Солтүстіказақстандық кәсіпкерлер өңірде мемлекеттік ұлттық табиғи парк құру туралы ұсыныс білдірді. Имантау – Шалқар курорттық аймағы “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына енетіндіктен, шағын және орта бизнес субъектілері салық төлемдерін Ақмола облысына аударуға мәжбүр. Осы мәселе кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жанындағы туризм комитетінің отырысында талқыланды.
Жиында мәлім болғандай, Имантау – Шалқар курорттық аймағы 2018 жылдан бастап туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істеп, үздік ондыққа енген. Алайда құйылған инвестициялардың негізгі бөлігі “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Зеренді аумағын дамытуға жұмсалуда.
“Өңірде туристік аймақтарға қатысты проблемалар жылда айтылғанымен, нақты шешімін таппай келеді. Бір ғана жол жайын алайық, ойқы-шойқы, қырық жамау, осы себепті туристер келуге құлықсыз. Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы бізге қаражатты “қалдық қағидаты” бойынша бөледі. Зерендіге көбірек инвестиция салынып жатқанын бәріміз көріп-біліп отырмыз”, – деді өз сөзінде Айыртау ауданындағы “Бос уақыт орталығы” ЖШС-ның директоры Виктор Надьярный.
Былтыр Шалқар – Имантау аймағына 42 мың турист келген, 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 мыңға артық. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризмді дамыту бөлімінің жетекшісі Қанат Шамсутдинов саяхатшылар көбейгенімен проблемалар да азаймай отырғанын айтты.
“Алда Ақмола облысымен шекаралас Лобаново ауылына дейінгі 11 шақырым жолды жөндеу міндеті тұр. Қалпына келтірілуі тиіс қалған жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттар рәсімделіп, бюджеттік өтінім Қаржы министрлігіне жолданды. Республикалық бюджет комиссиясының шешімін күтіп отырмыз. Ұлттық парк Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. “Көкшетау” паркіне одан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылжар ауданындағы Согровский қорығы да кіреді. Дербес ұлттық парк құру мәселесі Экология министрлігінің құзырында”, – деді кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұраққа жауап берген Қанат Шамсутдинов.
Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Аслан Нұрсейітов бұл мәселені комитет егжей-тегжейлі талдап, қорытындысы “Атамекен” ҰКП-на жіберілетінін жеткізді.
Айыртаулық кәсіпкер Әсем Адамова 2020 жылы Имантау – Шалқар курорттық аймағында квадрациклдер мен велосипедтерді жалға беруді ұйымдастыру бойынша грант жеңіп алған. Мұнда веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу белгіленгенмен, әлі күнге дейін еш қозғалыс жоқ. Мәселенің тым ұзаққа созылып кеткенін басқарма өкілдері растады. Сөйтсе, Экология министрлігі инфрақұрылымды дамытуға рұқсат бермей қойған. Ұсыным қайта қаралмақ.
Облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығы пандемияға дейін жыл сайын өткізіліп келген “Мөңке балығы күні” мерекесі мен “KYMYZFEST” фестивалін қайтадан жаңғыртуды ұсынды.
Жиында кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы болып мейрамханалар мен қонақүйлер қауымдастығының жетекшісі Сайран Хамзин сайланды.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.