«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мағжанға арналған мүшәйра

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

“Күншығыста ақ алтын бір сызық бар,

Мен келемін, Мен Пайғамбар – Күн ұлы”, – деп жырлап, жер-дүниені дауылпаз үнімен дүбірлеткен қазақтың ардақты перзенті, ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жыл­дығын мерекелеу аясында еліміздің әр түкіпірінде түрлі мәдени шаралар бастау алды. Сондай жиындардың бір шоғыры туған жері – Қызылжарда ұйымдастырылмақ. Облыстық мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы республикалық мүшәй­ра өткізуді жоспарлап отыр.

“Мен өлмеймін, менікі де өлмей­ді…” деген атаумен ұйымдастырыла­тын жыр додасына 20-50 жас ара­лығындағы талапкерлер қатыса ала­ды. Олар байқауды ұйымдастыру алқасына лақап атпен Мағжан Жұ­мабаевтың ақындық, қайраткерлік тұлғасын паш ететін бір, еркін тақы­рыптағы бір туындысын ұсынулары қажет. Жүзден жүйрік деп танылған тоғыз ақынның туындысына ақша­лай жүлделер тағайындалып, олар Қызылжарда оқырмандармен жүзде­сетін болады.

– Мағжан ақынның поэзиясында ұлан-байтақ даламыздың тарихы, қазақтың саф таза салтанатты тілі жарқын көрініс тапқан. Өкініштісі сол, бар ғұмырын халқының азатты­ғы­на, бақытты өміріне арнаған ақын­ның шығармалары көп жылдар бойы туған ұлтымен қауыша алмай, таса­да бұғып жатты. Қазіргі ұрпаққа осы олқылықтың орнын толтыру керек. Мағжанның жырлары қазақтың әр баласының көкірегіне түйме болып тағылуы қажет. Мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен белгілі ақындар қа­тысады деп отырмыз. Олар Мағжан­ды жырлайды, Мағжанша ой толғай­ды. Ендеше, қазақтың төл поэзия­сында ұлы ақын жерлесімізге арнал­ған туындылар көбейеді деген сөз. Біздің көздегеніміз де осы, – дейді мүшәйраны ұйымдастырушылар­дың бірі, облыстық халық шығарма­шылығы және мәдени демалыс ор­талығының бөлім меңгерушісі Жар­қын Жұпархан.

Жыр додасына келіп түскен шы­ғармаларды есімдері елімізге белгілі қаламгерлер саралап-сұрыптайтын болады. Бәйгеге қатысушыларға Мағ­жан Жұмабаев атындағы арнайы сыйлық беру жағы да қарастыры­луда.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp