«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Бүгінде республика бойынша 6293 елді мекен бар, онда 7,8 млн.-ға жуық адам тұрады. Алайда талдау көрсеткендей, соңғы 15 жылда ауыл тұрғындары санының кемуі байқалады. 2007 жылы олардың үлесі 47,1 пайыз болса, 2002 жылы 40,8 пайызға дейін азайған. Сонымен қатар 2004 жылдан бері ауылдық елді мекендердің санының өзі 1272-ге қысқарған. Бес жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің нақты көлем индексінің өсу қарқыны баяулап, орташа жылдық көрсеткіш 102 пайызды құраған. Ауылдықтардың жан басына шаққандағы айлық табысы 40,2 мың теңгеден ғана айналып, 7,2 пайызының күнкөріс деңгейі нашарлап кеткен. Сол сияқты жол, сапалы ауызсу, жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымдар салу, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер аз емес. Осы күрделі мәселелердің түйінін тарқату үшін жасалған ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстыру жөнінде Қызылжар ауданы, Новоникольск елді мекенінде арнайы кеңес өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойды. Онда ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институционалдық жағынан қамтамасыз етілуінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру міндеттері атап көрсетілді. 2023 жылдың 31 наурызына дейін тұжырымдаманы қабылдау, Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды жүзеге асыру Үкімет пен тиісті ведомстволарға және облыс әкімдеріне тікелей жүктелді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру деңгейін және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін толыққанды жағдай жасау.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков алқалы басқосу басталғанға дейін “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде атқарылып жатқан шаруалардың барысымен танысты. Мәдениет, білім беру нысандарын аралап, ұжым мүшелерімен кездесті. Шаруашылық директоры Геннадий Зенченко 2019 жылы – 1,9 млрд., былтыр 851,2 млн. теңге мемлекеттік қолдауға ие болғанын баяндады.

Мәдениет үйінде өткен жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жүргізіп отырды. Марат Иманбайұлы кіріспе сөзінде бұл тұжырымдаманың маңызына, оны іске асыру алтын бесігіміз саналатын ауылды жаңғыртуға кең жол ашатынына тоқталды.

“Ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сіздердің нақты ұсыныс-пікірлеріңіз жинақталып, зерделенеді. Бұл ретте табиғи өсім көрсеткіші есебінен ауыл халқының санын реттеудің мәні айрықша. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында ауылдықтардың 90 пайызы тұратын даму әлеуеті жоғары 3500 елді мекен іріктеліп, 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд. теңге бөлу арқылы 3,7 мың жоба іске қосылды. Биыл министрлік облыс әкімдерімен бірлесіп, 736 елді мекенде 143 млрд. теңге мөлшерінде 1,5 мың жобаны пайдалануға береді. Агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперативін дамытудың сапалық бағалау көрсеткіштері түзіліп, стандарттар жүйесінің жаңа форматы енгізіледі”, – деді өз сөзінде Бауыржан Омарбеков.

Одан кейін сөз кезегін алған министрліктің аумақтарды дамыту жөніндегі департамент директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов тұжырымдама талаптары бизнестің кең құлаш жаюына, азаматтық бастамаларға қолдау көрсетуге, аумақтардың демографиялық, экономикалық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік беретінін қозғай келіп, әрбір үшінші ауыл тұрғынының өз бетінше жұмыспен қамтылуы себепті әлеуметтік жағынан толық қорғалмағанын тілге тиек етті. Таратылған ауылдардың ең көбі Қостанай (245), Шығыс Қазақстан (176), Ақтөбе (123), Павлодар (112), Ақмола (108) және Солтүстік Қазақстан (104) облыстарына тиесілі. Соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы көлемі 3,1 есеге ұлғайғанымен, жалпы өнім көрсеткіштері қанағаттандыра бермейді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде Алматы (14,5%), Түркістан (12,4%), Солтүстік Қазақстан (12,0%) және Шығыс Қазақстан (11,7%) облыстары алда. Өндірілген өнім құрылымында өсімдік шаруашылығы – 58,4 пайыз, мал шаруашылығының үлесі – 41,5 пайыз. Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылатын инвестициялар көлемі артып, 2012 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта оның мөлшері 5,8 есе өскен.

Алаңдататыны, жергілікті маңызы бар жолдардың нашарлығы, атап айтқанда, 50,6 пайызы орташа және күрделі жөндеуді қажет етеді. Солтүстік Қазақстан облысында – 5,5 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 4,4 мың, Қарағанды облысында – 3,9 мың, Алматы облысында – 3,3 мың, Батыс Қазақстан облысында 3,2 мың шақырым жол бар. Ауылдық елді мекендердің 65,5 пайызы тіршілік көзін орталықтандырылған құбырлардан тұтынады. Суды тазартудың кешенді модульдерін 631 ауыл пайдаланады. Орталықтандырылған сумен ең аз қамтамасыз етілген өңірлер – Ақмола (82,9%), Қостанай (64%) және Солтүстік Қазақстан (49,9%) облыстары. Әлеуметтік инфрақұрылымдар да көп жерде әлі қолжетімсіз. Мәселен, 89 мектеп үш ауысымда оқыса, 36 білім ошағы апаттық жағдайда. Ауылдардың 17,5 пайызында денсаулық сақтау нысандары жоқ, төрттен бірі кең жолақты интернетке қосылмаған. Экологиялық жағдайлардың нашарлауына, климаттық қауіп-қатерлердің (жайылымдық жерлердің құнарсыздануы, су ресурстарының тапшылығы) өршуіне байланысты 3030 нысан санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.

Өңірлік даму және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылардың қатысуымен әзірленген бағдарламада ауыл экономикасын орнықтырудың негізгі 3 тәсілі зерделенген. Олар – АӨК-ті, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру арқылы ауыл халқының табыс деңгейін көбейту, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын ілгерілету есебінен базалық қызметтер көрсетудегі теңсіздіктерді жою, ауылдық аумақтарды қолдау мен өркендетуге бағытталған шаралар кешенін институционалдық жағынан жүйелеу. Тұжырымдаманың маңызды бір бағыты ауыл халқының табыс деңгейін еселеп арттыру болмақ. Оған жамбылдықтардың жеңілдетілген несие беру, солтүстіказақстандықтардың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру тәжірибесі негіз етіп алынған. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мақсатында “Бір ауыл – бір өнім”, “Мен кәсіпкермін” жобалары шеңберінде мемлекеттік гранттар беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру көзделген. Техникаларды жаңарту, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларын (технологиялық карталарды) жобалау, сондай-ақ әрбір ауданда көкөніс қоймаларын құру жөнінде нақты шаралар атқарылмақ. Кадрлармен қамтамасыз ету, мамандарға зәрулікті жою үшін “Дипломмен ауылға” бағдарламасы таңдап алынған. Ол бойынша тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие мөлшерін 2500 АЕК-ке дейін ұлғайту қарастырылған.

Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін жинақтау нәтижесінде даму әлеуеті бар ауылдарды айқындау өлшемшарттары қайта қаралып, “Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы” заңға сәйкестендіру негізінде елді мекендердің мәртебесі айқындалады. Қазіргі таңда тұрғындары 50 адамнан аз 488 ауыл бар (шамамен 12 мың адам). Ал кейбір өңірлерде тұрғындар саны қалалық мәртебеге сай келетін ауылдық елді мекендер орналасқаны белгілі.

“Осылайша тұжырымдама 2027 жылға қарай табысы күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесін және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, орталықтандырылған сапалы сумен қамтамасыз етуге, ана мен бала өлімін азайтуға, жоғары жылдамдықты интернетке қосуға айтарлықтай әсерін тигізеді”,– деді Нұрлан Мақсұтұлы.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев 2022 жылы жеткен жетістіктерді баяндады. Ауыл шаруашылығы бойынша өңірдің жалпы өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, мұндай биік меже алғаш рет бағындырылыпты. Дегенмен бюрократиялық кедергілер салдарынан жеңілдетілген қаржыландыру процесі тым ұзаққа созылып кететін жайттар кездесіп қалады. Әсіресе АӨК-тегі жобаларды рәсімдеуде екінші дәрежелі банктер артық талаптар қойып, жағдайды күрделендіріп жібереді.

Екі жыл ішінде 7 бағытта 35 жоба қаржыландырылып, 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Осы кезең аралығында 13,2 мың сиыр сауылатын 21 тауарлы-сүт фермасы ашылып, 66 мың тонна сүт өндіріледі. “Зенченко және К” КС соңғы жылдары 4 сүт кешенін пайдалануға беріп, қазір мұнда жылына орташа есеппен 45 мың тонна сүт сауылады. Айыртау ауданында “Әдемі-Астық” ЖШС 600 басқа шақталған сүт кешенін тұрғызып, жапанда жалғыз шошайып қалған үйдің жанында 29 баспана бой көтерген. “СК Возвышенка”, “Гердт” шаруа қожалықтарының қимылы да сүйсінтеді. “Масло Дел” компаниясы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңге инвестиция құйып, жылдық қуаттылығы 87 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін артқан. “Евразиан Милк” ЖШС салған зауыттың қуаттылығы 55 мың тоннаны құраса, қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін 2,5 есеге дейін өскен. Мұнда сарымай, қаймақ, ірімшіктің жиырмаға тарта түрі шығарылады. “Асыл Логистик” агроқұрылымы суармалы алқаптардың көлемін 5 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

“Биылғы міндет – 84,5 млрд. теңге инвестиция тарта отырып, 37 жобаны іске қосу, 800 жаңа жұмыс орнын құру”, – деді Мейрам Жақсылықұлы.

Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2021 жылы – 15 млрд., 2022 жылы – 20 млрд., биыл 40 млрд. теңге бөлінгенін айта келіп, конкурстық рәсімдеу мерзімін екі жылға ұзартудың тиімділігін алға тартты. Үшжылдық бюджетті бекіткен кезде шағын қалалар мәселесін кіргізу қажеттігін, қазір қамтылмай отырғанын айтты.

Кеңесті қорытындылаған вице-министр Бауыржан Омарбеков жиналғандардың назарын адал бәсекелестік, кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар ашу, өнімділікті өсіру, адами капиталды дамыту, игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу қағидаттарына аударып, бірқатар ұсыныстар берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp