Қай жазушының өмірбаянын алып қарамайық, олардың барлығының әдебиеттегі дара жолын өлең жазудан бастағанын аңғарамыз. Проза мен поэзияны қос қанатына айналдырып, шығармашылықтың көгінде қырандай қалықтаған қаламгерлеріміз аз емес.
Кезінде жазушы Ғабдол Сланов “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған мақаласында бір топ жас талапкердің тырнақалды туындыларын талдап, аяқ алысына баға берген. Солардың қатарында жерлесіміз Ермек Қонарбаевтың да есімі аталады. Ермек ағамыз Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетін тамамдап, туған жеріндегі Ленин орта мектебінде қызмет еткен. Сол кездегі “Ленин туы” газетінің Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданындағы меншікті тілшісі болған. 1969 жылы “Түнгі от”, 1977 жылы “Жол басы”, 1980 жылы “Жалын” баспасынан “Тиек” кітаптары жарық көрген. Өмірден өткен соң 1988 жылы көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденовтің құрастыруымен “Қас-қағым сәт” деп аталатын повестер мен әңгімелер жинағы баспа бетін көрді. Ғұмырнамасы игі істермен өрнектелген Ермек Қонарбаевты шалғайдағы ауылдан шықты дегенге екінің бірі сене қоймайды.
“Ермек Қонарбаевтың “Туған жер” деген бас-аяғы төрт беттей ғана шап-шағын әңгімесін қайта-қайта оқи бергің келеді. Жас автордың ой түйіні салған жерден көңіліңе қонады. Сол көңілді бөлер көрікті ойды төкпей-шашпай, сылап-сырлап, әп-әдемі жеткізгені үшін жазушыға қатты риза боласың. Қызыға да қызғана қарайсың. Қызғанатының – сол тақырыпты сенен бұрын тауып жазып қойғаны, қызығатының – жас талапкердің жіті байқағыштығы, сезімталдығы керемет”. Бұл – жазушы Сайын Мұратбековтің Ермек ағамыздың шығармашылығы туралы жазған жүрекжарды лебізі. Жерлес журналист Бақыт Мұстафин: “Ермектің әңгімелерінің бәрі дерлік өмірдің ең ортасынан ойып алынғандай шынайы, көркем, мейлінше қысқа. Олардан сіз көпірме бос сөзді, сылдыр сөйлемдерді, ананы-мынаны суреттеп, алыстан орағатып әуре болатын қопсымаларды көре алмайсыз. Оның кейіпкерлерінің портреттері өте айқын шебер қолмен кестеленген мүсіндер, сөздері ішкі жан сарайын алдыңызға жайып салардай уытты да бейнелі, ал әңгімелерінің, повестерінің оқиғаларынан шытырман қақтығыстар, шырғалаң құбылыстар кездестіре қоймайсыз. Ол өзі шексіз сүйетін туған ауылының тіршілік-тынысына жіті үңіле отырып, әрлі де нәрлі суреттерді таңдай біледі, өзінің жаны қалаған кейіпкерлерін ғаламат ынта-ықыласпен зерлеп кестелейді. Сол себептен де оның туындылары тез де жеңіл оқылады, жүрекке ыстық сезім сыйлайды, ой-санаға терең бойлап, мол ғибрат дарытады, өнеге-тәлім ұқтырады”, – дейді тебірене толғанып.
Жазған-сызғандары көзі тірісінде белгілі қаламгерлер тарапынан биік бағасын алған Ермек Қонарбаевтың өлеңдері туралы айтатындар да, жазатындар да жоқтың қасы. Мен қаламгеріміздің әңгіме, повестеріне емес, өзегін жарып шыққан жыр жолдарына үңілмекпін.
Ақ қайыңдар өлкесінде өмірге келген әрбір қаламгер екі өлеңінің бірін ақ қайыңға арнап жазатыны белгілі. Е. Қонарбаевтың “Ақ қайың” өлеңі осы сөзіміздің айғағы.
Мұңлы тұрсың ақ қайың,
Не сыр менен сұрайсың?
Жапырағың дірілдеп,
Басыңды шайқап жылайсың.
Жылама, сәулем, ақ қайың,
Күнде келіп тұрайын.
Маңына егіп көк шыбық,
Жасыл алаң құрайын, – деген шумақтардан таланттың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің лебі есіп тұр. Сөз астарына үңілсең, адам баласын орман қорғаушысы болуға шақырады. Дала нуымен, суымен, ауыл-қаласымен көрікті болатынын осындай жыр жолдарын оқып түсінесің.
“Пенсияға шыққан әкеме” деген өлеңін оқысақ:
Өзің салған мектебіңнен ұштым мен,
Жасап берген бақытыңды құштым мен.
Тізгініңді енді, әке, маған бер,
“Әке ісін ұлы жалғап кетті” дер.
Ермек Қонарбаевтың әкесі Ләмәли өз ортасында сыйлы болған адам. Қаламгерге әкесі салған білім ошағында қызмет ету бақыты бұйырды. 1961 жылы 23 жасында мектеп қабырғасында сабақ бергенде 8-сыныпта оқып, тәлім алған шәкірті, ақын-журналист Болат Қожахметов 1998 жылдың 24 маусымында облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жариялаған “Құс – қаламгер” мақаласында Ермек ағамызды көз алдымызға былайша елестетеді: “Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген оның жаратылысы жұмбақтау еді. Басы артық бір сөзін естіген емеспіз. Ілуде бір мұғалімге ғана бітетін сүйкімді дауыс. Ал кескін-келбеті сурет сияқты: көзі де, мұрны да – бір мүшесінде бір мін жоқ! Оның үстіне киімді де келістіріп киетін. Велюр костюмінің немесе нарт қызыл көйлегінің маталары өз алдына, алдымен бояулары қанықты. Міне, осындай киім киісінен, бір тал шашы қозғалмайтын байсалды жүріс-тұрысынан айнымаған адам. Ішкі сезімін сыртқа шығармайтын оның бет-әлпетінен де бірдеңені аңғару қиын-ды”.
Оның арманы асқақ еді.
Сіз шыққан биіктерге ұшсам деймін,
Сізді сол шың басында құшсам деймін.
Ой-санада алаңым көп болса да,
Уақыттан сыбағамды ұтсам деймін, – дейді ақын 1978 жылы қазақ поэзиясының жезкиігі Кәкімбек Салықовқа арнаған өлеңінде. Аға жүрген ізбен інінің жүретінін, аға шыққан шыңдардан інінің көрінгісі келетінін, аға көрген сый-құрметке інінің бөленуге ұмтылатыны осы төрт жолда айқын көрінеді.
Қазақ поэзиясында шоқжұлдыздай жарқыраған өзге ақындар секілді Ермек ағамыз да махаббат тақырыбын айналып өткен жоқ.
Мұнда да көз көп болса да,
Бәрі жардай болсын ба?
Сүйгеніңді бір көрмей,
Көңіл шіркін толсын ба!
Бұл өлең жолдарын оқып отырып ақынның сүйген жарға деген шексіз сүйіспеншілігіне қанық болғандай күй кешеміз. Расында, махаббат айдынында тербетілген, жаныңның, жүрегіңнің серігіне айналған жарға жан жетсін бе?
Қаламгер “Денімді сау қылсыншы” деген өлеңінде:
Дүние-ай, шеңгеліңе қысып бақтың,
Қайтып мен зарламайын, жыламайын?!
Тым құрыса денімді сау қылсаңшы,
Аспанның жоғалтсаң да туған айын, – деп күрсінеді. Иә, “бірінші байлық – денсаулық”. “Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең” екенін ауруға шалдыққан адам ғана түсінер. Ермек Қонарбаев та аурумен он бес жастан бастап арпалысқанын, ауырғаннан бері өмірдің көп қызықтарынан құр қалғанын өлең жолдарымен өрнектейді.
Ермектің тұла бойына талант ұялағанын қатарластары да, жерлес қаламгер аға-әпкелері де жақсы білді, бағалады. Айтыскер ақын Ахметжан Нұртазин:
Талабың зор, талпын Ермек,
Бойдан шабыт кетпесін.
Ой өрісін кеңге сермеп,
Сыз өмірдің кестесін, – деп әр сөзінің салмағы бар, жүректердің сырын ашқан, келешегінен зор үміт күттіретін інісінің талантына разы болып, туған еліне игі істердің барлығын арнау керектігін айтып ағалық лебізін білдіреді. Айтпақшы, Ахметжан мен Ермек ағамыз бір-бірімен туыс. Жаманғұлдың Құттықадам деген баласынан Ахметжан Нұртазин, Тәттіқадамнан Ермек Қонарбаев тараған.
Өле қалсам – арманым,
Қалса екен кітабым.
Десе екен жұрт: “оқиық,
Ермектің бұл кітабын”.
Расымен де, Ермек Ләмәлиұлының арманы орындалды десек те болады. Туған ауылында мектепте мұражайы бар. Облыстық газет беттерінде жазушы Ермек Қонарбаевтың өмір жолы мен шығармашылығын саралаған мақалалар жиі жарияланып, облыстық кітапханаларда еске алу кештері ұйымдастырылып тұрады. 2010 жылы Шал ақын ауданының Көктерек ауылында бір көшеге жазушының аты берілді. Ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Қобылан Хамзин 2000 жылы көзі тірісінде Петропавл қаласында шығарған “Асыл тастар” деп аталатын кітабына қоғам қайраткері Мәркен Ахметбеков, айтыскер ақын Ахметжан Нұртазиндермен бірге жазушы Ермек Қонарбаев туралы естеліктерді де, оның мақалалары мен өлеңдерін енгізді.
Енді Ермек атамыздың өлеңдеріне назар аударуымның себебін айтайын. Қонарбаевты стиліне қарап, әдебиет майталмандары “Теріскейдің Бейімбет Майлині” деп бағалайды. 1938 жылы Б.Майлин 10 қарашада дүниеден өткенде Е.Қонарбаев 8 желтоқсанда дүниеге келді. Бейімбет жазушы қырық төрт жасында, Ермек атамыз 46-да көз жұмды. Екеуі де аз жазса да, саз жазды. Бейімбеттің өлеңдерін оқығаннан болар, Ермектің де жазған өлеңдерінен сыр ұғуға асықтым. Өйткені Ермекті екінші Бейімбет дегендердің ойларын толықтыра түскеніміз тарих алдындағы парызымыздың орындалғаны.
Ермек Қонарбаев Мәйкен деген аруға үйленіп, өмірге Жанар, Жансерік, Нұрлыгүл есімді перзенттер әкелді. Талай оқушыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі атанды. Тарихқа бойлаған кейінгі толқын Ермек Қонарбаевтың артына қалдырған азды-көпті мұрасын өз игілігіне жарататынына сенемін.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.