Айғаным Сарғалдаққызы – Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші әйелі. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін ханның орнын (1821-1822 ж.) басып, билік жүргізген. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың білім, ғылымға жолын ашуда өнеге болған әжесі. Үстіміздегі жылы Айғаным ханшаның туғанына 240 толып отыр. Осы орайда оның өмірінен аздап мағлұмат беріп, ескерілмей жүрген кей жайларды көпшіліктің назарына жеткізуді жөн санадым.
Ататегі
Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы Есіл бойында туған. Айғанымның әкесі Сарғалдаққожа Бұхарада оқыған білімді адам болыпты. Дерек бойынша Абылай ханға шығыстан еріп келген кеңесшісі, орданың имамы екен. Ханның кеңесімен Қытай, Қашғарияда мемлекет басқарған қожалармен елшілік байланыс орнатқан дипломат. Оның Зура деген қарындасын Абылай хан әйелдікке алған. Зурадан туған Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлдың есімдері белгілі. Абылай заманынан кейін Сарғалдақ Ергенекті уақтың болостной старшыны қызметін атқарған.
1773-1775 жылдары, яғни Е.Пугачев көтерілісіне қазақтар қосылып кетеме деп секемденген патша қазақтардан адалдыққа ант алған. Осы ант берген қазақтың игі жайсаңдарымен бірге Ергенекті уақтар атынан Серкебаймен бірге Сарғалдақ Өтешев антқа қол қойған. Кейін 1791 жылы Ергенекті уақ болысының старшыны ретінде “Саргалдакхожа Утьяшев” деп тағы да қол қойғаны нақты жазылған. Қол қоюшылар ішінде Есенейдің әкесі Естемес Сейітов, Жылғара Байтоқин, Дәулеткерей сұлтан сияқты көптеген атақты адамдар болыпты.
Сарғалдақ – Әзірет Әлінің 43-ұрпағы. Сарғалдаққожаның әкесі Әбдіқожа, оның әкесі Өтеш. Яғни құжаттарда Сарғалдақ Өтешов болып жазылған. Әбдіқожадан Сарғалдақ, Бердіқожа және т.б балалар туған. Бердіқожадан Әуез, одан Омархан, Омарханнан Мұхтар тарайды. Яғни ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен аталас. Сарғалдақ төрт әйел алған. Төрт әйелінен 10 бала тараған. Айғаным өзбек әйелінен туған. Яғни өзбек әйелінен үш бала Бегәлі, Мырзалы және Айғаным туған.
Айғаным барлық қазақ қыздарына тән жолмен балиғат жасына толар-толмаста Орта жүздің ханы Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиге тұрмысқа шығады. Уәли кезекті бір ел дауын шешуге Есіл бойына келгенде Сарғалдаққожаның ауылына түседі. Сол кезде Айғанымды көріп, қызға көңілі ауады. Қазақ салты бойынша Абылай хан қожаға күйеу болғандықтан, Уәли жиен саналады. Жиендігін алға тартып, сүйек жаңғырту дегенді Сарғалдаққожаның есіне салады. Сарғалдақ ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе әйел, қыздар мен келіндерінің тәрбиесіне үлкен мән беріп, мұсылмандық құндылықтарды бойына сіңірген жан болатын. Яғни, қыздарын сырт көзден таса, тәрбиелі ұстаған. Қызының ертеңін ойлап ары-бері толғанады. Өрімдей қызын шалға беруге қимайды, бермейін десе маңдайына жазылғаны осы болса, не шара?! Екінші жағынан, ханға қыз бермей, оны жерге қарату исламды берік ұстаған қожаға жат қылық еді. Ойлана келе шешімді Айғанымның өзіне қалдырады. Ерке өссе де, жастайынан оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу қыз әкенің шарасыз халін түсініп, кесімді сөзін айтады. “Мені шынымен ұнатып, әйелдікке алғыңыз келсе, мына шарттарымды орындайтын боласыз”, – дейді Уәли ханға. “Алдыңғы әйелдеріңізден бөлек, қоныс саласыз. Қонысты менің төркіндеріме жақын маңнан саласыз. Менен тараған ұрпақ мұрагерлікке бірінші кезекте сайланатын болсын. Балаларға білім, ғылым үйретуіме кедергі келтірмейсіз”, – деген шарт қояды. Хан Айғанымның шарттарын орындап, басқа әйел-балаларын Бурабайда қалдырып, жаңа қонысын Сырымбетке көшіреді.
