«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адамгершілік – асыл қасиет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемнің Раббысы, барлық дүниені жаратқан Алла тағала жер бетінде өмір сүретін, Алланың заңдарын жүзеге асыратын адамды жаратар кезде періштелер оған: “Жер бетінде қантөгіс пен бұзақылық жасайтын адамды жаратпасаң біз сізді ұлықтаймыз”, – дейді. Періштелердің жаман адамдарды жаратуына қарсы болуының себебі, олардың жаратылысы мен болмысы күнә атаулыдан ада болуында. Лауһыл махфузда (тағдырлар жазылған кітап) болашақта адам баласы бір-бірінің қанын төгетінін, түрлі күнә, қылмыстар жасайтынын көріп, жан дүниесі оны қабылдамағандықтан, адам баласының жаратылуына байланысты өздерінің пікірлерін періштелер солай білдірген екен. Алайда Алла тағала: “Мен сіздер білмейтінді білушімін”, – деп аса үлкен құдіретпен адамды жаратқан екен.

Алла адам баласын жаратылғандардың ішіндегі ең көркем, ең құрметті әрі ақылды, саналысы қылды. Тек адамға ғана әр істі ақылмен шешетін, жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты, әділдік пен жауыздықты ажыратып, айыра алатын мүмкіндік пен қабілет дарытты. Кейін Алла тағала Адам атаға білім үйретеді. Білімі періштелердің білімінен де асып түсіп, періштелер Алланың хикметін, адам баласын жаратуындағы сырын, түпкі мақсатын түсініп, құрмет сәждесін жасап, тағзым етеді.

Алла тағала адам баласын періштелер мен хайуанның ортасында жаратқандықтан, біздің бойымыздан періштелердің қасиеті де, хайуандардың нәпсісі де көрініс табады. Періштелер сияқты болуға біздің толық мүмкіндігіміз бар, мәселен, шындықты, әділдікті, ақиқатты, тазалықты, кешірімділікті, сабырлықты, туралықты, арлылықты жақтауға қабілетіміз жетеді ғой. Ал нәпсі тек ішіп-жеу, дүниені жақсы көру, күнә жасауға бейімділік, ақиқатты мойындамау сияқты нәрселерге қаратылған. Десе де кейбір нәпсінің қалауына Алла тағаланың өзі рұқсат берген, оларға асты адалдан ішу, некелесіп отбасын құру, киім кигенде шектен шықпай, сөйлегенде, күліп-ойнағанда, әзіл-дескенде күнәлі әрекеттерге бармау сияқты қажеттіліктер жатады.

Ендеше адам баласының болмысын сақтап тұрған не? Қандай өлшемдермен адамдық сипатымызды сақтай аламыз? Адами болмысымызды сақтауда біздерге жаратқан иеміз Алла тағаладан артық нұсқаушы жоқ. Қасиетті Құранның “Ғасыр” сүресінде: “Адамзаттың барлығы зиян шегуде. Тек иман келтіріп, жақсы амалдар істеп, шындықты үгіттеуші, бір-бірін сабырлыққа шақырғандардан басқалары”, – делінген. “Ғасыр” деп бұл жерде уақытты айтуда. Қазақта бір ғасыр – жүз жылға тең уақыт өлшемі. Яғни адамзат дінсіз жүз жыл өмір сүрсе, азып-тозып кететінін айтады. Қалай айтсақ та, “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” болмаса, яғни адам баласын дұрыстайтын діні болмаса, сол тура жолда сабырлықпен өмірлерін сүрмесе, шынымен де адамның табиғаты бұзылатыны хақ. Адамгершіліктің ең жоғары сипатын Алла тағаланың сүйікті құлдары – елшілері, пайғамбарлары көрсетті. Адамзат адасып, азып-тозып, рухани құлдырау шегіне жеткенде, тура жолға шақырып, әділдіктің жаршылары болды.

Майкл Хард есімді ғалым “Жүз ұлы тұлға” атты кітап жазғаны белгілі. Сол кітапта бірінші болып Мұхаммед (с.ғ.с) тұр. Өйткені ол – Алла тағаланың тәрбиесінен өткен, тағдырдың сан қилы тауқыметін көрген, әділдікті ту еткен тұлға. Өмірінің ұсақ-түйегіне дейін зерттеліп, қағаз жүзіне түсірілген адам. Алла тағала Құран Кәрімде “Алланың елшісінде үлгі алатын көптеген жақсы қасиеттер бар”, – деген. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) – аманатшыл, шыншыл, қайырымды, ізетті, сабырлы, кешірімді, мейірімді, сенімді, қамқор, қайратты және бойында тағы осы сияқты көркем мінездердің қазынасы болған адам. Оның осы көркем мінез қайнарынан сусындаған әр адам, бойына осы қасиеттерді дарытып, адамгершіліктің биік шыңына көтеріледі. Қазақ жақсы сөзді жарым ырысқа балайды. Бұл пайғамбарымыздың ниет турасындағы хадисіне сәйкес келеді. Сол сияқты адамгершілікпен суарылған мақал-мәтелдердің төркіні де Құран мен хадистен нәр алған деуге әбен негіз бар.

Абылай Құрмашұлы, “Мухсин” мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp