Адамдар өркениеттің биігіне құлаш сермеген сайын өзі өмір сүріп жатқан ортасын ластап, бүгінгі таңда бұл әлем бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Атмосфералық ауа, әсіресе ірі кәсіпорындардың әсерінен бүлінеді. Бұған көміртек пен қорғасын тотығын шығаратын ескі автокөліктерді қосыңыз. Біздің елдің кей облыстарында ауаның ластану көрсеткіші қалыпты нормадан 8-10 есеге дейін артып кеткен. Экологиялық түйткілді шешу үшін, ең алдымен, өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарын азайтып, атмосфераны ластайтын зиянды заттардың деңгейін төмендететін тазарту жүйесін орнатқан дұрыс. “Темір тұлпарлардан” бас тарту мүмкін емес, сондықтан ең ұтымды жолы – электрлі көлікке көшу қажет. Қоршаған ортаны қорғаудың жай-жапсарын облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтан сұрап білдік.
– Азамат Бауыржанұлы, өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаның жағдайы кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Бүгінгі сұхбатымызда өңіріміздің экологиялық мәселелеріне кеңінен тоқталсақ. Солтүстік өңірдің ауасы өзге облыстарға қарағанда тазарақ сияқты. Расымен де солай ма?
– Бұл жөнінде мониторинг жұмыстарын “Қазгидрометтің” облыстық филиалы жүргізеді. Облысымызда ауаға зиянды зат бөлетіндер көп, мәселен, ластау көздерінің жалпы көлемін 100 пайыз деп алсақ, соның 49 пайызы жылу-электр станцияларына тиесілі. Ал көрші Павлодар облысын алып қарасақ, онда ірі кәсіпорындар, мысалы, “Богатырь” көмір шахтасы, “ГРЭС-1” және “ГРЭС-2” электр станциялары көп ластайды. Оларға қарағанда бізде үлкен өндіріс ошақтары аз. “Қазгидромент” мамандары жүргізген зерттеу мәліметіне сүйенсек, бізде ауаны ластау көздері азая бастағанын көреміз. Тағы бір айта кететін жақсы жаңалық – ауылдық жерлердегі жылыту қазандықтары көмір орнына сабан жағады. Бұл – экологиялық тұрғыдан таза әдіс. Облысымыздағы 120-ға жуық жылыту қазандығының біразы зиянды қалдық шығармайды. Мәселен, Есіл ауданының орталығы Явленкадағы төрт жылу қазандығының екеуі – көмір, қалған екеуі сабан жағады. Бұл – бюджетке де үнем, күл де аз шығады әрі ауаны көмірге қарағанда 10 есе аз ластайды.
– Петропавлдағы жаз шықса қолқаны қапқан жағымсыз иісті жою мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– “Қызылжар су” ЖШС балдырларды пайдалану арқылы сарқын су құйылатын көлді тазалауды қолға алды. Лас су төгілетін көл мен елді мекеннің аралығы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Бұл норма сақталған. Өткен жылдан бері сасық иіс азайып келеді. Алдағы уақытта көлден тағы да сынама алынады. “Қызылжар су” ЖШС балдырларды пайдалану үшін үшжылдық келісімшартқа отырып, серіктестіктің жеке қаржысынан 120 млн. теңге бөлді. Екі жылдың нәтижесі жақсы. Қазір осы тірі организмдер көл суын тазартуда.
– Тірі ағзалар демекші, олар сақылдаған сары аязда қатып қалмай ма?
– Олар анобиоз деген түрге жатады. Температура нөлден төмен түскенде “ұйықтап”, күн жылынғанда қайтадан тіршілігін жалғастыра береді. Ерекшелігі қалдықтарды жеп, қоршаған ортаға оттегін бөліп шығарады. Жергілікті ғылым орталығының мамандары мұндай көлге балық жіберуге де болатынын айтады. “Қызылжар су” ЖШС-ның зертханасы бұл жұмысты жалғастыруда. Балдырларды өсіріп, лек-легімен көлге жіберіп отырады. Ал нәтижесін алдағы уақытта жұртшылыққа паш етеміз. Жекелеген адамдардың шағымынан кейін өткен жылы қыркүйек айында аталған көлдің жағасында біраз уақыт тұрдым. Бір байқағаным, көл суының табиғи иісінен басқа бөгде иісті сезбедім.
– Күн ыстықта көп тұрса көлдің суы да сасиды ғой. Оған қарағанда бұл көлге лас су төгіледі дегендей…
– Қар көп жауған жылдары көлшіктер пайда болатыны рас. Алайда жерасты көзі болмағандықтан, бірте-бірте жерге сіңеді. Су бар жерде өмір бар демекші, ол тартылғанда ондағы тіршілік иелері өле бастайды, яғни шіриді. Содан сасық иістің пайда болуы – табиғи құбылыс.
– Есіл ауданы, Бұлақ ауылындағы алтын қазатын кәсіпорынға шағым көп. Сол сияқты қазір Өрнек ауылында да қиыршықтас өндірісі бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қолқаны қабатын газ бөлінетін көрінеді. Өңіріміздегі осындай өндіріс орындарына тексеру жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Бұлақтағы алтын өндіретін кәсіпорынға қатысты арыздар түскені рас. Тұрғындар радиация көбейіп, онкологиялық ауруларға шалдыққандарын жеткізген. Анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры және санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарымен бірлесіп, радиацияны өлшейтін құралмен гамма сәулесін өлшедік. Нормадан асқан жағдай байқалмады. Санитарлық мамандар топырақтың, судың сынамасын алып тексерді. Бәрі қалыпты. Кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарының басын қосып, жиналыс өткізді. Алтын шығарумен айналысатын кәсіпорын жұмысын тоқтатқаны белгілі, сол себепті ішінде тексеру жұмыстарын жүргізе алмадық. Өзіңіз білесіз, жұмысы тоқтаған мекемені біздің тексеруге құқығымыз жоқ. Ал Өрнек ауылы маңындағы қиыршықтас өндірісі туралы хабарсызбын.
2020 жылы прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, облыста заңсыз жер пайдаланғандарға тексеру жүргіздік. Нақты материал негізінде әкімшілік іс қозғалды. Заңсыз пайдаланған қазба орындарының санын анықтап, оларға қоршаған ортаға келтірілген залалы бойынша айыппұл төлеттік. Қазір заңсыз жер пайдалану жойылды десе де болады.
– Өңіріміздегі тағы бір проблема – бұрын уран өндірген шахталардың ашық-шашық жатуы. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында бұрыннан келе жатқан уран кен орындары 2010 жылы толық жабылды. Шахтаның мүлкі иесіз жатқаннан кейін оны кім көрінген ұрлап, қажетіне жарайтын заттардың бәрін алып кетті. 2015 жылдан осы мәселені бақылауға алдық. Гамма сәулесінің мөлшерден асу фактісінің бар-жоқтығын тексердік. Кейбір шұңқырлардың беті темірмен немесе металмен жабылған болатын, оны жергілікті тұрғындар сатып жіберіпті. Мәселені тез арада шешу қажет болды. 2018 жылы “Жол картасы” жасалып, сот шешімімен иесіз шахталар жергілікті атқарушы органның қарамағына өтті. Содан кейін ғана, яғни 2020 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қоршаулар мен радиациялық қауіпсіздік белгілеріне қаражат бөлінді. Айыртау ауданында бұл жұмыс қазір тоқтап тұр. Жалпы бұл аумаққа кіруге, мал жаюға болмайды. Жақын маңдағы бірнеше ауылға барып, ондағы тұрғындармен кездестім. Олар ешқандай кері әсерін сезінбегендерін жеткізді. Бұл ауылдардың тұрғындары кезінде осы шахталарда жұмыс істеп, нәпақаларын тапқан. Тіпті кейбір отбасылар балаларын осы сала бойынша оқуға түсірген болатын. Болашақта осында жұмыс істейді деп жоспарлаған ғой. Бірақ соның бәрі далада қалды.
– Сіз бір сұхбатыңызда өңірімізде өткен жылы экологияға байланысты 140-қа жуық заң бұзушылық анықталғанын айтыпсыз. Бастыларын атап өтіңізші. Жауапкершілікке тартылғандар бар ма?
– Қазір экологиялық рұқсаты жоқ нысандар көп. Мәселен, кейбір кәсіпорындарда жылу қазандығының біреуі заңды болса, қалғандары заңсыз. Бұл – салықтан жалтарудың айласы. Көбі экологиялық кодекстің ережесін айналып өткісі келеді. Берілген есеп бойынша өңірімізде қанша ластау нүктесі бар екеніне сараптама жасаймыз. Мәселен, қанша қалдық зат шықты, оны жоюдың жолы қайсы, қалдық сұрыптала ма, әлде қоқыс алаңына төгіле ме дегендей. Біздің мамандар сол нысандарға барып, тексеру жүргізу арқылы көз жеткізеді. Тексеріссіз әкімшілік іс қозғай алмаймыз. Экологиялық кодекс бойынша әр ластаушы заттың нормативі бар. Соны көбі елемейді, кейбіреулер қоқысты келісімшарт жасаспастан өзі шығарады, екіншілерінің зиянды қоқысты қайда жіберетіні де белгісіз.
– Әлеуметтік желіде қоқыс уақытында шығарылмайтыны жайлы көп жазылады. Біздің газетте де бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Сіздерге шағым айтып келетіндер бар ма?
– Экология кодексі бойынша қалдықтарды басқару және оны шығару жұмыстары жергілікті атқарушы органға жүктелген. Яғни бұл жұмысқа Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Біз – бақылаушы органбыз. Бізге де арыздар келіп түседі, ізін суытпай әкімшілікке жөнелтеміз.
Облыс бойынша тұрмыстық қалдықтар төгетін 454 қоқыс алаңының 335-інде ғана жер актісі бар. 11-інде ғана қажетті құжаттар толық рәсімделген. Оларды рәсімдеу жұмысы қаражатқа келіп тіреледі. Ауылда жұрт қоқысты пешке жағып жібереді немесе жерге көміп тастайды. Бұлай істеуге болмайды. 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жол картасында 2023 жылдың соңына дейін аудан орталықтарында 9 қоқыс сұрыптау алаңын салу жоспарланған. Сметалық құжаттары дайын, енді сараптамадан өтуде. Әр аудан әртүрлі баға көрсеткендіктен, қаражат жағы әлі шешімін таппаған. Менің ойымша, қоқыс сұрыптау алаңдарын ел көлемінде бірдей етіп салу керек. Сонда ғана бағада алшақтық болмайды.
– Жақында қоқыс шығару ақысы көтерілетіні жайлы сөз болды. Бағаны өсіру тазалыққа қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Мен бағаны өсіру керек деп ойлаймын. Өйткені соңғы бес жылдан бері көтерілмеген. Біздің өңірде баға ең төмен. Демек, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың ақшалары да аз деген сөз. Яғни техникасы дер кезінде жөнделмейді, салдарынан қоқыс уақытында шығарылмайды. Бұдан бөлек, қоқыс полигонына ақша төлейді, тығыздау жұмысын жүргізу керек. Төгілген қоқысты тығыздамаса, шіри бастағанда өздігінен жанып кетеді. Мәселен, ауылдарда тау болып үйіліп жататын мал тезегінің өзінің ішкі температурасы жоғары болады. Ал полигонда жануға бейім неше түрлі заттар бар.
Экология министрі 2019 жылдан бастап “Қазақстан ғарыш сапары” ұлттық компаниясымен келісімшартқа отырды. Олар еліміздегі заңсыз қоқыс төгетін жерлерді анықтап, мәліметтерді бізге жібереді. Біз сол бойынша тексеріске шығып, шара қолданамыз. Мәселен, қаланың төңірегінде 50 шақырым аумақта 233 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды, өткен жылы 98 пайызы тазаланды. Ал 2020 жылы олардың саны 600-ге дейін барған. Жылдан-жылға азайып келе жатқандығын байқаймыз. Ішкі істер және Экология министрліктері бірлесіп, мобильді топ құрды. Оған біздің департаменттің мамандары да қосылды. Олар облыс орталығында 20-ға жуық, ал Қызылжар ауданында 47 заңсыз қоқыс үйіндісін тапты.
– Қызылжардың сәні – аққайыңдар сиреп барады. Осы жайт сізді алаңдатпай ма?
– Жалпы әрбір елді мекенде жасыл желек көп болғаны дұрыс. Қазақ “бір тал кессең, он тал ек” деген ғой. Жақсы нәрсені құрту оңай да, қалпына келтіру қиын. Ағаштар сиреп бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан 2020 жылы көгалдандыру жоспары құрылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл өте ауқымды жұмыс.
– Есіл өзені суының жыл сайын деңгейі төмендеп, тартылып бара жатқан сияқты. Судың жағдайын тексеріп тұратын мамандар не дейді?
– Есіл өзені деңгейінің түсуіне негізгі себеп – қардың аз жаууы. 2016 жылы су деңгейі қатты көтерілді. Кейін бірте-бірте төмендеп, қазіргі таңда өзінің бұрынғы деңгейіне түскен сияқты. Есіл өзені шекаралық су айдыны болғандықтан, біздің зертхана мамандары Ақмола облысынан кірген кездегі және шыққандағы бөлігін ғана зерттейді. Ешқандай нормадан асу жағдайы анықталмаған. Судың ластану деңгейі біздің облысымызда тұрақты.
– Ауаны ластаушылардың қатарына ескі көліктер де кіретіні белгілі. Көк түтінді будақтатып кетіп бара жатқан “темір тұлпарлардың” иелеріне қандай шара қолданасыздар?
– Мен бұл жерде ескі көліктерге жер үйлерді де қосар едім. Байқасаңыз, қаланың ортасында түтін иісі жоқ. Ал Жұмысшы кенті, “Береке”, Солнечный сынды шағынауданға барсаңыз, қолқаны қабады. Желсіз күндері қаланың үстін көк түтін басып кетеді. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – газдандыру. Жоспар бойынша, 2024-2025 жылдары көгілдір отын Астана – Көкшетау – Петропавл бағыты бойынша жеткізілуге тиіс. Екінші жол – Ресейден тарту. Бұл жөнінде Энергетика министрі келіссөз жүргізуде. Бізден 100 шақырым жерде газ құбыры өтеді екен.
Негізгі сұрағыңызға оралсақ, көлік біткеннің бәрін тоқтатып, тексеру мүмкін емес. Біздің мамандар жыл бойы полициямен бірге “Таза ауа” акциясына қатысады. Көбіне жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктерді тексереміз. Бөлінетін улы газ нормадан асса, айыппұл арқалайды. Өткен жылы 33 көлікті тексеріп, соның 22-сінде нормадан асу фактісі анықталған. Олардың орнын қазір жаңа автобустар басуда.
– Экологиялық мәселе көп көрінеді, бәріне қалай үлгересіздер?
– Департаментте мемлекеттік қызмет, экологиялық бақылау және зертхана сынды үш бөлімде біраз маман тер төгіп жүр. Зертханадағылардың жұмысы ауқымды, үлкен жылу қазандықтарынан бастап, су мен топыраққа дейін тексеріп, сынама алады, радиация дәрежесін өлшейді.
– Сіздің мамандығыңыз қандай? Экология бойынша біліміңіз бар ма?
– Мен – Есіл ауданындағы Қарағаш ауылының тумасымын. Мектепті Явленкада бітіріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде экология мамандығы бойынша оқыдым. Туған ауданымдағы колледжде үш жыл мұғалім болып, 2014 жылы экология департаментіне бас маман болып жұмысқа кірдім. 2016 жылы бөлім басшысы, 2017 жылы басшының орынбасары болдым, кейін Көкшетау мен Қарағандыда осы салада жұмыс істеп шыңдалдым.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет! Өңіріміздің экологиялық мәселелері оңынан шешіле берсін дегім келеді.
Сұхбаттасқан
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.