де кіретіні бел­гілі. Көк түтінді будақтатып ке­тіп бара жатқан “темір тұлпарлар­дың” иелеріне қандай шара қол­да­насыздар?

– Мен бұл жерде ескі көліктерге жер үйлерді де қосар едім. Байқа­саңыз, қаланың ортасында түтін иісі жоқ. Ал Жұмысшы кенті, “Береке”, Сол­нечный сынды шағынауданға бар­­саңыз, қолқаны қабады. Желсіз күн­­дері қаланың үстін көк түтін ба­сып ке­теді. Бұл мәселені шешудің бір­­ден-бір жолы – газдандыру. Жос­пар бойынша, 2024-2025 жылдары кө­гілдір отын Астана – Көкшетау – Пет­ропавл бағыты бойынша жеткі­зілуге тиіс. Екінші жол – Ресейден тарту. Бұл жөнінде Энергетика ми­нистрі келіссөз жүргізуде. Бізден 100 шақы­рым жерде газ құбыры өтеді екен.

Негізгі сұрағыңызға оралсақ, кө­лік біткеннің бәрін тоқтатып, тексе­ру мүмкін емес. Біздің мамандар жыл бойы полициямен бірге “Таза ауа” акциясына қатысады. Көбіне жолау­шы тасымалдайтын қоғамдық көлік­терді тексереміз. Бөлінетін улы газ нор­мадан асса, айыппұл арқа­лай­ды. Өткен жылы 33 көлікті тексеріп, со­ның 22-сінде нормадан асу фак­ті­сі анықталған. Олардың орнын қазір жаңа автобустар басуда.

– Экологиялық мәселе көп кө­рінеді, бәріне қалай үлгере­сіз­дер?

– Департаментте мемлекеттік қыз­мет, экологиялық бақылау және зертхана сынды үш бөлімде біраз маман тер төгіп жүр. Зертханада­ғылардың жұмысы ауқымды, үлкен жылу қазандықтарынан бастап, су мен топыраққа дейін тексеріп, сынама алады, радиация дәрежесін өлшейді.

– Сіздің мамандығыңыз қан­дай? Экология бойынша біліміңіз бар ма?

– Мен – Есіл ауданындағы Қара­ғаш ауылының тумасымын. Мектепті Явленкада бітіріп, М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­си­тетінде экология мамандығы бойын­ша оқыдым. Туған ауда­ным­дағы кол­леджде үш жыл мұғалім бо­лып, 2014 жылы экология департа­мен­тіне бас маман болып жұмысқа кірдім. 2016 жылы бөлім басшысы, 2017 жылы басшының орынбасары болдым, кейін Көкшетау мен Қара­ған­дыда осы салада жұмыс істеп шың­далдым.

– Уақыт тауып, сұхбат бер­геніңізге рақмет! Өңіріміздің эко­логиялық мәселелері оңынан ше­шіле берсін дегім келеді.

Сұхбаттасқан

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp