Халқымыздың тарихындағы ең қасіретті, күрделі кезеңнің бірін терең қамтып, сұрапыл сипаттаған, жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын Қожаберген Толыбайұлының теңдессіз туындысы “Елім-айға” – 300 жыл.
Әз-Тәукенің оң қолы
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлдіреп жас келеді.
Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,
Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.
Айырылған жер мен судан қиын екен,
Мөлтілдеп екі көзге жас келеді.
Атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ерінбей есептеп шыққан жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын “Елім-ай” дастанынан күні кешеге дейін біздің естіп, білгеніміз осы бір-екі шумақ еді. Әрине, кемелденген социалистік қоғамда бізге оны оқытқан жоқ. Тек “Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырынды” заманында туған жыр дегенді мұғалім де, оқушы да білмеуге тиісті, тіпті білуге құмарлық та сезілмеген жалпы түсінік болды. Тәуелсіздік тұсында өсіп шыққан тұтас бір буынның өзі әлі де мұндай дастанның барынан беймағлұм. Бұған дейін де патша тұсынан басталып, кеңестік кезеңде де қатаң бақыланған цензураның тұсында да Ы.Алтынсарин, Сегіз сері, М.Ж.Көпеев, Ш.Бөкеев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, И.Омаров, М.Жолдыбаев, Қ.Биғожин т.б. еңбектерімен біршама таныс болғанымызбен, бұл алапаттың себеп-салдары, маңызы, мазмұны толық ашылып айтылмайтын.
Қожаберген жырау “Елім-айдың” алғашқы нұсқаларын 1723 жылы жаза бастайды. Өзі айтқандай, 61-ге қараған жасының 41 жылын қырғында өткізіп, қол бастаған сардар болған ол бұл соғыстың тұтану салдарын, оны өршітуге аса пейілді Қытай мен Ресейдің зұлымдығын, сұрқия саясатын жілік майын шағып талдайды. Айналып келгенде кеңес кезінде аты ауызға алынбаған Қожаберген жырау кім еді? Ол үшін, алдымен, әз-Тәуке хан тұсындағы жағдайды көктей шолған жөн. Орыстың жиһанкез зерттеушісі Л.А.Словохотов: “Тәуке хан басқарған жылдарды қырғыздар (қазақтар) хандықтың алтын дәуірі деп еске алады. Оның асқан әділдігі мен турашылдығының арқасында рулардың арасындағы алауыздық тоқтады. Иен далада мүлгіген тыныштық орнады. Халық қанды қасап, қырғында өткен күндерін ұмыта бастады”, – деп жазады. Шынында тарихта “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы” атты қазақтың ұлттық құндылықтарына, әдет-ғұрпына, дала заңдарына негізделіп жазылған, бүгінгінің тілімен айтқанда, конституциялық күші бар заңдардың болғаны белгілі. Тәукенің тұсында “Жеті жарғы” шықты. Алайда оны жазуға жеті адам қатысқан, оның ішінде қырғыз Қоқым, қарақалпақ Сасық би, Мұхамед би болған деген дүдәмал деректер де кездеседі. Академик М.Қозыбаев бұл пікірді теріске шығарып, бұлжымас деректер келтіреді.
…“Жеті жарғыны” жазысуға сол кезде көздері тірі Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жылгелді сияқты қазақ даласының түпкір-түпкірінен атышулы билер мен ұлыс басшылары қатысқаны даусыз. “Жеті жарғыны” Тәуке хан жазған жоқ, ол үкім шығарып жаз-дырды. Сол жазған жеті бидің бірі – Қожаберген би екенін айту – тарихи әділдік болар еді.
Қожаберген әз-Тәукенің тапсырмасымен “Жеті жарғыны” ақ былғарыға жазып, ханға табыс еткені туралы жазушы Н.Әбуталиев жанама деректер тауып отыр. Онда былғарыға түсіріп:
Мұқияттап хаттадым,
Әз-Тәукеге қызмет қып,
Жаздым “Жеті жарғыны”.
Салыстырып талдадым,
Арғы менен бергіні”, – деген өлең сөздерін келтірген. Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би тобына “жол көрсеткен ұстаз едім” деп, жыраудың өзі жазып кетуі соның айғағы.…
Көтеш ақын Райұлы “Жиен жырау” дастанында:
Ақылдасып үш бимен,
“Жеті жарғы” жазған ер.
“Кім?” десеңіз ол бекті,
Қожаберген кемеңгер, – деп жазуы біздің пікірімізді растай түседі. Кейбір арнайы тексеруді керек ететін деректерге қарағанда “Жеті жарғының” жалғыз данасы Стамбулдағы Сүлейман атындағы Канони кітапханасында сақтаулы көрінеді”, – дейді академик.
Қожаберген жыраудың (академик М.Қозыбаев Толыбайсыншыұлы деп жазғанды қолай көріпті) тарихтың әр кезеңінен мол мәлімет беретін басқа да іргелі еңбектерін былай қойғанда “Жеті жарғының” авторының бірі ретінде әрі “Елім-айымен” ұлт тарихында ұлы құбылыс болып қалғаны сөзсіз. Дейтұрғанмен де, осы тарихи тұлға туралы тәуелсіздік тұсында ғана там-тұмдап айтыла бастады.
Дана адам келешек көгенкөздерінің жұмысын да жеңілдетуді ойлады ма екен, қиссаның кей тұстарында өзі жөнінде де мәлімет бере кетеді. “Тіліне араб, парсы жетік едім”, – дейді. Тәукенің тұтқа тұтар адамы тегін болсын ба, оны хан ием елшілік қызметке тағайындайды. Дала демократиясы мен дипломатиясының данагөйі, көреген саясаткер, ұлы реформатор қазақ, қарақалпақ, ноғай біріккен әскер жасағының қолбасшысы, әз-Тәукенің оң қолы болады. Кейіннен кемеңгер қария Абылайға да бата береді. Абылайдың оң қолы Бұқардай көмекей жырау оны ұстаз тұтып, әйгілі “Ұстазыма” деген толғауын арнайды.
Оның бабасы Таузар ордабасы болған екен. Атасы – Дәулен тұңғыш Керей шежіресін жазған ақын, композитор адам. Ол – ол ма, тектіге текті қосылып, Самарқанды билеген Жалаңтөс баһадүрдің апасына үйленіп, онымен өле-өлгенше үзеңгі дос болады. Ал енді әкесі Толыбай сыншының қазақ тарихындағы орны алабөтен.
Кезінде Қожаберген есімін еңбектерінде атаған ғалымдар ол жөнінде табан тірейтін тұжырымдар жасай алмады. Өйткені өзге ел архивтеріндегі деректерге жол жабық еді, кеңестің құрығы ол жаққа да жетіп жататын. Академик С.Зимановтың қисынына салсақ, оның есімі бір жерлерде Хочи Берген, тағы бір жерлерде Ходжа Мергень деп қате жазылған. Басқаларды былай қойғанда, оны Қазақстанның өзінде де білмейтіндер баршылық. “Болашақ ұрпақ үшін осы олқылықтың орнын толтыру керек”, – дейді.
Айналып келгенде, 2000 жылдардың басында Қожабергентануға түрен түсті. Қалай, қайтіп? Алдымен кемеңгер Әбіш Кекілбаевты тыңдап алайық.
– Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу өмірде болды, біреу өмірде болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәп осындай шаруалар республикамыздың әр түпкірінде істеліп жатыр, – деді Әбекең.
“Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, бұған дейін де ұлт руханиятының шынайы жанашыры болған тұлға ұлы жыраудың атын жаңғыртуға үлкен жанашырлықпен кірісті. Бұл ретте әбден орыстанып кеткен Солтүстік өңірде бұл іске бел шешіп кірісіп кету де оңай болған жоқ. Алайда Бекең ұлт ісіне жанашыр, жұрт жұмысына жегілген азаматтардың басын қосып, істің көзін таба білді. “Елім-ай” дастаны жөнінде алғаш айтқан дуалы ауыздың бірі М.Қозыбаев бір сөзінде: “Жыраудың туған өңірі, ұлы империяның өтінде тұрған Солтүстікте айбын болатын бір ескерткіш орнатылса”, – деп еді. Бекең академиктің сол арманын асыра орындады. Біздің өтінішімізге орай танымал меценат, ұлт қайраткері сол күндерді былайша еске алып, ұлы дастанның 300 жылдығына байланысты ұсыныстарын білдірген еді.
“Елім-айсыз” қандай оқулық болуы мүмкін?
– Даңқты қолбасшы, ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай” жыры – халқымыздың ең бір қасіретті кезеңінен мол мәлімет беретін шерлі шежіре. 2013 жылы Үкімет қаулысымен ұлы жыраудың 350 жылдығын атап өтіп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үлкен ғылыми практикалық конференция өткіздік. Петропавл қаласында мәдени іс-шаралар өткізумен қатар, жыраудың туған жерінде ескерткіш-бюсті қойылып, Жамбыл ауданының орталық алаңы Қожаберген атымен аталды. Мектептер мен көшелерге есімі берілді. Петропавл қаласында жыраудың ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылды.
Биыл “Елім-ай” дастанының жазылғанына 300 жыл толады. Осыған байланысты тарихи жырдың 300 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өту үшін еліміздің биылғы жылы өтетін даталы күндер тізіміне ендіріп, айтулы іс-шаралар өткізуге ықпал етуін сұрап, жоғарыға ұсыныстарымызды айтып, үшбу хат та жолдадық. Бұған дейін Қожаберген жыраудың 350 жылдығын атап өтуде “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен “Заманының заңғары”, “Мәңгілік елдің жыршысы”, “Дауылпаз баба Қожаберген”, “Елім-ай” жыр кітаптары жарыққа шығып, халыққа қайырымдылық есебінде таратылды. Қазақ хандығының 550 жылдығында “Елім-ай” жырын қайта басып, тегін үлестірдік.
Естеріңізде болса, өткен жылы мектеп оқушыларының қазақ әдебиеті, қазақ тілі пәні жаңа бағдарламамен оқулық болып шығатыны туралы оқу министрі хабарлама жасады. Соған байланысты “Елім-ай” жыры, Қожаберген Толыбайұлының өмір жолдары мектеп бағдарламасынан, оқулықтан орын алуына ықпал ету сұралған еді. Министрлік жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына, “Оқулық” республикалық ғылыми практикалық орталығына ұлы жыраудың еңбектерімен “Елім-ай” дастанын қоса тапсырып, мектеп оқулығына енгізуді сұрағанбыз. Бүгінгі күнге дейін осы ұсынысымыздың қалай шешілгені туралы мәлімет жоқ. “Елім-айсыз” қандай оқулық болуы мүмкін? Мемлекет тарапынан “Елім-айдың” 300 жылдығын атап өту жөнінде шешім қабылданып жатса, халықаралық “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қайырымдылық қоры да бұл жұмысты атқарудан тыс қалмайды. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы 45-ші шақырымда тарихи этнографиялық “Мәңгілік ел” саябағында “Батыр бабалар” мемориальдық кешені орнатылып, “Елім-айлап” көшкен ел” атты тарихи панорама орнатылған. Қазақ-қалмақ соғысынан мағлұмат беретін “Отан қорғау шайқасы” деген панорамалық көрініс те ел тарихындағы алапат соғысты еске салып тұрады. Айтпағым, осы бір ел тарихындағы сұрапылды суреттейтін қиссаның 300 жылдығы мемлекет тарапынан айтулы дата тізіміне еніп, аса ірі тарихи-мәдени іс-шаралармен атап өтілсе деймін. Әр тойдың өз тағылымы болуы керек.
Сонымен қатар Қожаберген Толыбайұлының шығармаларының мемлекеттік кітапханалардан орын алып, мектеп оқулықтарына енгізу жоспарланып, мемлекет тарапынан “Елім-ай” жырының қайта басылып шығуына ықпал етсе деген ұсыныс бар. Осыған орай “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қайырымдылық қоры осы атаулы 300 жылдыққа байланысты “Елім-ай” жырын 1000 дана тиражбен қайталап шығарып, конференцияға қатысушылар мен қалың көпшілікке қайырымдылық ретінде таратып беруге қамданып жатыр. Қорыта келгенде, көтеріліп отырған мәселенің тиянақты шешілуі жоғары жақтың назарынан тыс қалмауы тиіс деп есептеймін. Өткен жылы уақтылы құлаққағыс еткен ұсынысымыздың аяқсыз қалып, тиісті мекемелерге ұсыныс, тапсырма берілмеуі, ұсыныс берген қоғамдық қорға өз дәрежесінде жауап бермеу бізді қатты ойландырды. Біздің бұл сұранысымыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел бірлігі, ел тарихы туралы, болашақ ұрпақтың тарихтан тағылым алуына сенім білдіргеніне рухани қолдау болады деп ойлаймын.
Айтары жоқ, әрине. Бұл ұсыныстар қазіргі қилы кезең тұсында қазақ мемлекеттілігінің іргетасын берік орнықтыра түсу үшін жоғары орындар тарапынан қолдау болып, ресми шешім табуы тиіс. “Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді”, – деп І.Жансүгіров айтқандай, тұлғаға құрмет – ол тарихқа құрмет болса керек. Тарихты тобыр емес, тұлға жасайды.
Әрине, халқымыздың тарихына байланысты іргелі еңбектер баршылық, алайда “Елім-айдың” жөні бөлек. Түркі баласының басын біріктірмей, тоз-тозын шығарған (48 түрік халқы – М.Мырзазметов) арғы-бергі тарихтан түйер тағылым өз алдына, “Елім-ай” – қазақтың өз төлтума тарихы, ұлы дала дәптеріне жазылған шерлі шежіресі.
“Елім-ай” – намыс жыры. Ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі. Қытай мен Ресейдің К.Маркс айтқандай, “орыс патшалығының дәстүрлі саясаты” яғни зұлым саясаты қаншама қан қасап жасаса да бәрібір қазақ жеңді, жеңіп қана қоймай бір халықты жойып жіберді. Жеңген, жеңгізген – намыс, бірлік. Амангелді Айталы айтқандай, “Елім-ай” – бірлік концепциясы.
Ахмет Байтұрсынұлы “Сөздің ең ұлысы, сипаттысы тарих”, – дейді. Бүгін, болашақ үшін де тарихтан сабақ алып, дұрыс болжам, бағдар жасау үшін “Елім-ай” әркімнің жазу үстелінде жатуы тиіс. Өйткені онда ел тарихының бар ақиқаты ешқандай фальшсыз баяндалады. Ол шерлі шежіре тілімен жазылған. Ел бірлігі, алауыздықтан арылу, рушылдық, жүзшілдіктен тазаруға үндейтін, Алаш баласына қалған аманат еңбек.
Дайын сценарий
Тарихты қолдан жасау мүмкін емес. Ахаңның “сөздің ұлысы, сипаттысы” деп отырғаны сол. Егер режиссері табылса, “Елім-ай” ұзақ сериялы тарихи-танымдық фильм жасауға дайын сценарий емес пе? Фильм демекші, орыстар Бородино, Куликова шайқасы жөнінде картина түсірді. Соның ішінде Күлік шайқасы туралы күдік көп. Белгілі, аса білімдар журналист Әшірбек Амангелдінің “Күдігі көп Күлік шайқасы” атты зерттеу мақаласына сүйенсек, басқасын былай қойғанда, оған қатысқан әскердің санын келтірсек те болады. Ескі жылнамаларда оның саны 400 мың деп көрсетілген. Әйгілі орыс тарихшысы Н.Карамзин “Неткен бассыздық! Тым болмаса 150 мың демейсіңдер ме?” – деп түзету жасайды. Басқа тарихшылар бұл деректі 100 мыңға дейін түсірген. Осы тақырыпты бүге-шүгесіне дейін зерттеген әскери тарихшы Е.Разин Мәскеу түбіндегі тұрғылықты халықты пайызға шағып, оның кем дегенде 10 пайызы соғысқа қатысты дегенде, 50-60 мың болып шығады екен. Мұрат Әжінің жазуынша, деректердің бәрі ойдан шығарылған көрінеді. Зерттеушілер бұл аймақтан бір сынған найзаның ұшын да таппаған. Көтерілістің көсемі делінетін Д.Донской деген өмірі қолына қылыш ұстамаған адам. Айналып келгенде, бұл Алтын Ордаға салық төлеуден бас тартудан туындаған қаржы-қаражаттық қақтығыс болып шығады.
Айтпасқа амал жоқ. Бұл – өзін көтеріп, өзгені тұқыртудан алдына жан салмайтын Ресейдің әзелгі саясатының ажырамас бір бөлігі. Кеңес өкіметінің де ұстанымы осы болды. Осы аспектіден қарағанда біздің тарихымызды да саптыаяқтан қарауыл қойып (І Петрдің орыс тарихын батыс ғалымдарына жаздырғаны тәрізді) өзгелер жазды. Нені айтып, нені айтуға болмайтынын кеңестік биліктің идеологтары (Кремль) шешті, саясаткерлер билеп-төстеді. Тарихты зерттеушілерді алдымен саясаттың сүзгісінен өткізіп алды. Бұл жөнінде “Central Asia Монитор” газетіне берген сұхбатында Мұрат Әжі ақиқатын ашып айтқан. Міне, “Елім-ай” жөнінде де осындай жалпылама, шектеулі түсінік болып, бұғаудан босамады.
“Елім-ай” – шынтуайтына келгенде тірі тарих, тірі шежіре, бұлжымас дерек-дәйекке негізделген теңдессіз эпопеялық туынды, энциклопедия. Кеңес өкіметі сол тарихи шындықтан өлердей қорықты. Академик М.Қозыбаев оны “Илиада” мен “Одиссеяға” бекер теңемесе керек.
Қысқасы, қан кешіп жүріп, қылышпен жазылған осынау алапат қиссаның 300 жылдығы елімізде жоғары деңгейде аталып өтуі керек. Кезінде орыстар қыпшақ тарихына тұнып тұрған “Игорь жорығы туралы” дастанның 800 жылдығын 1985 жылы академик Д.Лихачевтың басшылығымен қалай дүркіретіп тойлағанын еске алсақ та болады. Оның жұмысына осы жырды аударған он академик жұмылдырылды. Ішінде Карамзин де бар. Тіпті белгілі ғалым, химик Бородин осы жырдың негізінде жалғыз опера жазып қалдырған. Ал “Бородино” шайқасы туралы бұдан да зор айтуға болады. Оны мақала көлемі көтермейді. Өткеніңді өнеге етпей, бүгініңді бағамдамай, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Ұлтының жоғын түгендеп, ұмыт қалған тұлғаларын тұғырына қондырып жүрген, ұлы жырауды қайта тірілткен ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға Бекет Тұрғараевтың ұсынысына қосарымыз, жоғары оқу орындарында бұл еңбектің ұлт үшін өлшеусіз құндылығын, маңыздылығын (әсіресе қазіргі күнде) ашатын бірнеше семестрге арналған дәрістер белгіленіп, терең ғылыми тұжырым, пайым, түсініктемелер жасалуы қажет. Астана, Алматы тәрізді қалаларда заңғар ескерткіш орнатылғаны жөн.
“Елім-ай”-дың жанрын зерттеушілер оны қисса, дастан, тіпті шежіреге жатқызып, әр қилы пікір айтады. Қайсысы да дұрыс. Тарихы қалың, қатпарлы елден ұлы өнер туындылары көп шығады. “Елім-ай” ел санасына алдымен ән болып сіңді. Бұл – құдіретті әуен, әуен һәм зар. Бәлкім әу баста күй болып туып, сосын әнге айналуы да бек мүмкін. Әуенінің өзі – бір қойылым, спектакль. Кез келген тарих, оқиға өнер туындысына айналса (егер ол сәтті шықса), оның тыңдарманға, көрерменге рухани қуаты, ықпалы, әсері айтарлықтай нәтиже береді. Сондықтан оның балетке, операға, симфонияға да сұранып тұрғанын айту ләзім.
Біздің тарихымыз Қадыр айтқандай, “өзі қалың болғанмен, оқулығы жұқа”. Жаңа Қазақстан тарихқа жаңа көзқарастан басталуы керек. Мемлекет басшысы әрдайым өз сөзінде өткен тарихымызға, тарихи тұлғаларға құрметпен қарауға және бұл мәселеде популизм мен білімсіздікке жол бермеуге үндеп келеді. “Елім-айға” осы көзқарас, қазіргі өркениетті даму тұрғысынан қарау қажет. Себебі ол ешқандай аңызға қатысы жоқ, үш ғасырға созылған сұрапыл, тірі тарихтың өзі. Отанды сүю, отаншыл болу тарихты танудан басталады. Тарихыңды білу – рухани кемелденуге, рух биігіне жасалған қадам. Рухы биік ел ешқашан жеңілу, жалтақтау дегенді білмейді.
Кезінде ұстазымыз Ақселеу Сейдімбек “Министрлердің 99 пайызы “Елім-айды” білмейді” деп жазып еді. Әрине, қазір заман басқа, жаңа көзқарастар кезеңі. Демек, Оқу-ағарту министрінен бастап, “Елім-айды” толық мәтінімен мектептерде оқыту, оқу бағдарламасына ендіру міндеттелуі керек.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
журналист.