Айғаным тоғыз құрсақ көтереді. Шыңғыс дүниеге келер күні Айғанымның ағасы Бегәлі қожа келіп қонады. Осы кезде Айғаным толғатып жатса керек. Аман-есен босанып, дүниеге ұл келеді. Сүйікті әйелінен туған төртінші ұлына, көңілі шалқып қуанған Уәли аузы дуалы қожа қайынағасына балаға ат қоюды өтінеді. Бегәлі арғы-бергі тарихты саралай келе: “Жиенге жарты әлемді жаулаған ұлы қаған бабасының дүниеге таралған есімін қоюды жөн көрдім. Әкел баланы”, – деп азан шақырып, қамат түсіріп, “Сенің есімің Шыңғыс”, – деп құлағына үш рет дауыстапты. “Бүгін әулие аталарым түсіме кірді. Атам: “Қарындасың аман-есен босанып, ұл табады. Есімін Шыңғыс қой. Хан тұқымдарының басы да, соңы да Шыңғыс болады. Одан соң ханнан тақ, қазақтан бақ таяды, алуан-алуан жол болады. Қазақтың көптен соң жолы болады. Біріңғай жамандық бола бермес келешекте. Қазақ іргелі ел болады”, – деп қожекең өзімен-өзі күбірлеп кетіпті. Бұл – 1811 жылы болған оқиға.
Уәли 1821 жылы қайтыс болып, Айғаным 38 жасында тоғыз баламен жесір қалады. Ұлдарының ішінен Шыңғысты ерекше жақсы көрген екен. Айғаным озық ойы, білімінің арқасында заманның ағымын жете түсініп, балаларын орысша оқытып, орыспен достық қатынаста болғанды жөн көреді.
Ел ісіне араласуы
Ақылды, парасатты, алғыр, өжет Айғаным Уәли дүниеден өтпей тұрып, ел билігіне араласады. Ал хан қайтыс болғанан кейін халқының мүдесі үшін ел тізгінін ұстамасына болмайды. Хан көзі тірісінде тақ мұрагері туралы өсиет қалдырмаған екен. Ресей Айғанымды хан деп таниды. Шыңғыс ол кезде небәрі 10 жаста ғана. Айғаным 1822 жылы шыққан “Сібір қазақтары туралы ереже” деген қазақты бөліп ал да, бөлшектеп биле деген жымысқы саясатын іске асыратын бағдарлама бекітілгенге дейін билік жүргізеді. Бұл ереже шыққаннан кейін де Айғанымның дәрежесі төмендеген жоқ. Жылына 400 рубль жалақы алып тұрған. Солтүстік өлкедегі маңызды оқиғалар Айғанымның қатысуынсыз өтпеген.
Дәл осы тұста бірінші Александр патша Омбыға келеді. Омбының генерал-губернаторы А.А.Сотников. Айғанымға хат жазып, қазақтың салт-дәстүрін, қол өнерін көрсетуді сұрайды. Айғаным 1822 жылдың қараша айында Тобыл қаласындағы Батыс Сібір өлкесінің бас басқармасына хат жазып, өзіне тиесілі жерлерді заңдастырып, Сырымбетте жайлы қоныс салып беруді өтінген екен. Өтінішті Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, генерал-лейтенант П.М.Капцевич Санк-Петрбургтегі Сібір комитетіне жеткізеді. Өтінішпен танысқан Михайл Сперанский мен инженер-подполковник Гаврил Батеньков Айғаным ханшаның ниеті Ресеймен ынтымақта болу екенін байқайды. Ханшаның тілегін Александр патшаға жеткізіп, жақсы жағынан түсіндіреді. Патша 1824 жылы 28 қаңтарда жарлық шығарып, Сырымбеттен Есілге дейінгі алқапты Айғаным ханшаның иелігіне бекітеді. Қоныс салуға бес мың сом бөледі.
Айғаным алғашында өзіне жайлы үй, мешіт медресе, соңынан қонақүй, монша, тіпті жел дирмен де салдырады. Тобыл қаласына барып, генарал-губернатордан егін егуді білмейтін қазақтарды егіншілікке баулу мақсатымен диқаншылыққа қажет тұқым, құрал-сайман, егіншілікті үйрететін маман сұрайды. Өтініш бойынша қазынадан төрт соқа, 8 тырма, 40 пұт қара бидай бөліп, кәсіп үйретуге Антон Лыгачин деген маманды жібереді.
Орыс-қазақ тілінде жазылған ресми хат мәтіндерін өзі бақылап, қате болса түзеп отырған. Академик Ә.Марғұлан тауып зертеген Айғаным жазбаларының саны жүзден асады екен. П.П.Семенов-Тянь-Шанский “Шоқанның әжесі Уәлиханның жесірі Айғаным өз балаларымен бірге Россияға айнымас адал дос болып қалды. Александр І Айғанымға қырғыз сахарасында үй салдыруға әмір еткен. Ш. Уәлиханов сол үйде туған”, – деп жазыпты.
Шоқан Уәлихановтың таңдамалы жинақтарында Айғанымның бейнесі өте анық берілген. Онда “Ш.Уәлихановтың әжесі Айғаным – (1783-1853 ж.) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді әйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментімен және Петрбургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланыста болған. Жергілікті халықтың арасында өте беделді болған”, – деген деректерді оқимыз.
Келешекті ойлаған кемеңгерлігі
Айғаным өзі салдырған мешітке Құтмұхаммед Иманқұлов деген молданы алдырып, өзінің және ауылдың балаларын оқытады. Тұңғышы Шыңғыс ауылда мұсылманша хат танығаннан кейін оны 1827 жылы 14 жасында Омбыдағы Сібір казактарының линиялық әскери училищесі жанындағы Азиялық оқу орнына түсіреді. Өз балаларын ғана емес, білімге құштар Мұқаметқали, Төрежан сияқты зерек балаларды да оқуға түсірген.
Шыңғыстың оқуға деген құлшынысын, ынтасын арттырып, ел жайын айтып, дүниетанымына бағыт-бағдар беріп, жан-жақты бақылап отырған. Осының нәтижесінде Шыңғыс 1834 жылы оқуын ойдағыдай бітіреді. Орыс тілінде еркін сөйлеп, жазатын болады. Анасының ізгі тәрбиесін, қамқорлығын жете түсініп, үлгі алған Шыңғыс жиырмаға толар-толмаста ақыл-парасаты толысқан азаматқа айналады.
Шыңғыс оқу бітірген кезде Аманқарағай дуаны ашылады. Айғаным елдегі және Ресей патшалығының алдындағы беделінің мықтылығын көрсетіп, жиырма беске толмаған Шыңғысты аға сұлтандыққа ұсынады. Ресей ұлықтары анасының көмегімен ел тізгінін ұстап кетеріне сеніп, Шыңғысты 1834 жылы күзде аға сұлтандыққа бекітеді. Халық ежелгі салт бойынша ақ киізге отырғызып, хан ретінде ұлықтайды.
Ал Шоқан 1835 жылы туған, азан шақырып қойған аты – Мұхаммед-Ханафия. Айғанымның тұңғыш немересіне арғы атасының атын қоюы тегін емесі түсінікті. Мұхаммед-Ханафия мен оның ұрпақтары түркі әлеміне мәшһүр тарихи тұлғалар екені белгілі. Шоқан әкесі Шыңғыс сұлтан ашқан Құсмұрындағы алғашқы қазақ мектебін бітірген соң, 1847 жылы Омбыдағы əскери оқу орны – Сібір кадет корпусына түседі. Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, ақыл-ойының тез жетілуі – әжесінің тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. “Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болды”, – деп жазған екен ғалым Әлкей Марғұлан.
Солтүстікті сақтап қалғаны
Айғаным заманның ағымын жете түсініп, орыстың өркенін аңдап, достық қатынаста болғанда ғана тиыштық болатынын ерте сезді. Сайын далада арқаны кеңге салып, бөлек-бөлек көшіп, өзді-өзі қырқысып жүрген қазақтың жауға әлі келмейтінін білді. Осы жайды жете түсініп, орыс халқымен және солардың зиялы қауымымен жақсы қарым-қатынас орнатты. Кенесары хан көтерілісін іштей жақтаса да, ашық қолдауға болмайтынын біліп, кей жағдайда бейтараптық танытты. Бұны аға сұлтан болған ұлы Шыңғыстың әрекетінен де көруге болады.
Хандық заман қайтып келмесін жете түсінген Шыңғыс Кенесарының бірігуге шақырған жаушыларын қабылдамады. Бұл істі Шыңғыс анасымен ақылдасып шешкені белгілі. Ашуланған Кенесары Айғаным ауылын шаппаққа қамданғанда, қарындасы Бопай: “Еркек басыңызбен Сіз барғаныңыз жөн емес, мен шабамын”, – деп Айғанымның Сырымбеттегі қонысын шауып, малын айдап кеткен. Осыдан кейін Шыңғыс түбегейлі патша жағына шыққан. Бірақ Кенесары ауып кеткенде, артында қалған оның туған-туыстарынан көмегін аямаған. Егер Айғаным мен Шыңғыс Кенесарымен бірігіп, оңтүстікке ауып кеткенде мына солтүстік өлкенің тағдыры не болар еді?
Айғаным мен Шыңғыстың Кенесарыны жақтамағанын қазақтың игі жақсылары естіп, біліп отырды. Көзі ашық көкірегі ояу Айғанымның елінің, жерінің ертеңін ойлап отырғанын ел түсінді. Айғанымның көрегендігінің арқасында солтүстіктегі қазақ жұрты орысқа бодан болса да ел мен жерін сақтап қалды.
Ағайынға қамқорлығы
Айғаным ханшаның шарапаты өз маңындағы елден асып, атақты Құнанбайға да тиген екен. Бердіқожаның қызы Нұрғанымды Құнанбай тоқалдыққа алғаны “Абай жолы” романынан белгілі. Құнанбай аға сұлтандықтан кеткеннен кейін Мұсақұл, Тоқпанбет төбелесі сияқты жер дауы ушығып, Омбыға айдалады. Осы кезде Құнанбайға жақын жүрген Бурахан Сырымбетке келіп, Айғанымға мән-жайды айтып, көмек сұрайды. Айғаным Шыңғысты Омбыға жібереді. Шыңғыс ол кезде Дала генерал-губернаторының қазақ істері жөніндегі кеңесшісі болатын. Ал Шоқан генерал Госфорттың адьютанты еді. Бәрі бірігіп, Құнанбайды аман алып қалады.
Айғанымның Құнанбайды құтқаруының сыры – оның тоқалы Нұрғаным Бердіқожаның қызы болатын. Ал Айғанымның әкесі Сарғалдақ пен Бердіқожа бір туған. Жалпы Нұрғанымды тоқалдыққа сұрағанда Бердіқожа қатты қарсы болыпты. Көшіп кетуді де ойлаған. Құнанбайдың қолында хандық болмаса да, бір елдің ардақтысы еді. Ағайынның басындағы жайды Нұрғаным түсініп, әкесіне басу айтып, өзі келісімін берген екен.
Құнанбайдың қожа тұқымымен етене жақындасуының сыры орыс ұлықтарының өктем тегеуірінін көріп, қатердің үлкені, осылардан келетінін сезгенінде болса керек. Және қатер болса орыспен араласып отырған, орысқа беделді Айғаным, Шыңғыс, Шоқандардың пайдасы тиерін сезді, онысы нәтижесін де берді.
Қыстақтың қазіргі жайы
Сырымбеттегі Айғаным қонысы Бопай шабуылынан кейін 1930 жылы коммунистердің шабуылына ұшырап, құрылыс түгелімен жойылады. Қыстақтың орнын 1980 жылдары тауып, сол орынға 1993 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттар қалпына келтіріледі. Тарихи орынның ашылу салтанатына Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның сол кездегі президенттері Н.Назарбаев, И.Кәрімов және А.Ақаев қатысады. Сырымбет ауылында қазір Шоқанның мұражайы жұмыс істеп тұр. Ал Айғаным қонысына жаздың бірнеше айынан басқа мезгілде бару қолайсыз. Себебі қыста қар басып қалады. Қыстақтағы үйлерде жылу жоқ. Тарихи орынды көруге баратындар үшін бұл өте күрделі мәселе.
Айғаным Сырымбеттегі осы қонысында қайтыс болған. Ол жайлы Ш.Уәлихановтың “1853 жылы 19 қарашада, бейсенбі күні, екінті намазы кезінде қырғыз-қайсақ Орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Сарғалдақ қызы Айғаным 70 жасында дүние салды”, – деп өз қолымен жазған қағазы архивте сақталған. Шоқан асыл әжесін жерлеуге қатысып, ислам рәсімімен топырақ салған. Жаназасын ағасы Бегәлі қожа шығарады. Зираты қонысынан алыс емес. Осы қорымда Шыңғыс, Жақып, Мақының да бейіттері бар. Айғаным ханшаның басына жаңадан құлпытас қойылған. 2015 жылы кесене тұрғызылды.
Айғаным – үш жүзге атағы жайылған, болашақты болжай білген кемеңгер, ормандай орысты мойындатқан ХVІІІ ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам және мемлекет қайраткері, ел басқарған, ұрпақ тәрбиелеген парасатты, тәлімі мол әйел, ана, әже ретінде тарихта аты қалған дара тұлға. Айғанымның тәлім-тәрбиесін көрген немересі Шоқан Азия жұртының арасынан ерекше талантымен, білімімен әлемге танылды. Өкініштісі – кеңес кезінде Айғанымның есімі көп аталмады, тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда да аса ескерілмеді, еңбегі бағаланбады. Қазақтың дана қыздарының алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алатын Айғаным ханшаның 240 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтілсе, облыс, аудан орталықтарында көше беріліп, ескерткіш тұрғызылса деген тілегіміз бар.
Дахан ЖӘМШІ,
журналист.