«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫРЫН ҒИБРАТПЕН ӨРГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қай жазушының өмірбаянын алып қарамайық, олардың барлы­ғының әдебиеттегі дара жолын өлең жазудан бастағанын аңғарамыз. Проза мен поэзияны қос қанатына айналдырып, шығармашылықтың көгінде қырандай қалықтаған қа­ламгерлеріміз аз емес.

Кезінде жазушы Ғабдол Сланов “Қазақ әдебиеті” газетінде жария­ланған мақаласында бір топ жас талапкер­дің тырнақалды туын­ды­ларын тал­дап, аяқ алысына баға берген. Со­лардың қатарында жер­лесіміз Ер­мек Қонарбаевтың да есім­і аталады. Ермек ағамыз Ал­матыдағы Абай атындағы педаго­гикалық институт­тың тарих-филоло­гия факультетін тамамдап, туған жеріндегі Ленин орта мектебінде қызмет еткен. Сол кездегі “Ленин туы” газетінің Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданындағы мен­шікті тілшісі болған. 1969 жылы “Түн­гі от”, 1977 жылы “Жол басы”, 1980 жы­лы “Жалын” баспасынан “Тиек” кітаптары жарық көрген. Өмірден өткен соң 1988 жылы көрнекті жазу­шы Сафуан Шаймерденовтің құрас­тыруымен “Қас-қағым сәт” деп ата­ла­тын повестер мен әңгімелер жи­нағы баспа бетін көрді. Ғұмырна­ма­сы игі істермен өрнектелген Ер­мек Қонарбаевты шалғайдағы ауылдан шықты дегенге екінің бірі сене қоймайды.

“Ермек Қонарбаевтың “Туған жер” деген бас-аяғы төрт беттей ғана шап-шағын әңгімесін қайта-қай­та оқи бергің келеді. Жас автор­дың ой түйіні салған жерден көңіліңе қонады. Сол көңілді бөлер көрікті ойды төкпей-шашпай, сылап-сыр­лап, әп-әдемі жеткізгені үшін жазу­шыға қатты риза боласың. Қызыға да қызғана қарайсың. Қызғанатының – сол тақырыпты сенен бұрын тауып жазып қойғаны, қызығатының – жас талапкердің жіті байқағыштығы, сезімталдығы керемет”. Бұл – жазу­шы Сайын Мұратбековтің Ермек ағамыз­дың шығармашылығы тура­лы жазған жүрекжарды лебізі. Жер­лес журналист Бақыт Мұстафин: “Ер­мектің әңгімелерінің бәрі дерлік өмір­дің ең ортасынан ойып алынғандай шынайы, көркем, мейлінше қысқа. Олардан сіз көпірме бос сөзді, сылдыр сөйлемдерді, ананы-мына­ны суреттеп, алыстан орағатып әуре болатын қопсымаларды көре алмай­сыз. Оның кейіпкерлерінің порт­реттері өте айқын шебер қолмен кестеленген мүсіндер, сөздері ішкі жан сарайын алдыңызға жайып са­лардай уытты да бейнелі, ал әңгі­мелерінің, повестерінің оқиғалары­нан шытырман қақтығыстар, шыр­ғалаң құбылыстар кездестіре қой­майсыз. Ол өзі шексіз сүйетін туған ауылының тіршілік-тынысына жіті үңіле отырып, әрлі де нәрлі су­рет­терді таңдай біледі, өзінің жаны қа­ла­ған кейіпкерлерін ғаламат ынта-ықыласпен зерлеп кестелейді. Сол себептен де оның туындылары тез де жеңіл оқылады, жүрекке ыстық сезім сыйлайды, ой-санаға терең бойлап, мол ғибрат дарытады, өне­ге-тәлім ұқтырады”, – дейді тебіре­не толғанып.

Жазған-сызғандары көзі тірісін­де белгілі қаламгерлер тарапынан биік бағасын алған Ермек Қонар­баев­тың өлеңдері туралы айтатын­дар да, жазатындар да жоқтың қасы. Мен қаламгеріміздің әңгіме, повес­теріне емес, өзегін жарып шыққан жыр жолдарына үңілмекпін.

Ақ қайыңдар өлкесінде өмірге келген әрбір қаламгер екі өлеңінің бірін ақ қайыңға арнап жазатыны белгілі. Е. Қонарбаевтың “Ақ қайың” өлеңі осы сөзіміздің айғағы.

Мұңлы тұрсың ақ қайың,

Не сыр менен сұрайсың?

Жапырағың дірілдеп,

Басыңды шайқап жылайсың.

Жылама, сәулем, ақ қайың,

Күнде келіп тұрайын.

Маңына егіп көк шыбық,

Жасыл алаң құрайын, – деген шумақтардан таланттың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің лебі есіп тұр. Сөз астарына үңілсең, адам бала­сын орман қорғаушысы болуға шақырады. Дала нуымен, суымен, ауыл-қаласымен көрікті болатынын осындай жыр жолдарын оқып түсінесің.

“Пенсияға шыққан әкеме” деген өлеңін оқысақ:

Өзің салған мектебіңнен ұштым мен,

Жасап берген бақытыңды құштым мен.

Тізгініңді енді, әке, маған бер,

“Әке ісін ұлы жалғап кетті” дер.

Ермек Қонарбаевтың әкесі Лә­мәли өз ортасында сыйлы болған адам. Қаламгерге әкесі салған білім ошағында қызмет ету бақыты бұ­йырды. 1961 жылы 23 жасында мек­теп қабырғасында сабақ берген­де 8-сыныпта оқып, тәлім алған шә­кірті, ақын-журналист Болат Қожах­метов 1998 жылдың 24 маусымында облыстық “Soltüstık Qazaqstan” га­зетіне жариялаған “Құс – қаламгер” мақаласында Ермек ағамызды көз алдымызға былайша елестетеді: “Қа­зақ тілі мен әдебиеті пәндерінен са­бақ берген оның жаратылысы жұм­бақтау еді. Басы артық бір сөзін ес­тіген емеспіз. Ілуде бір мұғалімге ғана бітетін сүйкімді дауыс. Ал кес­кін-келбеті сурет сияқты: көзі де, мұрны да – бір мүшесінде бір мін жоқ! Оның үстіне киімді де келістіріп киетін. Велюр костюмінің немесе нарт қызыл көйлегінің маталары өз алдына, алдымен бояулары қанықты. Міне, осындай киім киісінен, бір тал шашы қозғалмайтын байсалды жүріс-тұрысынан айнымаған адам. Ішкі сезімін сыртқа шығармайтын оның бет-әлпетінен де бірдеңені аңғару қиын-ды”.

Оның арманы асқақ еді.

Сіз шыққан биіктерге ұшсам деймін,

Сізді сол шың басында құшсам деймін.

Ой-санада алаңым көп болса да,

Уақыттан сыбағамды ұтсам деймін, – дейді ақын 1978 жылы қазақ поэзиясының жезкиігі Кәкімбек Салықовқа арнаған өлеңінде. Аға жүрген ізбен інінің жүретінін, аға шыққан шыңдардан інінің көрінгісі келетінін, аға көрген сый-құрметке інінің бөленуге ұмтылатыны осы төрт жолда айқын көрінеді.

Қазақ поэзиясында шоқжұл­дыздай жарқыраған өзге ақындар секілді Ермек ағамыз да махаббат тақырыбын айналып өткен жоқ.

Мұнда да көз көп болса да,

Бәрі жардай болсын ба?

Сүйгеніңді бір көрмей,

Көңіл шіркін толсын ба!

Бұл өлең жолдарын оқып оты­рып ақынның сүйген жарға деген шексіз сүйіспен­шілігіне қанық бол­ғандай күй кеше­міз. Расында, ма­хаббат айдынында тер­бетілген, жа­ныңның, жүрегіңнің се­рігіне айнал­ған жарға жан жетсін бе?

Қаламгер “Денімді сау қылсын­шы” деген өлеңінде:

Дүние-ай, шеңгеліңе қысып бақтың,

Қайтып мен зарламайын, жыламайын?!

Тым құрыса денімді сау қылсаңшы,

Аспанның жоғалтсаң да туған айын, – деп күрсінеді. Иә, “бірінші бай­лық – денсаулық”. “Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең” екенін ауруға шалдыққан адам ғана түсінер. Ермек Қонарбаев та аурумен он бес жастан бастап арпалыс­қанын, ауырғаннан бері өмірдің көп қызық­тарынан құр қалғанын өлең жолда­рымен өрнектейді.

Ермектің тұла бойына талант ұялағанын қатарластары да, жерлес қаламгер аға-әпкелері де жақсы білді, бағалады. Айтыскер ақын Ахметжан Нұртазин:

Талабың зор, талпын Ермек,

Бойдан шабыт кетпесін.

Ой өрісін кеңге сермеп,

Сыз өмірдің кестесін, – деп әр сөзінің салмағы бар, жүректердің сырын ашқан, келешегінен зор үміт күттіретін інісінің талантына разы болып, туған еліне игі істердің бар­лығын арнау керектігін айтып ағалық лебізін білдіреді. Айтпақшы, Ахмет­жан мен Ермек ағамыз бір-бірімен туыс. Жаманғұлдың Құттықадам де­ген баласынан Ахметжан Нұртазин, Тәттіқадамнан Ермек Қонарбаев тараған.

Өле қалсам – арманым,

Қалса екен кітабым.

Десе екен жұрт: “оқиық,

Ермектің бұл кітабын”.

Расымен де, Ермек Ләмәлиұлы­ның арманы орындалды десек те болады. Туған ауылында мектепте мұражайы бар. Облыстық газет беттерінде жазушы Ермек Қонар­баев­тың өмір жолы мен шығарма­шы­лығын саралаған мақа­ла­лар жиі жарияланып, облыстық кітапхана­ларда еске алу кештері ұйымдасты­ры­лып тұрады. 2010 жы­лы Шал ақын ауданының Көктерек ауылын­да бір көшеге жазушының аты бе­рілді. Ішкі істер органдарының арда­гері, милиция полковнигі Қобы­лан Хамзин 2000 жылы көзі тірісінде Петропавл қаласында шығарған “Асыл тастар” деп аталатын кітабы­на қоғам қайраткері Мәркен Ахмет­беков, айтыскер ақын Ахметжан Нұр­тазиндермен бірге жазушы Ермек Қонарбаев туралы естеліктерді де, оның мақалалары мен өлеңдерін енгізді.

Енді Ермек атамыздың өлеңде­рі­не назар аударуымның себебін ай­тайын. Қонарбаевты стиліне қарап, әдебиет майталмандары “Теріскей­дің Бейімбет Майлині” деп баға­лай­ды. 1938 жылы Б.Майлин 10 қара­ша­да дүниеден өткенде Е.Қонар­баев 8 желтоқсанда дүниеге келді. Бе­йімбет жазушы қырық төрт жасын­да, Ермек атамыз 46-да көз жұмды. Екеуі де аз жазса да, саз жазды. Бейімбеттің өлеңдерін оқығаннан болар, Ермектің де жазған өлеңде­рінен сыр ұғуға асықтым. Өйткені Ермекті екінші Бейімбет дегендердің ойларын толықтыра түскеніміз та­рих алдындағы парызымыздың орын­далғаны.

Ермек Қонарбаев Мәйкен деген аруға үйленіп, өмірге Жанар, Жан­серік, Нұрлыгүл есімді перзенттер әкелді. Талай оқушыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі атанды. Тарихқа бойлаған кейінгі толқын Ермек Қонарбаевтың артына қалдырған азды-көпті мұра­сын өз игілігіне жарататынына се­немін.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp