«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ АНАСЫ – АЙҒАНЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айғаным Сарғалдаққызы – Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші әйелі. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін ханның орнын (1821-1822 ж.) басып, билік жүргізген. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың білім, ғылымға жолын ашуда өнеге болған әжесі. Үстіміздегі жылы Айғаным ханшаның туғанына 240 толып отыр. Осы орайда оның өмірінен аздап мағлұмат беріп, ескерілмей жүрген кей жайларды көпшіліктің назарына жеткізуді жөн санадым.

Ататегі

Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы Есіл бойында туған. Айға­ным­ның әкесі Сарғалдаққожа Бұхарада оқыған білімді адам болыпты. Дерек бойынша Абылай ханға шығыстан еріп келген кеңесшісі, орданың има­мы екен. Ханның кеңесімен Қытай, Қашғарияда мемлекет басқарған қо­жалармен елшілік байланыс орнат­қан дипломат. Оның Зура деген қа­рындасын Абылай хан әйелдікке ал­ған. Зурадан туған Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлдың есімдері белгілі. Абылай заманынан кейін Сарғалдақ Ергенекті уақтың болостной стар­шы­ны қызметін атқарған.

1773-1775 жылдары, яғни Е.Пу­га­чев көтерілісіне қазақтар қосылып кетеме деп секемденген патша қа­зақтардан адалдыққа ант алған. Осы ант берген қазақтың игі жайсаңда­рымен бірге Ергенекті уақтар атынан Серкебаймен бірге Сарғалдақ Өте­шев антқа қол қойған. Кейін 1791 жы­лы Ергенекті уақ болысының стар­шыны ретінде “Саргалдакхожа Утья­шев” деп тағы да қол қойғаны нақты жазылған. Қол қоюшылар ішінде Есенейдің әкесі Естемес Сейітов, Жылғара Байтоқин, Дәулеткерей сұлтан сияқты көптеген атақты адам­дар болыпты.

Сарғалдақ – Әзірет Әлінің 43-ұр­пағы. Сарғалдаққожаның әкесі Әб­діқожа, оның әкесі Өтеш. Яғни құжат­тарда Сарғалдақ Өтешов болып жазылған. Әбдіқожадан Сарғалдақ, Бердіқожа және т.б балалар туған. Бердіқожадан Әуез, одан Омархан, Омарханнан Мұхтар тарайды. Яғни ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен ата­лас. Сарғалдақ төрт әйел алған. Төрт әйелінен 10 бала тараған. Айға­ным өзбек әйелінен туған. Яғни өзбек әйелінен үш бала Бегәлі, Мырзалы және Айғаным туған.

Айғаным барлық қазақ қыздары­на тән жолмен балиғат жасына то­лар-толмаста Орта жүздің ханы Абы­лай ханның үлкен ұлы Уәлиге тұр­мысқа шығады. Уәли кезекті бір ел дауын шешуге Есіл бойына келгенде Сарғалдаққожаның ауылына түседі. Сол кезде Айғанымды көріп, қызға көңілі ауады. Қазақ салты бойынша Абылай хан қожаға күйеу болғандық­тан, Уәли жиен саналады. Жиендігін алға тартып, сүйек жаңғырту дегенді Сарғалдаққожаның есіне салады. Сарғалдақ ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе әйел, қыздар мен келіндерінің тәр­бие­сіне үлкен мән беріп, мұсылман­дық құндылықтарды бойына сіңірген жан болатын. Яғни, қыздарын сырт көзден таса, тәрбиелі ұстаған. Қызы­ның ертеңін ойлап ары-бері толғана­ды. Өрімдей қызын шалға беруге қи­майды, бермейін десе маңдайына жазылғаны осы болса, не шара?! Екін­ші жағынан, ханға қыз бермей, оны жерге қарату исламды берік ұстаған қожаға жат қылық еді. Ойла­на келе шешімді Айғанымның өзіне қалдырады. Ерке өссе де, жастайы­нан оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу қыз әкенің шарасыз халін түсініп, кесімді сөзін айтады. “Мені шыны­мен ұнатып, әйелдікке алғыңыз кел­се, мына шарттарымды орындайтын боласыз”, – дейді Уәли ханға. “Ал­дыңғы әйелдеріңізден бөлек, қоныс саласыз. Қонысты менің төркіндері­ме жақын маңнан саласыз. Менен тараған ұрпақ мұрагерлікке бірінші кезекте сайланатын болсын. Бала­лар­ға білім, ғылым үйретуіме кедергі келтірмейсіз”, – деген шарт қояды. Хан Айғанымның шарттарын орын­дап, басқа әйел-балаларын Бура­бай­да қалдырып, жаңа қонысын Сы­рымбетке көшіреді.

Айғаным тоғыз құрсақ көтереді. Шыңғыс дүниеге келер күні Айға­ным­ның ағасы Бегәлі қожа келіп қонады. Осы кезде Айғаным толғатып жатса керек. Аман-есен босанып, дүниеге ұл келеді. Сүйікті әйелінен туған төр­тінші ұлына, көңілі шалқып қуанған Уәли аузы дуалы қожа қайына­ғасына балаға ат қоюды өтінеді. Бе­гәлі арғы-бергі тарихты саралай ке­ле: “Жиенге жарты әлемді жаулаған ұлы қаған бабасының дүниеге тарал­ған есімін қоюды жөн көрдім. Әкел баланы”, – деп азан шақырып, қамат түсіріп, “Сенің есімің Шыңғыс”, – деп құла­ғы­на үш рет дауыстапты. “Бүгін әу­лие аталарым түсіме кірді. Атам: “Қарын­дасың аман-есен боса­нып, ұл таба­ды. Есімін Шыңғыс қой. Хан тұ­қым­да­рының басы да, соңы да Шың­ғыс бо­ла­ды. Одан соң ханнан тақ, қазақтан бақ таяды, алуан-алуан жол болады. Қазақтың көптен соң жолы болады. Біріңғай жамандық бола бер­мес ке­лешекте. Қазақ іргелі ел бола­ды”, – деп қожекең өзімен-өзі күбір­леп ке­тіпті. Бұл – 1811 жылы болған оқиға.

Уәли 1821 жылы қайтыс болып, Ай­ғаным 38 жасында тоғыз баламен жесір қалады. Ұлдарының ішінен Шың­ғысты ерекше жақсы көрген екен. Айғаным озық ойы, білімінің арқасында заманның ағымын жете түсініп, балаларын орысша оқытып, орыспен достық қатынаста болған­ды жөн көреді.

Ел ісіне араласуы

Ақылды, парасатты, алғыр, өжет Айғаным Уәли дүниеден өтпей тұ­рып, ел билігіне араласады. Ал хан қай­тыс болғанан кейін халқының мү­десі үшін ел тізгінін ұстамасына бол­майды. Хан көзі тірісінде тақ мұра­гері туралы өсиет қалдырмаған екен. Ресей Айғанымды хан деп таниды. Шыңғыс ол кезде небәрі 10 жаста ғана. Айғаным 1822 жылы шыққан “Сі­бір қазақтары туралы ереже” деген қазақты бөліп ал да, бөлшек­теп биле деген жымысқы саясатын іске асы­ра­тын бағдарлама бекітілгенге дейін билік жүргізеді. Бұл ереже шыққан­нан кейін де Айғанымның дәрежесі төмендеген жоқ. Жылына 400 рубль жалақы алып тұрған. Солтүстік өлке­дегі маңызды оқиғалар Айға­ным­ның қатысуынсыз өтпеген.

Дәл осы тұста бірінші Александр патша Омбыға келеді. Омбының ге­нерал-губернаторы А.А.Сотников. Ай­ғанымға хат жазып, қазақтың салт-дәстүрін, қол өнерін көрсетуді сұ­райды. Айғаным 1822 жылдың қа­ра­ша айында Тобыл қаласындағы Ба­тыс Сібір өлкесінің бас басқарма­сына хат жазып, өзіне тиесілі жер­лерді заңдастырып, Сырымбетте жайлы қоныс салып беруді өтінген екен. Өтінішті Батыс Сібірдің гене­рал-губернаторы, генерал-лейтенант П.М.Капцевич Санк-Петрбург­тегі Сібір комитетіне жеткізеді. Өті­нішпен танысқан Михайл Сперан­ский мен инженер-подполковник Гав­рил Батеньков Айғаным ханшаның ниеті Ресеймен ынтымақта болу еке­нін байқайды. Ханшаның тілегін Алек­сандр патшаға жеткізіп, жақсы жа­ғынан түсіндіреді. Патша 1824 жы­лы 28 қаңтарда жарлық шығарып, Сырымбеттен Есілге дейінгі алқапты Айғаным ханшаның иелігіне бекітеді. Қоныс салуға бес мың сом бөледі.

Айғаным алғашында өзіне жай­лы үй, мешіт медресе, соңынан қо­нақүй, монша, тіпті жел дирмен де салдырады. Тобыл қаласына барып, генарал-губернатордан егін егуді білмейтін қазақтарды егіншілікке баулу мақсатымен диқаншылыққа қажет тұқым, құрал-сайман, егінші­лік­ті үйрететін маман сұрайды. Өті­ніш бойынша қазынадан төрт соқа, 8 тырма, 40 пұт қара бидай бөліп, кәсіп үйретуге Антон Лыгачин деген ма­манды жібереді.

Орыс-қазақ тілінде жазылған рес­ми хат мәтіндерін өзі бақылап, қате бол­са түзеп отырған. Академик Ә.Мар­ғұлан тауып зертеген Айғаным жазбаларының саны жүзден асады екен. П.П.Семенов-Тянь-Шанский “Шо­қанның әжесі Уәлиханның жесірі Айғаным өз балаларымен бірге Рос­сияға айнымас адал дос болып қал­ды. Александр І Айғанымға қырғыз сахарасында үй салдыруға әмір еткен. Ш. Уәлиханов сол үйде туған”, – деп жазыпты.

Шоқан Уәлихановтың таңдама­лы жинақтарында Айғанымның бей­несі өте анық берілген. Онда “Ш.Уә­лихановтың әжесі Айғаным – (1783-1853 ж.) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай бі­лім­ді әйел. Ол Шығыстың бірнеше тіл­дерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, сыртқы істер министрлігінің Азиялық департа­мен­тімен және Петрбургтегі Сібір коми­тетімен хат жазысып, байланыста болған. Жергілікті халықтың ара­сында өте беделді болған”, – деген деректерді оқимыз.

Келешекті ойлаған кемеңгерлігі

Айғаным өзі салдырған мешітке Құт­мұхаммед Иманқұлов деген мол­даны алдырып, өзінің және ауылдың ба­лаларын оқытады. Тұңғышы Шың­ғыс ауылда мұсылманша хат таны­ған­нан кейін оны 1827 жылы 14 жа­сын­­да Омбыдағы Сібір казак­та­ры­ның линиялық әскери училищесі жа­нын­дағы Азиялық оқу орнына түсіре­ді. Өз балаларын ғана емес, бі­лімге құш­тар Мұқаметқали, Төрежан сияқ­ты зерек балаларды да оқуға түсір­ген.

Шыңғыстың оқуға деген құлшы­ны­сын, ынтасын арттырып, ел жа­йын айтып, дүниетанымына бағыт-бағдар беріп, жан-жақты бақылап отырған. Осының нәтижесінде Шың­ғыс 1834 жылы оқуын ойдағыдай бітіреді. Орыс тілінде еркін сөйлеп, жазатын болады. Анасының ізгі тәрбиесін, қамқорлығын жете түсініп, үлгі алған Шыңғыс жиырмаға толар-толмаста ақыл-парасаты толысқан азаматқа айналады.

Шыңғыс оқу бітірген кезде Аман­қарағай дуаны ашылады. Айғаным елдегі және Ресей патшалығының алдындағы беделінің мықтылығын көрсетіп, жиырма беске толмаған Шыңғысты аға сұлтандыққа ұсына­ды. Ресей ұлықтары анасының кө­мегімен ел тізгінін ұстап кетеріне сеніп, Шыңғысты 1834 жылы күзде аға сұлтандыққа бекітеді. Халық ежелгі салт бойынша ақ киізге отыр­ғызып, хан ретінде ұлықтайды.

Ал Шоқан 1835 жылы туған, азан ша­қырып қойған аты – Мұхаммед-Ханафия. Айғанымның тұңғыш неме­ре­сі­не арғы атасының атын қоюы тегін емесі түсінікті. Мұхаммед-Ханафия мен оның ұрпақтары түркі әлемі­не мәшһүр тарихи тұлғалар екені бел­гілі. Шоқан әкесі Шыңғыс сұлтан ашқан Құсмұрындағы алғашқы қазақ мектебін бітірген соң, 1847 жылы Омбыдағы əскери оқу орны – Сібір кадет корпусына түседі. Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, ақыл-ойының тез жетілуі – әжесінің тәлім-тәр­биесінің нәтижесі. “Айғаным Шо­қан үшін халық даналығының сар­қылмас бұлағы болды”, – деп жазған екен ғалым Әлкей Марғұлан.

Солтүстікті сақтап қалғаны

Айғаным заманның ағымын жете түсініп, орыстың өркенін аңдап, дос­тық қатынаста болғанда ғана тиыш­тық болатынын ерте сезді. Сайын далада арқаны кеңге салып, бөлек-бөлек көшіп, өзді-өзі қырқы­сып жүр­ген қазақтың жауға әлі келмейтінін білді. Осы жайды жете түсініп, орыс халқымен және солардың зиялы қауымымен жақсы қарым-қатынас орнатты. Кенесары хан көтерілісін іштей жақтаса да, ашық қолдауға болмайтынын біліп, кей жағдайда бейтараптық танытты. Бұны аға сұл­тан болған ұлы Шыңғыстың әрекеті­нен де көруге болады.

Хандық заман қайтып келмесін жете түсінген Шыңғыс Кенесарының бірігуге шақырған жаушыларын қа­былдамады. Бұл істі Шыңғыс анасы­мен ақылдасып шешкені белгілі. Ашуланған Кенесары Айғаным ауы­лын шаппаққа қамданғанда, қарын­дасы Бопай: “Еркек басыңызбен Сіз барғаныңыз жөн емес, мен шаба­мын”, – деп Айғанымның Сырым­беттегі қонысын шауып, малын ай­дап кеткен. Осыдан кейін Шыңғыс тү­бегейлі патша жағына шыққан. Бірақ Кенесары ауып кеткенде, артында қалған оның туған-туыстарынан кө­мегін аямаған. Егер Айғаным мен Шыңғыс Кенесарымен бірігіп, оңтүс­тікке ауып кеткенде мына солтүстік өлкенің тағдыры не болар еді?

Айғаным мен Шыңғыстың Кене­са­рыны жақтамағанын қазақтың игі жақсылары естіп, біліп отырды. Көзі ашық көкірегі ояу Айғанымның елі­нің, жерінің ертеңін ойлап отырғанын ел түсінді. Айғанымның көреген­дігінің арқасында солтүстіктегі қазақ жұрты орысқа бодан болса да ел мен жерін сақтап қалды.

Ағайынға қамқорлығы

Айғаным ханшаның шарапаты өз маңындағы елден асып, атақты Құ­нанбайға да тиген екен. Бердіқожа­ның қызы Нұрғанымды Құнанбай то­қалдыққа алғаны “Абай жолы” ро­манынан белгілі. Құнанбай аға сұл­тандықтан кеткеннен кейін Мұсақұл, Тоқпанбет төбелесі сияқты жер дауы ушығып, Омбыға айдалады. Осы кез­де Құнанбайға жақын жүрген Бура­хан Сырымбетке келіп, Айғанымға мән-жайды айтып, көмек сұрайды. Айғаным Шыңғысты Омбыға жібере­ді. Шыңғыс ол кезде Дала генерал-гу­бернаторының қазақ істері жөнін­дегі кеңесшісі болатын. Ал Шоқан генерал Госфорттың адьютанты еді. Бәрі бірігіп, Құнанбайды аман алып қалады.

Айғанымның Құнанбайды құтқа­руының сыры – оның тоқалы Нұрға­ным Бердіқожаның қызы болатын. Ал Айғанымның әкесі Сарғалдақ пен Бердіқожа бір туған. Жалпы Нұрға­нымды тоқалдыққа сұрағанда Бер­діқожа қатты қарсы болыпты. Көшіп кетуді де ойлаған. Құнанбайдың қо­лында хандық болмаса да, бір елдің ардақтысы еді. Ағайынның басын­да­ғы жайды Нұрғаным түсініп, әкесіне басу айтып, өзі келісімін берген екен.

Құнанбайдың қожа тұқымымен етене жақындасуының сыры орыс ұлықтарының өктем тегеуірінін көріп, қатердің үлкені, осылардан келетінін сезгенінде болса керек. Және қатер болса орыспен араласып отырған, орысқа беделді Айғаным, Шыңғыс, Шоқандардың пайдасы тиерін сезді, онысы нәтижесін де берді.

Қыстақтың қазіргі жайы

Сырымбеттегі Айғаным қонысы Бопай шабуылынан кейін 1930 жылы коммунистердің шабуылына ұшы­рап, құрылыс түгелімен жойылады. Қыстақтың орнын 1980 жылдары та­уып, сол орынға 1993 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттар қал­пы­­на келтіріледі. Тарихи орынның ашы­лу салтанатына Қазақстан, Өз­бек­стан мен Қырғызстанның сол кез­дегі президенттері Н.Назарбаев, И.Кә­рі­мов және А.Ақаев қатысады. Сы­рым­бет ауылында қазір Шоқан­ның мұражайы жұмыс істеп тұр. Ал Ай­ғаным қонысына жаздың бірнеше айынан басқа мезгілде бару қо­лай­сыз. Себебі қыста қар басып қалады. Қыстақтағы үйлерде жылу жоқ. Та­рихи орынды көруге баратындар үшін бұл өте күрделі мәселе.

Айғаным Сырымбеттегі осы қо­ны­сында қайтыс болған. Ол жайлы Ш.Уәлихановтың “1853 жылы 19 қа­рашада, бейсенбі күні, екінті намазы кезінде қырғыз-қайсақ Орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Сарғал­дақ қызы Айғаным 70 жасында дүние салды”, – деп өз қолымен жазған қа­ғазы архивте сақталған. Шоқан асыл әжесін жерлеуге қатысып, ислам рәсімімен топырақ салған. Жаназа­сын ағасы Бегәлі қожа шығарады. Зираты қонысынан алыс емес. Осы қорымда Шыңғыс, Жақып, Мақының да бейіттері бар. Айғаным ханшаның басына жаңадан құлпытас қойылған. 2015 жылы кесене тұрғызылды.

Айғаным – үш жүзге атағы жа­йыл­ған, болашақты болжай білген кемеңгер, ормандай орысты мойын­дат­қан ХVІІІ ғасырдағы қазақ әйел­де­рінен шыққан қоғам және мемле­кет қайраткері, ел басқарған, ұрпақ тәр­биелеген парасатты, тәлімі мол әйел, ана, әже ретінде тарихта аты қал­ған дара тұлға. Айғанымның тә­лім-тәрбиесін көрген немересі Шо­қан Азия жұртының арасынан ерек­ше талантымен, білімімен әлемге та­ныл­ды. Өкініштісі – кеңес кезінде Ай­ға­нымның есімі көп аталмады, тә­уелсіздік алғаннан бергі 30 жылда да аса ескерілмеді, еңбегі бағалан­ба­ды. Қазақтың дана қыздарының ал­дыңғы қатарынан ойып тұрып орын алатын Айғаным ханшаның 240 жыл­дық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтілсе, облыс, ау­дан ор­­талықтарында көше беріліп, ес­керт­кіш тұрғызылса деген тілегіміз бар.

Дахан ЖӘМШІ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp